Министр биылғы бидай шығымына болжамын айтты

«Көктемде егіс жұмыстары уақтылы жүргізілгенін, өндірушілердің бүкіл қажеттіліктерін қамтамасыз еткенімізді ескерсек, биыл бидай шығымы 13-13,5 млн тонна болады деген болжам бар», - деді министр БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында.
Оның айтуынша, биыл жалпы егін шығымы былтырғыдан жоғары болуы керек.
«Былтырғымен салыстырғанда егін шығымы шамамен 15-20% жоғары болады. Яғни, кейінгі бес жылда алып жүрген көлемде өнім аламыз»,- деді Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ, министр қанттың шынайы бағасы қанша болуы керектігін айтты.
«Мысалы, қант құрағының құны - шамамен 476 АҚШ доллары. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Логистика шығындары 110 АҚШ долларынан 290 АҚШ долларына дейін 2,6 есе өсті. Аталған фактілер отандық қант зауыттарында құрақ қантының өзіндік құнының қымбаттауына алып келді. Бүгінгі таңда зауыттар 1 килограмм қантты 450 теңгеге сатады. Бұл ретте 15% көтерме және бөлшек сауда үстемесін ескере отырып, қант құны шамамен келісіне 595-600 теңге болуы қажет», - деді ведомство басшысы.