Атырауда жол апатынан бір адам мерт болып, төрт адам ауруханаға түсті
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында Toyota Sienna мен Lada Granta автокөліктері соқтығысып, бір адам көз жұмды.
Жол-көлік оқиғасы 18 шілде күні сағат 20:50 шамасында Махамбет ауданындағы Атырау–Индер автожолының 56 шақырымында болған.
— Жол-көлік оқиғасы салдарынан Toyota Sienna автокөлігінің бір жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Әртүрлі дене жарақатын алған төрт адам медициналық мекемеге жеткізілді, — деп хабарлады полиция департаменті.
Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Қостанай облысындағы қауіпті жол учаскелерінде көліктен озуға тыйым салынатынын жазған едік.