«Мигранттар үшін банк құрылатын болды» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қазанның 30-ы. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 30-ы,  жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

Кеше ел ордасы Астанада Қазақстан Республикасының «электронды үкіметін» дамытудың 2008-2011 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде «Электронды үкімет бастамалары» атты екі күндік 4-ші халықаралық конференция жұмысын  бастаған болатын. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Электрондық  үкіметтің» қазақстандық үлгісі» атты мақала жарық көрді.  Жарияланымда «Қазақстандық «электронды үкіметтің» басты міндеті АКТ-ны барынша тиімді пайдалана отырып, азаматтарға сапалы қызмет көрсету арқылы мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіре түсу болып табылады. Бүгінгі таңда «электронды үкіметтің» АТ бойынша базалық инфрақұрылымы қалыптасты. «Нақты тұлғалар», «Заңды тұлғалар», «Мекен-жайлық тіркеу», «Жылжымайтын мүлікті тіркеу» салалары бойынша эталондық деректер базасы жұмыс істейді. Электронды қызмет түрін пайдаланудың бірегей орталығы -  «электронды үкімет» веб-порталы ашылды», делінген.

Осы тақырыпқа орай, «Айқын», «Литер», «Казахстанская правда», «Известия», «Известия-Казахстан»,  басылымдары да егжей-тегжейлі жазылған мақалалар жариялаған.

«Егемен Қазақстан» газетінің дәстүрлі «Үкімет» апталығында «Индустрияландыру бесжылдығының бірінші белесі», «Агроөнеркәсіп: азық-түлік қауіпсіздігі», «Сулы жер - Нулы жер», «Адамзаттың айнасы - ауыл» деген тақырыптармен бірнеше мақала жарық көрді. Сондай-ақ осы айдарда «Қазақмыс» корпорациясының бас директоры Талғат Ахановпен арадағы сұхбат жарияланған.

«Тілді үйретушілердің білігі сарапқа салынды». Осы тақырыппен «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақалада кеше елордадағы «Гранд Парк Есіл» қонақүйінде Ш.Шаях­метов атындағы тілдерді дамыту мен үйлестірудің республикалық орталығы ұйымдас­тырған «Тіл үйрету орталықтары қызметкер­лерінің біліктілігін жетілдіру» атты ғылыми-практикалық семинар жайында жазылған. Жарияланымда «Елбасы мемлекеттік тілді үйрету орталықтарының желілерін кеңейтіп, оларды әрбір қалада және аудан орталығында, жоғары оқу орындары мен өзге де мекемелерде құру керектігін, әрі оларға көмектесіп, ынталан­дырып отыру қажеттігін, сондай-ақ, оқытудың инновациялық формаларын батыл және кеңірек енгізу қажеттігін айтты. Сон­дықтан, тіл үйрету орта­лықтары бұдан әрі тың серпінмен жұмыс істей берулері керек. Бұл орайда тіл үйретушінің біліктілігін арттыру, тіл үйретуде ең озық тәсілдерді меңгеруі аса маңыз­ды», деген Тіл комитетінің төрағасы Ербол Шаймерденовтің сөзі келтірілген.

***

Сәрсенбі күні кешкісін белгісіз біреулер «Интерфакс-Қазақстан» ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып,  электронды пошта арқылы «қазақ-қытай шекарасында қарулы қақтығыс болды» деген арандатушылық мағынада ақпарат таратқан. Бұл жайында егжей-тегжейлі «Айқын» газетінің жұма күнгі санында «Арандатушылар анықталып, жазаланатын болады» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, осы жайтқа орай түсініктеме берген ҚР ҰҚК төрағасының баспасөз хатшысы К.Бекназаров «Электрондық пошта арқылы белгісіз біреулердің таратқан ақпараты шындыққа жанаспайды және оның авторлары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жазасын тартуы тиіс. Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің атынан арандатушылық пиғылмен жалған ақпарат тарату фактісін назардан тыс қалдырмайды», деп мәлімдеген.

