Министр уақыт белдеуінің ауысуы туралы: Балаларым таңертең еш қиындықсыз оянады

АСТАНА. KAZINFORM – Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев уақыт белдеуінің өзгеруі қазақстандықтардың электр энергиясына жұмсайтын шығындарын көбейтпегенін мәлімдеді.

Арман Шаккалиев
Фото: Агибай Аяпбергенов/ Kazinform

«Уақыт белдеуінің өзгеруіне байланысты негізгі ойды жеткізгім келеді – электр энергиясын тұтыну айтарлықтай өскен жоқ. Қазір көптеген мифтер мен аңыздар шығарылып жүр. Біз сатып алу көлемдерін салыстырдық, бұл ақпарат қолымызда бар. Тіпті вице-министр Есімханов (Энергетика вице-министрі – ред.) мырза сұхбатында көрші елдерден электр энергиясын сатып алу көлемі азайғанын айтты», - деді А. Шаққалиев Үкіметте өткен брифингте.

Министр ата-аналардың мектептен балаларын қараңғы уақытта алып кетуге қатысты шағымдарына да жауап берді.

«Уақытым болғанда, балаларымды мектептен өзім алып кетемін. Төрт баланың әкесі ретінде, екінші ауысым 19:05-те аяқталатынын айтқым келеді. Өткен жылы да біз қараңғыда қайтатынбыз. Балаларым таңертең еш қиындықсыз оянады. Мұны көптеген ата-аналар да айтып жатыр. Біз оларға таңертеңгі уақытты бердік, ұйқысын қандырып, мектепке баруға мүмкіндік бердік. Осыны айту керек. Басқа сезімдер мен өзгерістер туралы айту керек», - деп түйіндеді министр.

Бұған дейін Арман Шаққалиев уақыт белдеуін ауыстыру шешімі қалай қабылданғанын айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар