Милич Чурчич «Қызылжар» футбол командасының тізгінін ұстады

АСТАНА. KAZINFORM – «Қызылжар» командасына жаңа бас бапкер тағайындалды. Бұл туралы Kazinform Sports.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Милич Чурчич
Фото: top-news.kz

Бұл қызметті 44 жастағы сербиялық маман Милич Чурчич атқаратын болды.

Ол бұған дейін қостанайлық «Тобыл» клубын жаттықтырған. Чурчичтің жетекшілігімен «Тобыл» 2023 жылы Қазақстан кубогын, 2024 жылы Қазақстан Суперкубогын жеңіп алды. 

«Қызылжардағы» бапкерлік штабқа екі көмекшісі қосылды. Олар – Сербияның жастар және ұлттық құрамаларындағы жұмысымен танымал Иван Евич пен дене шынықтыру бойынша тәжірибелі жаттықтырушы Евгений Кресик. 

ҚПЛ-дың жаңа маусымында петропавлдық команда 4 матчтан кейін екі ұпай еншілеп, 11-орынға тұрақтады. Дегенмен Қазақстан кубогының 1/8 финалында «Қызылжар» командасы «Қайсарды» 1:0 есебімен жеңіп, алғашқы кездесуінде жеңіске жетті. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Александр Бразевич «Қызылжардың» бас бапкері қызметінен кеткен болатын. 

Соңғы жаңалықтар