Мобильді төлем: Аударым қабылдаушы мен аударым жолдаушы нені білуі керек
Kazinform оқырман назарына мобильді аударымдарды салық орбитасына шығару шараларының кімдерге қандай қатысы болатыны туралы шолу ұсынады.
«100 аударым» қағидаты
2024 жылы жалпыға бірдей декларацияның үшінші кезеңі басталды. Бұл кезеңде бүкіл жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың иелері, аталған жандардың жұбайлары кіріс декларациясын тапсырады. Еске салсақ, бұған дейін әуелі мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары, одан кейін квазимемлекеттік сектор қызметшілері мен жұбайлары кіріс декларациясын тапсыра бастаған еді.
Ендігі кезек жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың (жеке кәсіпкерлік, ЖШС) иелері мен жұбайларына келіп отыр. Олар 15 қыркүйекке дейін иелігінде қандай мүлік бар екенін, қайдан қандай табыс алатынын №250 қалыптағы декларацияда көрсетуге тиіс. Аталған санаттағы азаматтардың банктер арқылы жүргізген қаржылық операциялары назарға алынады. Мобильді «100 аударым» қағидатының жалпыға бірдей кіріс декларациясымен түйісетін жері осы тұс.
2024 жылдың 15 қыркүйегінде жеке кәсіпкерлер мен жұбайы тапсырған декларациялар қабылдау аяқталады. Ал 2025 жылы елдегі бүкіл банктер 2024 жылы жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлға иелері іске асырған қаржылық операциялар туралы мәлімет ұсынады. Осы кезде үш ай қатарынан бірнеше тұлғадан 100-ден астам аударым қабылдаған декларация иелері ол аударымдардың кәсіпкерлікпен байланысы жоқ екенін дәлелдеу керек болады.
Қарапайымдап айтсақ, Қаржы министрлігі бір айдың ішінде бірнеше азаматтан 100-ден астам аударым қабылдау жасырын кәсіпкерліктің бір белгісі деген ұстаным қолданбақшы. Бұл жерде 100 аударым межесі үш ай қатарынан қайталануы шарт.
Осы арқылы қандай да бір кәсіпкерлік қызметпен айналысқанымен, бақылау-касса машинасы жоқ, пост-терминал ұстамайтын, QR-код пайдаланбайтын кәсіпкерлерден салық өндіру мақсаты көзделіп отыр.
Арнайы кәсіпкерлік шот
Қолма-қол ақшасыз төлем пайда болған сәттен бастап заңды түрде жұмыс істеуге талпынған кәсіпкерлер арнайы кәсіпкерлік шот ашқызған. QR код арқылы, мобильді төлем (коммуналдық тарифтерді банк қосымшасынан төлеу – ред.) арқылы қабылданған ақша осы шотқа түседі. Мұндай кәсіпкерлерге «100 аударым» қағидатының қатысы жоқ.
Бірақ бұл жеке шотты коммерциялық төлем қабылдауға пайдалануға болады деген сөз емес. Тіпті жеке шотқа жасалған аударымға түбіртек шығарған күннің өзінде бұл заңсыз болып есептеледі.
Аударымдарды қадағалау қосылған құн салығының құрығы емес пе?
Қазір жеке кәсіпкер ретінде тіркелген шағын бизнес нысандары 1-4 пайыз аралығында, минималды мөлшерлеме бойынша салық төлеп отыр. 29 желтоқсандағы Үкімет қаулысымен бөлшек сауда салығының қатары кеңейтілді. Бұған дейін 190 қызмет түрі төленсе, енді 364 қызмет түріне осы салық енгізілді, яғни бұлардың бәрі қосылған құн салығын төлемейді. Айналымы 2 млрд теңгеден аспайтын кәсіпкерлер айналымының 4 пайызы көлемінде ғана салық төлейді. Бұл күндік айналымы 5 млн теңгеден аспайтын кәсіпкерлер деуге болады. Бірақ акциздік тауар сататын, қызметіне түрлі органдардың рұқсатын, сертификатын алуды қажет ететін қызмет түрлері айналымына қарамастан, бұл қатарға кірмейді. Қарағанды және Қызылорда облыстарының мәслихаттары ішкі шешім арқылы оның екі есе төмендетіп, 2 пайызға түсірді. Демек, бұл екі өңірдің аумағында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлердің жылдық айналымы 2 млрд теңгеден аспаса, 2 пайыздық салық төлейді. Астана мәслихаты 3 пайыздық меже қойып отыр, яғни мемлекет жергілікті мәслихаттарға салықтың бұл мөлшерлемесін түсіріп тағайындауға мүмкіндік берген.
