Министрліктер шетелдік инвесторлардың тізімін жасақтауды кешіктіріп жатыр – Жоғарғы сот судьясы

АСТАНА. KAZINFORM – Жоғарғы соттың судьясы Нұржан Қайыпжанов министрліктер шетелдік инвесторлардың тізімін жасақтауды кешіктіріп жатқанын мәлім етті. жатқанын мәлім етті.

сот
Фото: Kazinform

«Шетелдік инвесторлардың да қордаланған мәселелері өте көп. Оған қатысу мен туындап жатқан даулар барысында көз жетіп отыр. Сол қордаланған мәселелерді шешу жолдары бүгінгі форумда талқыланып жатыр. Соның бірі – инвестициялық даулардың субъектісі кімдер бола алады деген мәселе. Бұл өзі бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Себебі ел экономикасына ақша салып жатқан әрбір кәсіпкер өздерін инвестормыз деп есептейді. Олардың қатысуымен туындаған даудың бәрін инвестициялық дау ретінде қарау керек пе, жоқ па деген мәселенің әлі күнге дейін басы ашық. Үкімет тарапынан да, министрліктер тарапынан да бұл әлі шешімін таппай келеді. Себебі біз инвесторға кімдер жататыны әлі айқын емес», - деді Жоғарғы сот судьясы.

Сондай-ақ, ол инвестициялық даулардың сотқа жеткеннен кейін неге ұзаққа созылып кететінін айтты.

«Министрліктердің инвестиция тартумен айналысатын комитеттері бар, акционерлік қоғамдар бар. Солардың бәрі әлі күнге дейін шетелдік инвесторлардың тізімін түзген жоқ. Сол себептен инвесторлардың қатысуымен туындап жатқан дауларды сотта шешу мәселесі созбалаңға салынады. Бұл мәселені біз Үкімет тарапына, министрліктер алдына әрдайым қойып келеміз», - деді Нұржан Қайыпжанов.

Соңғы жаңалықтар