Міндетті есірткі скринингі: бюджеттен қаржы бөліне ме

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік қызметшілер бұл тексерістен өз қаражатына өтеді. Бұл жөнінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов Сенаттың жалпы отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді.

Міндетті есірткі скринингі: бюджеттен қаржы бөліне ме
Фото: Freepik

– Есірткі скринингі Денсаулық сақтау министрлігінің ережелеріне сай, жалпыға ортақ тәртіпппен өтеді, - деді ол.

Тексеріс ақысын мемлекеттік қызметшілер өз қалтасынан төлейді.

– Міндетті есірткі скринингінен өтуі тиіс тұлғалар оның шығынын өздері көтереді. Мемлекеттен бұл үшін қаржы бөлу қарастырылмаған. Есесіне, тексерістен өткен күні және келесі жұмыс күні демалыс беріледі, - деді Салауат Мүксімов.

Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілердің есірткі қолданбайтыны жөнінде жалған анықтама жасамауын Денсаулық сақтау министрлігі қамтамасыз етеді. Екі ай ішінде бұл нормаға қатысты барлық заңнамалық акті бекітіледі.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік қызметшілер міндетті есірткі скринингінен өтетінін жазғанбыз.