Милан ауаның ластануы бойынша әлемдік рейтингіде 3-орында: Италия билігі бұл тізімге қарсы

АСТАНА, KAZINFORM – Италияның экономикалық астанасында дамыған өнеркәсіп, кептеліс және халық тығыздығының жоғары болуы ауа сапасын нашарлатып отыр. Билік ауаның лас екенін мойындайды, бірақ IQAir жеке ұйымының деректері «шындыққа сәйкес келмейді» деп санайды.Италиядағы Ломбардияда ауаның ластануы билікті жаңа қатаң ережелер енгізуге мәжбүр етті, деп хабарлайды Euronews агенттігі. 

ауа сапасы
Фото: euronews.com

Сонымен қатар, күндізгі уақытта үй-жайларды жылытуға (тұрғын үйлер мен кәсіпорындарда ауа температурасын 19°С-тан жоғары температураны ұстауға, сондай-ақ ағаш пештерін пайдалануға тыйым салынады) және көлікті, атап айтқанда жүк көліктерін пайдалануға шектеу қойылды. Сейсенбіде аймақтың 12 провинциясының тоғызында, соның ішінде Милан, Комо, Бергамо және Брешияда түтін салдарырнан төтенше жағдай жарияланды.

Аймақта ауаның ластануына байланысты жағдай өте қиын деңгейге жетті. Милан ауаның ластануы бойынша әлемде алғашқы үштікке кіреді деген жалған мәлімдемелер дау тудырып, жергілікті биліктің ашуын келтірді. 

Билік «жанжал» тудырған рейтингті сынға алды

Осы аптаның басында қазіргі сәттегі ауаның ластануын бақылайтын швейцариялық IQAir компаниясы жексенбіде Миландағы түтін жағдайын «денсаулыққа қауіп төндіреді» деп сипаттаған еді. Аймақтағы түтін мәселесі осыдан кейін биліктің назарын аударды. Компания қаладағы қатты бөлшектердің ластану деңгейі (PM2.5) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған шекті мәннен 24 есе көп екенін мәлімдеді. 

Милан ауа ластануының көрсеткіші бойынша Бангладештегі Дакка мен Пәкістандағы Лахордан кейін үшінші орында тұр. Бұл екі азиялық ел де ауаның ластануынан болатын өлім көрсеткіші бойынша да көшбасшы елдер тізімінде. Сейсенбіде Милан, тіпті, аз уақыт ішінде екінші орынға көтерілді, бірақ кейін 10-шы орынға түсті. 

Бұл ретте швейцариялық сайт кем дегенде 300 000 адам тұратын 111 қаланы ғана есепке алды.

Ломбардия шенеуніктері өлшемдер сағат сайын өзгеріп отыратынын айтып, рейтинг көрсеткішімен келіспейтінін жеткізді. ARPA агенттігі сол сайттағы ұзақ мерзімді орташа көрсеткіштер бойынша Ломбардия астанасы 531-ші орында екенін айтты.

Милан мэрі Джузеппе Сала IQAir-дің дау тудырған қорытындыларын «жеке ұйымның ойдан шығарған тізімі» деп атады. Ол бұқаралық ақпарат құралдарын жаңалықтарды әлеуметтік желілердегі жазбаларға сүйене отырып жариялады деп айыптады. ARPA зерттеулері ауа сапасының жағдайы «құзыретті органдардың жұмысының арқасында жақсарып келе жатқанын» көрсеткенін мәлімдеді. 

Ал ARPA соңғы апталарда қаладағы ауаның ластану көрсеткіші шекті нормадан асып кеткенін мойындап отыр. Жыл басынан бері Миланда бір айға жуық уақыт ішінде ұсақ бөлшектердің деңгейі рұқсат етілген мөлшерден асып кеткені байқалды. Ал ең бұлтты күндерде ол 30 есеге жетті.

Бұл ластанумен күресу үшін төтенше шаралар, мысалы, қатты зардап шеккен аудандарда күндіз көлік қозғалысын шектеуге түрткі болды.

Соңғы жаңалықтар