Михаил Кукушкин Қытайдағы турнирде жергілікті теннисшіні жеңді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 281-ракеткасы Михаил Кукушкин Уси (Қытай) ATP Challenger 100 турнирінің 1/8 айналымына шықты.
Қазақстандық спортшы бастапқы кездесуін рейтингіде 798-орындағы қытайлық, 20 жастағы Тяньхуэй Чжанмен өткізді.
Бірінші партияда 38 жастағы Кукушкин тай-брейкте табандылық танытты – 7:6 (7:4). Екінші сет сәл оңайлау тиді – 6:3.
Бір сағат 35 минутқа созылған бәсекеде М.Кукушкин 1 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың төртеуінде мүлт кеткен жоқ. Чжан 1 эйс, 2 брейкпен шектелді.
Михаил Кукушкиннің келесі айналымдағы қарсыласы кейін белгілі болады.
Бүгін жаңартылған ATP рейтингісінде М.Кукушкин 282-ден 281-ге ауысты.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 11-орында қалса, Александр Шевченко 82-ден 85-ке төмендеді.
Тимофей Скатов 198-ден 188-ге, Бейбіт Жұқаев 300-ден 297-ге жоғарылады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның WTA чемпиондық кестесінде көш бастап келе жатқанын жазған едік.