Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Министр ұстаздарға жаңа пәтер кілттерін табыс етті

АҚТАУ. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Маңғыстау облысындағы жұмыс сапарын одан әрі жалғастырған ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев жаңа мектепке жұмысқа шақырылған ұстаздарға Қарақия ауданының орталығы Құрық кентінде салынған жаңа тұрғын үйлерден пәтер кілттерін табыс етті,

Министр ұстаздарға жаңа пәтер кілттерін табыс етті
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жоба құны 518 371 мың теңгені құраған тұрғын үй республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған. «Актауазаматжоба» ЖШС жобасын сызған соң мердігер бес мекеме - «БК-Құрылысжоба», «МАКС-КМ», «РАС», «ЖаңаСервисҚұрылыс» және «МаңғыстауАрнайыҚұрылыс» ЖШС-лері 7310,24 шаршы метр аумаққа 2008 жылдан бастап үй құрылысын салған. 2 және 3 бөлмелі пәтерлерден тұратын 2 қабатты тұрғын үй кешенінен 84 отбасы жаңа баспанаға ие болады. Білім және ғылым министрі бастаған топ бұдан соң осы кенттегі 120 орындық «Болашақ» балабақшасының қызметімен де танысты. Жұмысын бастағанына бір жыл болған балабақшада екі жастан алты жасқа дейінгі бүлдіршіндерді тәрбиелеуге арналған 5 топ бар. Мекеме ғимаратында әдістемелік және өзін-өзі тану кабинеттері мен музыка, спорт залдары, медицина қызметкерлеріне арналған кабинет ашылған. Балабақша 32 адамды жұмыспен қамтып отыр.