«Айқын» басылымның «Ақ сөйле!» атты тұрақты айдарының қонағы - ҚР ІІМ Жол полициясы комитетінің төрағасы, полиция полковнигі Қайрат Тыныбеков. Басылымның жол қауіпсіздігі, жүргізушілер дайындайтын оқу орындарына қойылатын талап, жол полициясы қызметкерлері арасындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес, аталған салада алдағы уақытта атқарылатын реформалар төңірегінде қойған сауалдарына комитет төрағасы тұшымды жауап берген. Әңгіме барысында Қ.Тыныбеков «Республика жолдарында соңғы он жыл ішінде 30 мыңнан астам адам қаза болыпты. Ол дегеніңіз, шағын бір қаланың тұрғындары емес пе?! Ал жарақат алғандардың өзі  164 мың адамнан асады екен. Бұл «төбе шашты тік тұрғызар  дерек емес» деп айта аласыз ба?» дей келе елімізде орын алған жол-көлік оқиғасының нақты деректерін келтірген. Екеуара әңгіменің толық нұсқасын басылымның жұма  күнгі санынан «Қазір халықтың жол полициясына деген сенімі арта түсті» деген тақырыпта оқи аласыздар.

«Көтере алмайтын шоқпарды белге байлама!» Осы тақырыппен «Айқын» басылымның бүгінгі санында мақала жарық көрді. Онда еліміздің диқаншыларының маңдай терімен өсірген астығын өткізе алмай, қар аралас жаңбырдың астында қалдырып,  шірітіп алатынын жер-жерде мәлімдеп жатқандығын жазған. «Таяуда астық мәселесіне қатысты бірнеше дүркін бас қосқан Үкімет мүшелері азық-түлік корпорациясы арқылы мемлекетке сатып алатын астық мөлшерін молайтты. Құдайға шүкір. Сонан соң шетелдерге «14 миллион тонна астық экспорттауға болады» деген тоқтамға келді.  Бұған да шүкір. Десеке те, «өзімізден артылған астықтың бір түйірін қалдырмай экспорттағанның өзінде Қазақстанға ол қаншалықты пайдалы?» деген сұрақ көкейден кетпейді», деп жазады басылым.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санынан «Мигранттар үшін банк құрылатын болды» деген мақаламен таныса аласыздар. Жарияланымға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен Мәжілісте өткен семинардағы мәселе талқысы өзек болады. Онда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы жеткізген бірқатар жаңалықтың бірі - Мигранттар үшін банк құрылатындығы. Бұл мәселемен егжей-тегжейлі танысқысыңыз келсе, аталған басылымды оқыңыз.

Осы басылымда «Шекара асқан жәдігерлерімізді қайтаратын күн болар ма екен?» атты тақырыппен жарық көрген келесі мақалада Қызылорда облысындағы тілші Байқоңыр маңындағы Жетіасар ескерткіштерінің кеңестік кезеңде Мәскеуге тасылғанын, әлі олардың елімізге оралмай жатқан жайын қаузайды. Сөйтіп биліктен Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімшарттарда көшпенділер мәдениетінің төл туындыларын кері қайтару мәселесін қарастыруын сұрайды.

«Алаш айнасы» газетінде жарияланған «Аралас мектептердің дауына кім араласады?» деген мақалада бүгіндері аралас мектептер санының тым көбейіп бара жатқандығы туралы дабыл қаққан. Онда мақала авторы  өзге ел тілінің үстемдік етіп жатқанын, оның мемлекеттік тілдің дамуына кедергі келтіріп отырғанын айта келіп, осы ретте ғалымдар мен саясаткерлердің Үкіметтік деңгейде көтерген мәселесіне тоқталып, олардың пікірін өзінше өрбітеді. Еліміздегі нақты аралас мектептер санын білгіңіз келсе,  осы мақаламен танысыңыз.

