Министрлік Маңғыстау облысындағы мектеп асханаларын тексеріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысының мектеп асханаларында балалардың жаппай улануы фактілері бойынша тапсырмасы шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі Бас прокуратурамен келісе отырып, Маңғыстау облысының білім беру мекемелерінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізіп жатыр.

— Өңірде тексеру үшін барлығы 72 нысан айқындалды, бүгінгі таңда тексерулермен 14 мектеп ас блогы қамтылды. Улану жағдайларын тергеп-тексеру және мектептегі тамақтанудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Оқу-ағарту, денсаулық сақтау министрліктерін, Бас прокуратураны қоса алғанда, мүдделі органдардың өкілдерінен тұратын ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды, — делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.
Денсаулық сақтау министрлігінен ведомствоаралық жұмыс тобының құрамына Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай облыстарының, Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінен және ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығынан 7 маман енгізілді.
— Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы Манаш жалпы білім беретін мектебінің 12 оқушысының арасында тамақтан шыққан соңғы топтық инфекциялық ауру фактісі бойынша тергеп-тексеру басталып, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар өткізу туралы қаулы шығарылып, әкімдіктің жанынан штаб құрылған, — делінген хабарламада.
Айта кетелік Мемлекет басшысы Үкіметке жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, оқушылардың қауіпсіздігін қатаң бақылауға алуды тапсырған еді.
Маңғыстау облысында балалардың улану дерегіне қатысты тексеру басталған еді.