Министрлік Азиада формасын сынаған спортшыға жауап берді
Туризм және спорт министрлігі Азиада спартакиадасы үшін отандық спортшыларға дайындалған спорттық форманың сапасына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қолданыстағы қаулыға сәйкес спорттық киім-кешек отандық тауар өндірушілерден сатып алынуы керек. Ондай тәжірибе бар. Айтулы жарыстарда ұлттық құрамалар отандық өндірушілерді қолдайды. Яғни қазақстандық форманы сатып алады, осылайша жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі болады»,- делінген ресми хабарламада.
Ақпаратта айтылғандай, Азиаданың спорттық формасы әдеттегідей қазақстандық өндірушілерден сатып алынған.
«Форманың дизайны, мата сапасы мәселелері жаттықтырушылар штабының өкілдерімен және спортшылар арасында талқыланды. Шешім алқа отырысында қабылданды. Спортшылардан форма бойынша комитетке шағым түскен жоқ. Біз Азия ойындарында осындай жауапты сайыстар кезінде спортшылардың эмоцияларын түсінеміз. Қазір басқарушы құрам спортшыларға қажетті жағдай жасау үшін барлық бағытта жұмыс жүргізіп жатыр», - дейді министрліктен.
Сондай-ақ ҚР Спорт және туризм министрлігінің баспасөз қызметі Азия ойындарында өнер көрсетіп жатқан Қазақстан құрамасының спорттық формасына қатысты түсінік берді.
«Азия ойындарынан кейін арнайы комиссия құрылып, спортшылардың түрлі жарыстарда өнер көрсетуі үшін спорттық форма дайындау мәселелерін зерттейді. Қолданыстағы заңнама бойынша спорттық киім-кешек тізілімге кіретін және индустриялық сертификаты мен СТ-KZ сертификаты бар отандық тауар өндірушілерден сатып алынуы тиіс. Спорттық форма осы сертификаты бар өндірушілерден сатып алынды. Айта кету керек, индустриялық сертификаты мен СТ-KZ сертификаты бар отандық өндірушілер саны аз»,-деп жазды министрліктің баспасөз хатшысы Мөлдір Абдуалиева өзінің Facebook парақшасында.
Сондай-ақ оның сөзінше, «КазСпо-N компаниясы «Zibroo» ЖШС, ЖК 79-шы КВАРТАЛ және «ТОРИ КОМПАНИ» ЖШС-мен шарт жасалды.
«Жеткізу толық көлемде жүзеге асырылды. Мысалы, Zibroo компаниясы біздің спортшыларымыздың Олимпиада және Азия ойындарына қатысуы үшін жабдықтарды тігіп, өзін адал жеткізуші ретінде көрсетті. Спорттық жабдықтардың дизайны бірнеше рет әлемдік аренадағы ең жақсылардың бірі ретінде аталыпп өтті. Сондай-ақ, жеткізуші компаниялар қажет болған жағдайда форманы ауыстырып беруге дайын.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін дизайн мен сапасы федерация өкілдерімен келісілген болатын және спортшылар тарапынан шағым түскен жоқ»,-деп жазды ол.