Михаил Кукушкин Франциядағы турнирде қатарынан үш матчта жеңіске жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 317-ракеткасы Михаил Кукушкин Лион (Франция) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.

Михаил Кукушкин
Фото: ФТК

Жарыстың іріктеу сайысында екі қарсыласын жеңген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 124-ракеткасы, ұлыбританиялық Билли Харриске тап келді. 

Осыған дейін екі теннисші өзара төрт рет кездессе, соның үшеуінде ұлыбританиялық спортшы басым түскен еді. 

Бұл жолы М.Кукушкин Харристі 7:6 (7:2), 7:5 есебімен тізе бүктірді.

Бір сағат 40 минутқа созылған бәсекеде Кукушкин 11 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. 

Михаил Кукушкин ширек финалға шығу үшін әлемнің 168-ракеткасы, франциялық Люка ван Ашпен таласады.

Іріктеу сайысынан өткен тағы бір қазақстандық, рейтингіде 282-орындағы Бейбіт Жұқаев бірінші айналымда әлемнің 100-ракеткасы, германиялық Ян-Леннард Штруфпен аса тартысты матч өткізді.

Бірінші партияда тай-брейкте Бейбіт басымдылық танытты – 7:6 (7:5). Алайда бұдан кейін сол қарқынын жалғастыра алмады – 6:7 (1:7), 4:6.

Екі сағат 15 минутқа созылған бәсекеде Бейбіт 24 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Штруфф 18 эйс, 4 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық екі теннисшінің Францияда негізгі жарысқа жолдама алғанын жазған едік

Соңғы жаңалықтар