Министр ауыл шаруашылығындағы бұрмаланған деректерді жариялады

статистика
Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Біраз жылдар бойы мал шаруашылығында да, өсімдік шаруашылығында да статистикалық деректер бұрмаланып келген. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу тақырыбына арналған Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.

«Біріншіден, шикізаттың жетіспеуі мен қамбат болуы мәселесі бар. Статистикаға сәйкес, мал шаруашылығындағы шикізат жеткілікті болғанымен, деректер нақты жағдайға сәйкес келмейтінін түсінеміз. Мәселен, ресми статистикаға сәйкес жыл сайын шамамен 6,5 миллион тонна сүт өндіріледі, бірақ оның тек 2,1 миллион тоннасы 180 кәсіпорында өңделеді. Сонда, сүттің мұндай көлемі болған кезде, не себепті өңдеуге шикізат жеткіліксіз?! Бұл факт мал шаруашылығында да, өсімдік шаруашылығында да статистикалық деректерді бұрмалаудың көп жылдық тәжірибесінің болуымен түсіндіріледі», - деді А. Сапаров.

Оның айтуынша, осы мәселе бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен статистикалық деректерді қайта қарау жөнінде арнайы жұмыс тобы құрылды.

«Комиссия атқарған жұмыстың нәтижесінде 2 млн бас мал мен 3 млн тонна сүт есептен шығарылды. Өсімдік шаруашылығында жұмыс жалғасып жатыр», - деді министр.

Бұған дейін хабарланғандай, Мәжіліс депутатЫ Серік Егізбаев импорттың өсуінен ет пен сүт өнімдерінен жылда 800 млн доллар жоғалтып жатқанымызды айтты. 

Соңғы жаңалықтар