Михаил Кукушкин Ролан Гаррос турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады

ПАРИЖ. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 135-ракеткасы Михаил Кукушкин Ролан Гаррос турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.

кукушкин
Фото: instagram.com/kukushkin_mikhail

Франция ашық чемпионатында көптен бері өнер көрсетіп келе жатқан 36 жастағы қазақстандық теннисшінің іріктеу сайыстарының ширек финалында әлемнің 151-ракеткасы, швейцариялық Леандро Ридимен жолы түйісті. 

Тәжірибесі мол М.Кукушкин сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта көп қинала қойған жоқ — 6:4, 6:3. Ол 1 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды.

Риди 5 эйс, 1 брейкпен көзге түсті. 

Михаил Кукушкин іріктеу турнирінің финалына шығу үшін әлемнің 215-ракеткасы, Аустралия өкілі Ли Тумен таласады.

Ол дүниежүзілік рейтингіде өзінен он саты жоғары тұрған ұлыбританиялық Оливер Кроуфордты тартысты матчта тізе бүктірді — 6:7 (4:7), 6:4, 6:2. 

Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 229-орындағы Дмитрий Попко әлемнің 200-ракеткасы, франциялық Валентин Ройеге жол берді — 6:7 (2:7), 5:7.

Тартысты өткен ойын 1 сағат 55 минутқа созылып, Попко 4 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.

Ройе 4 эйске қоса бір брейкті артық жасап кетті. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен әлем чемпионатында Қазақстан жасөспірімдерінің іріктеу жарысының ширек финалында ойнайтынын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Александр Шевченко Женева турнирінің ширек финалына шықты.

Соңғы жаңалықтар