Министрлік «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасын жетілдіруге ниетті
АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы тетіктерін жетілдіру бойынша шараларды әзірледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында аталған ведомствоның басшысы Тамара Дүйсенова мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, шаралар бірнеше бағыттар бойынша даярланды.
Біріншісі, жұмыс орындарын құру мен азаматтарды жұмысқа орналастыру бөлігінде еңбекпен қамтудың Жол картасын басқа мемлекеттік салалық бағдарламалармен және өңірді дамыту бағдарламасымен үйлестіруге қатысты.
Екінші бағыты - тәжірибелік икемділік пен шеберлікті қалыптастыру есебінен нақты тетіктерді енгізіп, кәсіби даярлықты жақсарту.
Бұл мақсат бойынша бағдарламаға қатысуға үміткерлер арасында кәсіби бағдарлауды енгізу, жұмыс берушілерді персоналды оқытуға тарту ескерілген.
Үшінші бағыты - тіректі ауылдарды кешенді дамытуға жәрдемдесуге негізделген.