Мықты институттар елдің болашағы үшін маңызды — халықаралық сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық байқаушы, М. Бойм атындағы Азия және жаһандық зерттеулер институты кеңесінің мүшесі, Орталық Азия бойынша сарапшы Ежи Оледзкий Қазақстандағы Құрылтай депутаттарының сайлауын ұйымдастыру деңгейі мен оның ашықтығын атап өтті.
Оның айтуынша, ол Қазақстандағы екі сайлау учаскесіне барып, ондағы сайлау барысына оң баға берген.
— Процесс ашық әрі жақсы ұйымдастырылған. Біз сайлау рәсімдерін еркін бақылауға мүмкіндік алдық. Сайлау комиссияларының мүшелері де өз міндеттерін тиімді атқарып, дауыс беру процесіне орынсыз араласқан жоқ, — деді Ежи Оледзкий.
Ол ашықтық сайлау процесіне деген сенімнің маңызды шарты екенін атап өтті.
— Ашықтық сенімді қамтамасыз етеді, ал сенім демократиялық процестің маңызды бөліктерінің бірі. Әрине, халықаралық байқаушылар ретінде біз өте мұқият болуымыз керек. Екі сайлау учаскесі елдегі жалпы жағдайды көрсете алмайды. Сондықтан біздің қорытынды бағамыз кеңірек бақылауға негізделуі тиіс, — деді сарапшы.
Сонымен қатар халықаралық байқаушы сайлау барысын бақылау кезінде алған әсерінің оң болғанын айтты.
— Өзім көрген жағдайға келсем, әсерім өте жақсы. Біздің міндетіміз – сайлау барысын бақылау, көргеніміз бен естігенімізді тәуелсіз бағалап, нақты фактілерге сүйене отырып есеп беру, — деді халықаралық байқаушы.
Ежи Оледзкий Қазақстанның өңірдегі стратегиялық маңызына да тоқталды.
— Қазақстан — Батыс пен Шығысты, түрлі мәдениеттер мен экономикалық өңірлерді байланыстыратын аймақтағы маңызды мемлекет. Мықты институттар мемлекеттің болашақтағы дамуы үшін маңызды рөл атқарады, — деді ол.
Сарапшының пікірінше, сайлау осы процестің маңызды бөлігі саналады.
— Бұл азаматтардың қатысуы, ашықтық туралы сөз. Ең бастысы — сайлау адамдардың сенімін қамтамасыз етеді, — деп атап өтті Ежи Оледзкий.
Сондай-ақ ол Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясына ашықтығы мен халықаралық байқаушылармен ынтымақтастығы үшін алғыс білдірді.
— Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне ашықтығы мен ынтымақтастығы үшін, сондай-ақ Қазақстанға халықаралық байқаушыларды қабылдап, осы процесті бақылауға мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіргім келеді, — деп қорытындылады сарапшы.
Бұған дейін Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының саяси реформаларын іске асыруға атсалысуды жалғастыратынын айтқан еді.