Минскіде аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі туралы фильмнің тұсаукесері өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Минск халықаралық «Лістапад» кинофестивалінде «Дос-Мұқасан» фильмі көрсетілді. Вокалды-аспаптық ансамбль туралы туынды Қазақстан киносы күні аясында ұсынылды, деп хабарлайды БЕЛТА.

Минскіде аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі туралы фильмнің тұсаукесері өтті
Фото: listapad.org

Фильм «Победа» кинотеатрында көрсетілді.

Қазақстанның Беларусьтегі елшілігінің кеңесшісі Рашид Ғазизов фильм Ефрат Шәріповтың сценариі бойынша ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық кинематографияны қолдау мемлекеттік орталығының ықпалымен түсірілгенін хабарлады.

Рашид Ғазизов кинотуынды туралы қысқаша баяндап, көпшіліктің назарына ұсынды. 

Шынайы оқиғаларға негізделген музыкалық драма политехникалық институт студенттерінің Алматыда ансамбль құру тарихын баяндайды. Фильм жас музыканттардың алғашқы табыстарынан бастап кедергілерге, академиялық қиындықтарға және ғылымдағы мансап пен өнер арасындағы таңдауға дейінгі қиын жолын сипаттайды.

Рашид Ғазизовтың айтуынша, фильмде кейіпкерлердің шынайылығына ерекше мән берілген. Ансамбльдің нағыз мүшелеріне сәйкес келетін актерлік құрам мұқият таңдалды. Тарихи және музыкалық шынайылықты қамтамасыз ету үшін ансамбльдің негізін қалаушылар Мұрат Құсайынов пен Досым Сүлеев фильмді түсіруге көмектесу үшін кеңесші ретінде тартылды.

Рашид Ғазизов фильмнің маңызды элементі 1973 жылы маусымда Минскіде өткен эстрадалық ән орындаушылар мен вокалды-аспаптық ансамбльдердің Бүкілодақтық байқауы туралы естелік екенін атап өтті. Қатысушылар бұл байқауда жүлдеге таласқан. Жеңімпаздар Берлинде өткен 10-шы Дүниежүзілік студенттер мен жастар фестивалінде өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Бұл сәт фильмде де бейнеленген. Сонымен қатар туындыда «Дос-Мұқасан» ансамблінің сол кезде үлкен сахнаға енді ғана қадам басқан «Песняры» тобымен кездесуі бейнеленген.

Дос-Мұқасанның сахнада өнер көрсетіп жүргеніне 50 жылдан асты. Ансамбльдің бірінші жетекшісі 2023 жылы дүниеден өтті.

Ғазизов «Лістапад» сияқты фестивальдердің ТМД елдері мен бүкіл әлем үшін маңыздылығын атап өтті. Олар халықты біріктіруге, мәдениеттерді жақсырақ түсінуге және халықаралық байланыстарды дамытуға көмектеседі.

Айта кетейік, 31 қазан мен 7 қараша аралығында «Көзқарастарды өзгертетін тарих» ұранымен 31-ші Минск халықаралық «Лістапад» кинофестивалі өтіп жатыр. Биыл фестивальге 120 елден 3600-ден астам өтінім келіп түсті. Бағдарламаға 41 елден 157 фильм іріктелді. Фестивальде Ресей, Қытай, Үндістан, Иран, Пәкістан және Еуропа елдерінің кинематографистерінің жұмыстары көрсетілді.

Еске салайық, Қазақстан Әзербайжанда «Дос-Мұқасан» фильмін таныстырды.

Соңғы жаңалықтар