Министр еліміздегі ұрлық көп жасалатын үш өңірді атады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы алты айдың қорытындысын баяндаған Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов еліміздегі ұрлық көп жасалатын өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Ұрлық фактілері еліміздің үш мегаполисінде көп тіркелді. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент. Өкінішке қарай, бұл өңірлердегі полиция департаментінің басшылары әлі ескіше жұмыс істеп отыр. Олар тек қылмыстың салдарымен күреседі. Сараптама көрсеткендей, қылмыстың көбін еліміздің басқа қалаларынан келгендер жасайды. Өзге қаладан келіп, Алматы территориясында қылмыс жасағандар үлесі – 45 пайыз, Нұр-Сұлтанда – 40 пайыз болса, Шымкент қаласында – 25 пайыз. Азаматтар барған жерлерде тіркелмейді. Сондықтан, полиция назарынан тыс қалып жатады», - деді министр.

Сондай-ақ, Марат Ахметжанов мал ұрлығы көбейгенін айтты. Соның ішінде, Батыс Қазақстан облысында мал ұрлау деректері 26 пайызға өскен.

«Жыл басынан бері Алматы облысында 800-ден астам, Ақмола мен Жамбыл облыстарында 500-ден астам, ал Түркістан облысында 400-ге жуық мал ұрланған. Павлодар облысында ғана биыл мал ұрлығымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Олар Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарынан 170-ке жуық ірі қара ұрлап, ауыл адамдарына миллиондаған шығын келтірген», - деді Марат Ахметжанов.

Жиында министр әріптестеріне қылмыстың салдарымен емес, себебімен күресуге мән беру керектігін тапсырды. Марат Ахметжановтың айтуынша, жергілікті әкімдіктер мен полиция қызметкерлері бірлесіп, профилактикалық шаралар ұйымдастыруы тиіс.

Айта кетсек, Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов кеше Мемлекет басшысының қабылдауында болды. Президентке еліміздегі криминогендік жағдай, ішкі істер органдарының биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстарының нәтижелері жөнінде мәлімет берді .


Соңғы жаңалықтар