Мысыр шетелдік туристер үшін қауіпсіз ел болып қала береді – Мысыр Сыртқы істер министрі

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Мысыр Араб Республикасының Сыртқы істер, халықаралық ынтымақтастық және шетелдік мысырлықтар жөніндегі министрі Бадр Әбделатымен телефон арқылы сөйлесті.

Түркия тұрғындары үшін Мысыр тартымды туристік бағытқа айналуда
Фото: www.ekonomim.com

ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, әңгіме барысында тараптар Таяу Шығыста қалыптасқан күрделі жағдайды талқылап, деэскалация және барлық даулы мәселелерді саяси-дипломатиялық жолмен халықаралық құқық қағидаттарының шеңберінде реттеудің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар министрлер екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту мәселелерін де қарастырып, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және көпжақты форматтағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделілігін білдірді.

Б.Әбделаты Мысырдың шетелдік туристер үшін қауіпсіз ел болып қала беретінін растап, мысырлық биліктің бұл бағытта барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын ерекше атап өтті.

Тараптар биік және жоғары деңгейде сапарлар алмасуды жандандыруға, сондай-ақ екі елдің сыртқы саясат ведомстволары арасындағы тұрақты диалогты жалғастыруға уағдаласты.

Осыған дейін Мысыр виза бағасының өсуі туралы қауесеттерді жоққа шығарған болатын.