 «XV ғасырда алғашқы қазақ хандығының іргетасын қалаған Әз-Жәнібек пен Керей хандардың ескерткіші елордамыздың шетіндегі қоқыста жатқанына 1,5 жыл болды. Ол жуырда ғана ашылған «Қазақ елі» монументінің бір бөлшегі болатын. Екі ханның және алты батырдың қоладан құйылған мүсіндерінің кейбір жерлері кетіліп, сына бастаған. Кейбір бөліктері қолды болған. «Тақта отырған» Әз-Жәнібек пен Керей ханның тасасында екі жағынан қос жолбарыс ұстап тұрған Әнұранымыз бен Ата Заңымыз жазылған композиция-тақта да тозыпты», деп жазады «Жас қазақ» газеті. Осы жайтқа орай басылым ескерткіштің авторы, суретші Сембіғали Смағұловпен тілдесіп, сенатор Светлана Жалмағамбетова мен Мәжіліс депутаты Берік Бекжановтың пікірін біліпті. Жазылған жайтты толығымен басылымда жарық көрген «Хандарын жылатқан халықпыз...» атты мақаладан оқи аласыздар.

Осы басылымның жазуынша, Альянс банктің бұрынғы акционерлері Марғұлан және Ерлан Сейсембаевтарға халықаралық іздеу жарияланған. Ағайындылар банктің құлпын бұзбастан он алты миллиард  тоғыз жүз миллион теңгені «үптеп» кетіпті. Еліміздің Бас прокуратурасы Альянс банк арқылы үлестірілген көптеген күдікті несиелер тізімін анықтапты. Атап айтқанда, Сейсембаевтар өздеріне тиесілі жер телімдерін кепілдікке қойып, ірі мөлшерде несие алған. Сол қарыздарын банкке қайтармастан, құжаттарды кері алып, жер телімдерін сатып жіберген көрінеді. «Марғұланның эндшпилі» деген тақырыппен жарық көрген мақаладан бірқатар деректерге қанық боласыздар.

«Қарыз күліп келіп, жылап қайтады». Осы тақырыппен «Жас қазақ» газетінде шағын мақала жарық көрді. Онда «Отандық банкирлер қарызын қайтара алмаған жұртты тағы бір дүрліктірді. Банктің бұл жолғы ұсынысы бойынша, борышкерлер баспанасын банк есебіне өткізуі тиіс. Сосын өз үйін өзі жалдап тұрғаны үшін банкке ай сайын ақша төлейді. «Жау жағадан алғанда, бөрі - етектен» демекші, онсыз да қарызын қайтара алмай қалтырап жүрген қара халық бұған наразы», делінген.

«Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Игор Сечинмен кездесті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті.

Тараптар темір жол арқылы жүк тасымалдау, мұнай мен газ тасымалдау саласындағы бірқатар үкіметаралық келісімдер бойынша жүргізілген жұмыстардың, сонымен қатар Екібастұз ГРЭС-2 энергоблогы жобасының үшінші бөлігінің құрылысының жұмысына оң баға беріп отырғандығын атап өткен.

 Бұл жайт ел газеті «Егемен Қазақстан» басылымының да назарынан тыс қалмаған.

Сондай-ақ осы басылымда кеше елордада ТМД мен Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы  мемлекеттердің жастар ұйымдары мен саяси партияларының жастар қанаты көшбасшыларының  қатысуымен өткен жиын жайында да жазылған. Осы тақырыпқа орай «Известия-Казахстан», «Литер», «Егемен Қазақстан», «Айқын» басымдарында да мақалалар бар.

«Око» қоғамдық-саяси газетінің жазуынша, «Лесная поляна» тұрғын үй кешені төңірегіндегі жағдай көптеген проблемалы нысандардағы сияқты әткеншекке ұқсайды. Шенеуніктер өздерін кінәламау үшін жауапкершілікті бір-біріне сілтеуде. Сонымен қатар олардың әрқайсысы үлескерлердің проблемалары шешілді немесе таяу арада шешіледі деп мәлім етеді.

Соңғы жаңалықтар