Минимализм трендте: Мамандар саналы тұтынудың маңызын түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінгі таңда әлемде, әсіресе, Жапония мен Оңтүстік Корея жастары арасында үлкен табыс пен жоғары мәртебе қуудан гөрі, психикалық саулық пен уақыт еркіндігін алдыңғы орынға қоятын small life және slow living философиясы кең тарап келеді.
Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында сарапшылар мен қарапайым азаматтар минимализмнің қаржылық, психологиялық және тұрмыстық пайдасы туралы ой бөлісті.
Жалпы бұл тренд Қазақстан қоғамына жат емес. Қазіргі қазақстандықтар да ысырапшылық пен қажетсіз тұтынудан бас тартып, минимализмді күнделікті әдетке айналдыра бастады. Deloitte зерттеуіне сәйкес, миллениалдар мен зумерлер үшін «көп ақша табу» емес, «сапалы өмір сүру» және жұмыс пен өмір балансы маңыздырақ болып отыр.
Қаржылық сауаттылық: Тойдан бас тарту және жоспарлы шоппинг
Минимализм – бұл барлық нәрседен шектелу емес, ең алдымен, саналы тұтыну мәдениеті. Астана тұрғыны Жәния Лақбаева бұл өмір салтын студенттік жылдарынан бастап қалыптастырған.
Оның айтуынша, үйді қажетсіз кәдесыйлармен, жасанды гүлдермен толтыру кеңістікті тарылтып, визуалды шу тудырады.
– Маған шоппингке шығу керек болса, қажет заттарымның тізімін алдын ала жасаймын. Бұл артық шығыннан сақтайды, тіпті екі ұлымды сүндетке отырғызғанда да ата-анам той күткенімен, біз жолдасым екеуіміз түбегейлі қарсы болдық. Көпбалалы отбасымыз, 5 баламыз бар. Үш-төрт сағаттық дастарқан үшін қарызға батып, несие алып той жасағанша, сол қаражатты үйімізді кеңейтуге, баспана мәселесін шешуге жұмсауды жөн көрдік. Минимализм мені ең алдымен қаржылық сауаттылыққа үйретті, – дейді Жәния Лақбаева.
Қаржыны үнемдеп, мақсатты жұмсаудың нәтижесінде Жәния отбасымен бірге саяхаттауға мүмкіндік алған. Саяхат демекші, қазіргі таңда аз қаражатпен әлемді шарлау да минимализмнің бір бағыты ретінде танылып отыр.
Аз қаражатпен саяхаттау: 30 келі багаждың қажеті бар ма?
Көпшіліктің санасында «саяхаттау – тек бай адамдардың ермегі» деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Алайда танымал блогер Мөлдір Болатхан минималды қаражатпен де ел көруге болатынын оқырманына жеткізіп жүр. Оның айтуынша, әуе компанияларының жеңілдіктерін бақылау және дайын маршрут құру арқылы билетті әлдеқайда арзанға алуға болады.
– Менің алтын ережем – артық зат алмау. Көптеген саяхатшылар өздерімен бірге 30 келі багаж сүйреп жүреді, бірақ оның ішіндегі киімдердің жартысынан көбі киілмей қалады. Жеке тәжірибемде мен тек қол жүгімен ғана ұшамын. Әр локацияға бір киімнен алсаңыз жеткілікті. Саяхаттау адамды үлкен күйзелістен шығарып, алға жылжуға мотивация береді, сондықтан ақшаны затқа емес, естелікке жұмсаған жөн, – деп кеңес береді Мөлдір Болатхан.
Затқа тәуелділікті азайту тек жол жүргенде емес, күнделікті үйдегі береке мен тыныштықтың да кепілі деп санауға болады. Себебі сарапшылардың айтуынша, үйдегі жиһаздар мен бұйымдардың ретсіздігі адам миын шаршатады.
Кеңістіктегі заттардың миға әсері
Қазақстанға жаңадан еніп жатқан, бірақ сұранысқа ие мамандықтың бірі – кеңістікті ұйымдастырушылар. Кеңістікті ұйымдастыру маманы Мадина Аманқұлова бұл кәсіпті клинингпен шатастырмау керектігін ескертеді. Клининг үйді тазаласа, ұйымдастырушылар әр заттың өз орнын табуына көмектеседі.
– Біз, қазақтар, той-томалақты, салт-дәстүрді жақсы көреміз. Бірақ тойдан келген орамалдарды, кәдесыйларды, қоржындарды керек болып қалар деп жинай береміз. Немесе бір күні арықтаймын, сонда киемін деп жылдар бойы сақталатын киімдер көп. Мұның бәрі үйде визуалды шу тудырып, жұмыстан келген адамның миын шаршатады, эмоционалды тыныштығын алады. Үйді артық заттардан тазартып, экологиялық таза дүниелер мен органайзерлерді қолдану – минималистік өмір сүруге көмектеседі, – дейді Мадина Аманқұлова.
Мамандардың айтуынша, қажетсіз заттарды тастауға қимай, үйге жинай беру психологиялық мәселе болуы мүмкін. Психологияда мұны «Плюшкин синдромы» деп атайды.
Плюшкин синдромы мен шопоголизмнің астарында не жатыр?
Ғалымдар минимализмнің адамның эмоционалдық күйін тұрақтандыратынын дәлелдеген. Мәселен 2024 жылдан бастап TikTok желісінде жаңа зат сатып алмай, ескіні қайта қолдануды насихаттайтын #underconsumptioncore тренді хитке айналды.
Психолог Индира Әшімханның айтуынша, заттарды шектен тыс жинау немесе үнемі шоппинг жасау – ішкі үрей мен өзіне деген сенімсіздіктің белгісі.
– Плюшкин синдромы бар адамдар ертеңгі күнге сенбейді, «ертең бұл затты таппай қалсам қайтемін» деген үреймен өмір сүреді. Ал өз-өзіне сенімді адам керек емес затты дәл қазір лақтыра сала алады. Біздің ата-бабаларымыз заттарға тым көп мағына мен эмоция беріп, «біреудің көзі» деп сақтап қоятын. Сондай-ақ бала кезден махаббатты «жақсы бағамен» алып үйренгендер үлкен өмірде өз мәртебесін дәлелдеу үшін қымбат көлік, қымбат телефон алуға тырысады. Шопоголизм болса – іштегі бостықты оңай дофаминмен толтырғысы келуден туындайды, – деп түсіндіреді психолог.
Сарапшылар әлеуметтік желілердің «осыны сатып ал» деген агрессивті стимулына ермей, виртуалды әлемді тек пайдалы құрал ретінде көруге шақырады.
Айта кетейік, бұған дейін, шопоголизмнің, артық шығынның салдары жайлы жазған едік.