Министрлер мен әкімдер оқушылармен бірге ағаш отырғызады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 3 қазан күні Қазақстан мектептерінде «Эко-сағат» кең көлемді акциясы басталады. Бұл туралы ҚР Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрлер мен әкімдер оқушылармен бірге ағаш отырғызады

«Достар, осы бейсенбіде еліміздің барлық мектептерінде «Эко-сағат» атты факультатив оқытыла бастайтынын қуана хабарламақпын. Бұл күн кездейсоқ таңдалған жоқ. 3 қазанда Дүниежүзілік мекендеу орнын қорғау күні аталып өтеді», - деп жазды министр Twitter-дегі парақшасында.

Акцияға Министрлер кабинетінің барлық мүшелері, өңір әкімдері қатысады. Олар республика мектептерінде сабақ өткізіп, кейін оқушыларға ағаш отырғызуға көмектеседі.

«Барлығы 200 мыңнан астам ағаш отырғызылмақ. Қазақстанда «эко-сағат» өткізу дәстүрге айналып, халықты экологиялық тұрғыда тәрбиелеуге едәуір үлес қосады деп сенемін», - деді ведомство басшысы.

Жоспар бойынша, акцияға Қазақстандағы 6 мың мектеп пен 2 млн оқушы қатысады.