Кассада немесе таксиде қолма-қол ақша талап етсе не істеу керек?
Жергілікті салық органына жүгіну керек. Салық органы ондай шағымдардың мәліметін жинастырып, тексеру ұйымдастырады. Бұл жерде бір адамнан шағым түскені үшін кәсіпкерді бас салып тексере кетпейді. Басқа да адамдардан нақты осы кәсіпкердің, сатушының, дүкеннің үстінен осындай мәндегі шағым түсуін күтеді. Соларды жинақтап барып қана рейдке шығады.
Туысқандар арасындағы аударымдардың сомасына шектеу қойыла ма?
Мобильді аударымдардың сомасына қарап кәсіпкерлік белгілерін анықтау тетігі заңнамада қарастырылмаған. Демек, туысқандар мен таныстар арасындағы коммерциялық емес аударымдардың сомасына салық органдары ешқандай шектеу қоя алмайды. Сәйкесінше, жеке шотқа бір айдың ішінде жолданған аударым саны үш ай қатарынан 100-ден аспаса, сомасына бола мониторингке алынбайды.
Такси жүргізушілері нені білу керек?
Такси жүргізушілеріне арнайы салық режимі бар. Ол режимге ену үшін такси жүргізушісіне жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керек. Сонда табысынан 1 пайыз салық төлейді. Патент алып та, 1 пайыз салық төлей алады.
Адам тасып немесе онлайн тапсырыс орындап ақша табатын адамдар салық жағына бас ауыртқысы келмесе, «Салық агенті» тетігін пайдалана алады. Жаңа Салық кодексінде осындай норма қаралып жатыр, яғни «Яндекс-такси» немесе «Яндекс-жеткізу» сияқты операторлар өзі жұмыс берген тасымалдаушылардың салық агенті ретінде салық органдарымен жұмыс істейді, тасымалдаушылар үшін бюджетке салық аударып отырады. Оның шығыны қызмет бағасына қосылуы мүмкін.
Такси жүргізушісінің жылдық айналымы 12 млн теңгеден аспаса, соның 1 пайызын ғана салық ретінде төлейді.
Қайырымдылық аударымдарының санына шектеу бар ма?
Қайырымдылық мақсаттағы аударымдар арнайы шоттар арқылы өтуі керек. Егер қайырымдылық қор ақша жинап жатқан болса заңды тұлғаның атына шот ашу керек.
Қиындыққа тап болған адам жақынының еміне немесе табиғи апат салдарынан үйсіз қалғаны үшін жеке шотына қайырымдылық аударымдар қабылдаған болса, салық органдарының назарына ілігуі мүмкін.
Бірақ тексеру кезінде банк өкілдеріне немесе кейін салық органдарына мән-жайды түсіндіріп, кәсіпкерлік қызметтен кіріс табу емес екенін дәлелдейді. Науқасқа ақша жинаған болса, медициналық құжаттары керек. Ал үйсіз қалған болса, ол туралы акт болуы шарт. Ақшаның осы мақсаттарға жұмсалғанын түбіртектер арқылы дәлелдейді.
Қайырымдылық ұранымен ақша жинайтын блогерлердің аударымдары қалай қадағаланады?
Тек блогерлер ғана емес, басқа азаматтар да қайырымдылық мақсатпен мобильді аударымдар қабылдауы мүмкін. Ондай мобильді аударымдар саны 100-ден асса, салық органдарына келесі жылда тиісті мәлімет түседі. Соның негізінде салық органы шот иесіне арнайы хабарлама жібереді. Осыдан кейін шот иесі салық органдарына аударымның қайырымдылық мақсатқа жұмсалғанын түбіртек пен анықтама, акт сияқты құжаттарды көрсету арқылы дәлелдейді. Мұндай жағдайда оған адамға салық міндеті қойылмайды.
Көмек керек болса, кімге жүгіну керек?
- 1414 нөміріне
- мемлекеттік кірістер басқармаларының «Консультативтік орталықтарына».