Министрлік құқық қорғау органдарымен бірлесіп, судың «көлеңкелі» нарығына қарсы күрес жүргізеді

АСТАНА. KAZINFORM — Су ресурстары және ирригация министрлігі құқық қорғау органдарымен бірлесіп, судың «көлеңкелі» нарығына қарсы күрес жүргізеді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Министрлік құқық қорғау органдарымен бірлесіп, судың «көлеңкелі» нарығына қарсы күрес жүргізеді
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларды іске асыру бойынша аппарат кеңесін өткізді.

Президенттің судың «көлеңкелі» нарығын жою жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі Бас прокуратура және ІІМ-мен бірлесіп, республикалық деңгейде іс-шаралар жоспарын әзірлейтін жұмыс тобын құруға келісті. Жұмыс тобы жүйелі жедел-аналитикалық жұмыстар жүргізіп, рейдтік іс-шаралар ұйымдастырады. Тексерулер барысында заңсыз су пайдаланушылар мен «Қазсушар» РМК-дағы және бассейн инспекцияларындағы қызметін адал атқармайтын лауазымды тұлғаларды анықтау көзделген.

– Биыл бірқатар маманның өз міндеттерін орындамауы заңсыз су алуға әкелгенін көрсетті. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында құқық қорғау органдарына нақты тапсырмалар берді. Енді біздің министрлік сол құрылымдармен бірлесіп жұмыс істейді. Барлығына жауапкершілік бар екенін еске саламын. Су шаруашылығы мамандары өз функционалдық міндеттерін сапалы орындауы үшін министрлік барлық қажетті жағдайды жасады. Материалдық-техникалық база нығайтылды, жалақы көтерілді, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Бұған дейін ведомство басшысы вегетация кезеңі қорытындысы бойынша қызметтік тексеру жүргізуді тапсырғанын еске сала кетейік. Судың «көлеңкелі» нарығына қарсы күрес аясында Суару суын пайдалану ережелеріне, Әкімшілік және Су кодекстеріне қосымша түзетулер әзірленіп жатыр. Бұл өзгерістер каналдардан заңсыз су алудың алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі базасында вегетацияны цифрлық мониторингтеу жүйесі жасалып жатыр.

Мемлекет басшысының бірыңғай цифрлық су ресурстары платформасын құру жөніндегі тапсырмасын тиімді іске асыру үшін өзендер мен көлдерді түгендеуді қайта бастау жоспарланып отыр. Бұл мемлекеттік су кадастрын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Кадастрда жерүсті су ресурстарын есептеу мен бағалау жүргізіледі. Бұл жұмыс бүкіл ел көлемінде де, әрбір су шаруашылығы бассейні аясында да қамтылады.

Мемлекеттік су кадастрын Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінде жүргізу климаттық тәуекелдер жағдайында негізделген шешімдер қабылдау үшін берік аналитикалық база қалыптастырады. Сондай-ақ Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығымен бірлесіп мұздықтар каталогын жасау жобасы пысықталып жатыр. Су ресурстарын есепке алу жүйесін ұйымдастыру мақсатында «Қазсушар» РМК-ның «Су-метрология» филиалын қайта құру жұмыстары басталды. Жоспарға сәйкес филиал су пайдалану есебіне қатысты стандарттар мен талаптарды әзірлеумен, есепке алу жүйелерін жобалау және орнату бойынша қызмет көрсетумен, олардың тексерісін жүргізумен және қажетті компоненттер өндірісімен айналысады.

– Барлық вице-министрге жүзеге асырылып жатқан жобалар бойынша кешенді жұмыс пен мониторингті ұйымдастыруды тапсырамын. Гидротехникалық құрылысжайлардың ағымдағы және күрделі жөндеулерін, сондай-ақ каналдарды механикалық тазалауды тұрақты жүргізу үшін су шаруашылығы нысандарын пайдаланатын ұйымдардың материалдық-техникалық базасын күшейту қажет. Сонымен бірге Президент Жолдауында айтылған Солтүстік Арал теңізінің көлемін ұлғайту жобасы бойынша техникалық-экономикалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау керек. Ислам даму банкінің несиесіне мемлекеттік кепіл алу мәселесін Ұлттық экономика министрлігімен жеделдетіп қарастыру қажет,– деп атап өтті Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Жолдау барысында кейбір каналдағы судың 50-60 пайызы далаға кетіп жатқанын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар