Мыңдаған ақмолалық «Таза Қазақстан» экологиялық марафонына қатысты
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Бүгін – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні және Эколог күніне орай Ақмола облысында республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды экологиялық іс-шаралар өтіп жатыр.
Экологиялық марафонның басты алаңдары Көкшетау қаласы мен Есіл ауданы болды. Мұнда белсенділер, еріктілер, мемлекеттік қызметшілер және тұрғындар қоршаған ортаны таза әрі жайлы ету мақсатында бір мақсатқа жұмылды.
Көкшетау қаласында акцияның негізгі алаңдарының бірі «Бәйтерек» саябағы болды. Мұнда тазалық жұмыстарына 100-ге жуық ерікті мен студент қатысты.
Қатысушылар саябақ аумағын санитарлық тазалаудан өткізіп, 1 тонна қоқыс жинап шығарды. Сонымен қатар 24 гектар аумақта шөп шабу жұмыстары жүргізілді.
– Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында көптеген іс-шара ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде аулалар тазартылып, көшелер абаттандырылды, жүздеген ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, - деді Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев.
Сенбілікке қатысушылардың көпшілігі үшін туған қаланың тазалығына қамқорлық жасау күнделікті өмір салтына айналған. «Мейірім» еріктілер ұйымының өкілі Әсем Нәбиева студенттердің акцияға белсенді түрде қолдау көрсеткенін атап өтті.
– Бүгін біз бұл акцияға Көкшетау қалалық Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп қатысып отырмыз. Ұйымымыздан шамамен 12 студент келіп, аумақты тазалау жұмыстарына үлкен ынтамен кірісті. Біздің басты мақсатымыз – сүйікті қаламыздың таза әрі көрікті болуына өз үлесімізді қосу, - деді Әсем Нәбиева.
Эколог күні Есіл ауданында да жоғары деңгейде аталып өтті. Мерекелік іс-шаралар Есіл қаласының орталық алаңында өткен экологиялық флешмобпен басталып, оған оқушылар, студенттер мен еріктілер қатысты. Кейін «Мөлдір бұлақ» акциясы ұйымдастырылып, 120-дан астам адам жағалау аумақтарын тазалау жұмыстарына жұмылдырылды. Қатысушылар Сүрген стансасы маңындағы Есіл өзенінің жағалауынан тұрмыстық қалдықтарды жинап, аумақты ретке келтірді.
«Таза Қазақстан» акциясы облыстың өзге аудандарында да кең қолдау тапты. Аршалы ауданында сенбілікке 1 200-ден астам адам қатысып, саябақтар мен су айдындарының жағалауларын қоқыстан тазартты.
Біржан сал және Жарқайың аудандарында тұрғындар Державинск қаласындағы Есіл өзенінің жайылмасын тазалап, ипподром аумағын ретке келтіріп, жас көшеттерді күтіп-баптау жұмыстарын жүргізді.
Ал Шортанды және Қорғалжын аудандарында акцияға қатысушылар ауылдық округтердің көшелерін тазалап, жаңа ағаш көшеттерін отырғызды. Осылайша, өңірдің түкпір-түкпірінде өткен экологиялық іс-шаралар тұрғындарды ортақ мақсатқа біріктіріп, елді мекендерді көркейтуге және қоршаған ортаны сақтауға қосылған маңызды үлеске айналды.