Министрліктерді, комитеттер мен агенттіктерді қысқартқанымызбен шенеуніктер қысқармайды - Н.Назарбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Министрліктерді, комитеттер мен агенттіктерді қысқартқанымызбен шенеуніктер қысқармайды. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Біз министрліктерді қысқарттық, комитеттерді қысқарттық, агенттіктерді қысқарттық, шенеуніктер қысқармайды. Қызық, иә? Суға батпайтын кеме сияқты. Бізде қалай? «Самұрық-Қазына» қысқартады, қысқартады, құртып жатырмыз дейді. Ешкім ешқайда кетпейді. Бәрі отыр, міне қалай жұмыс істейміз», - деді Елбасы.
ҚР Президенті 1 бөлімде 7 адам болса, барлық жұмысты соның 2-еуі ғана атқаратындығын атап өтті.
«Барлығы барып солардың мойнына арта береді. Басқасы жай отырады. Неліктен мұны тәртіпке келтіре алмайсыздар? Солай емес пе, Бердібек?», - деді Мемлекет басшысы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаевқа қарата.
Өз кезегінде ол бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынғанын атап өтті.