Михаил Шайдоров: Денис Тен еліміздің мәнерлеп сырғанау спортына үлкен үлес қосты

МИЛАН. KAZINFORM — Мәнерлеп сырғанаудан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров жеңіс жолының оңай болмағанын айтты.

Михаил Шайдоров: Денис Тен еліміздің мәнерлеп сырғанау спортына үлкен үлес қосты
Фото: Сәли Сабыров

Спортшы осы маусым аса ауыр болғанын, Олимпиада ойындары үшін ұзақ дайындалғанын жасырмады.

— Маусым бойы өз-өзіммен күрестім. Жарыстарда бес бірдей төрттік секіруді шамамен үш рет орындап көруге тырыстым, бірақ бірде-бір рет сәтті шықпады. Ал бүгін бәрі сәтті орындалды. Сәті түсіп, қолымнан келді. Олимпиадаға ұзақ дайындалдым. Маусым бойы бар ойым — өз ісімді адал атқару болды. Енді еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Бұл медальді Қазақстан халқына арнаймын, — деді ол.

Сонымен қатар М.Шайдоров Денис Теннің елімізде мәнерлеп сырғанау спортының дамуына қосқан үлесін атап өтті.

— Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың дамығанын қалаймын. Менің медалім Денис Тен үшін де маңызды болар еді деп ойлаймын. Ол бізге жол ашты. Оның да жолы оңай болған жоқ, менікі де жеңіл болмады. Еліміздегі мәнерлеп сырғанау спортының дамуына қосқан үлесі үшін Дениске алғыс айтамын, — деді Олимпиада чемпионы.

Денис Тен
Фото: Астана әкімдігі

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Михаил Шайдоров араға 32 жыл салып, ел қоржынына қысқы Олимпиада ойындарының кезекті алтын жүлдесін сыйлады.

Соңғы жаңалықтар