Михаил Кукушкин әлемдік рейтингіде бірден 16 сатыға жоғарылады

АСТАНА. KAZINFORM — Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) әлем үздіктерінің рейтингісін жариялады.

кукушкин
Фото: спортшының Instagram парақшасынан

Дүниежүзілік рейтингіні бұрынғыша сербиялық Новак Джокович бастаса, одан кейін испаниялық Карлос Алькарас пен ресейлік Даниил Медведев тұр.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 23-орнында қалса, Александр Шевченко 56-дан 57-ге, Денис Евсеев 177-ден 178-ге сырғыды. Бейбіт Жұқаев 191-ден 189-ға ауысты.

Өткен аптада Ноттингем челленджер турнирінің жартылай финалына дейін жеткен Михаил Кукушкин бірден 16 саты жоғарылап, 247-ден 231-ге көтерілді. 

Жұптық сында алғашқы үштікте өзгеріс жоқ: үндістандық Рохан Бопанна, аустралиялық Мэттью Эбден және америкалық Остин Крайчек өзгелерге дес берер емес.

Қазақстандықтардан Александр Недовесов 48-ден 49-ға, Андрей Голубев 63-тен 69-ға төмендеді. 

Осы аптада Қазақстанның көшбасшы теннисшілері Александр Бублик пен Александр Шевченко Роттердам (Нидерланд) ATP 500 жарысында бақ сынайды.

А.Бублик алғашқы айналымда рейтингіде 31-орындағы хорватиялық Борна Чоричпен тағы да жүздеседі.

Бұдан бұрын қазақстандық теннисші Б.Чоричті Монпелье додасының финалында ұтқан еді.

А.Шевченконың қарсыласы да осал емес, әлемнің 47-ракеткасы, қытайлық Чжан Чжичжэнь.

Егер А.Бублик пен А.Шевченко Роттердамда табысты өнер көрсетсе, рейтингіде көрсеткіштерін жақсартады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингіде төртінші орынға көтерілгенін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар