Мол астықты төкпей-шашпай жинап алу басты міндет болып тұр

ТАНА. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Осы аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Кәрім Мәсімовты қабылдады.

Мол астықты төкпей-шашпай жинап алу басты міндет болып тұр

Үкімет басшысы Елбасына елдің экономикалық дамуының қарқыны мен динамикасы туралы, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске асырылу барысы жайлы, күзгі жиын-терін науқаны жөнінде, әлеуметтік бағдарламалардың орындалуы жайында баяндады. 8 айдың қорытындыларымен қатар 9 айдың алдын ала қорытындылары туралы да кеңінен айтып берген Үкімет басшысы Президенттің Министрлер-Кабинеті алдына қойған барлық тапсырмалары мен көрсеткіштері іс жүзінде орындалып жатқандығын атап көрсетті. Индустриялық бағдарлама аясында тұсаукесері желтоқсанда белгіленген нысандардың да дер уақытылы іске қосылатындығын атап өткен ол, күзгі жиын-терін жайына кеңінен тоқталды. «Сіздің тапсырмаңыз бойынша қолға алынған кешенді шаралардың арқасында жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды пайдалануға дайындық жұмыстары жүзеге асып, Сіз таяуда Қостанайда, Солтүстік Қазақстанда көргеніңіздей, оң жемісін беруде. Бүгінгі күні 21 миллион тонна егін жиналды, тағы да резервтер анықталуда. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша 24-25 миллион тонна егін жиналатын болады. Осыған сәйкес белгілі бір қиындықтар бар - ол астықты сақтау», - деді К.Мәсімов.

Оның атап өтуінше, аталған проблеманы шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрі бастаған штаб құрылған. Яғни астық көп мөлшерде жиналғанына қарамастан, шашау шығарылмай сақталатын болады. Ол үшін астықты тасымалдауға, астықты сатып алуға, «ҚазАгро» компаниясы тарапынан субсидия бөлу қарастырылған. Сонымен қатар қоғамды толғандырып отырған жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету мәселесі 2014 жылы желтоқсанда Қазақстандағы барлық мұнай өңдейтін зауыттарды қайта құру аяқталғанда ғана толық шешімін табатындығын атап өткен Үкімет басшысы: «Жалпы алғанда, белгіленген барлық бағдарламаны іске асыруда қиындық жоқ емес, бірақ олардың бәрі шешімін табатын болады және Сіздің барлық тапсырмаларыңыз Тәуелсіздіктің 20 жылдығында орындалатын болады, - деді.

Премьер-Министрді мұқият тыңдаған Н.Назарбаев Үкіметтің алдына 3 маңызды міндетті жүктеді. Елбасы біріншіден ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер ақшаларын жоғалтпауы және келешектегі дамулары, сонымен қатар мол жиылған астықтан тиісті қаражатын табуы үшін астықты сақтау, дер кезінде экспортқа шығару қажеттігін қадап айтты. Екінші маңызды мәселе - халық шаруашылығының, барлық өңірлердің қысқа дайындығы. Ал соңғы баса назар аударатын жайт - еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығын лайықты қарсы алуға дайындық жасау. Сонымен қатар елдің экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына қажетті барлық бағдарламалардың қолға алынғандығын атап өткен Мемлекет басшысы: «Барлық бағдарлама әзірленді, қаражат бөлінді, ендігі мәселе экономиканы дамытуға, адамдардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған осы бағдарламалардың орындалуына бақылау жасауда. Сондықтан қазір Үкімет жұмысы осыған жұмылдырылуы тиіс», - деді.

Астықты уақытылы тасымалдау - «Астықтранс» еншісінде

Ағымдағы жылы бітік шыққан астық өнімін сақтап қалу мәселесі осы аптадағы Үкіметтің селекторлық кеңесінде сөз болды. Негізгі баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің айтуынша, биыл 16,2 млн. гектар аумақтан дәнді дақылдар орылмақ. Облыстық әкімдіктердің деректеріне сәйкес, қазіргі кезде республика бойынша 12,8 млн. гектар алқаптың астығы жиналған. Орташа шығымдылығы гектарына 15,8 центнерді құрап, 20,2 млн. тонна астық бастырылып та үлгерді. Бұл 2010 жылғы деңгейден гектарына 7,1 центнерге артық болып отыр. Сонымен қатар толық орылып бітпеген егістік алқаптарынан шамамен 5 млн. тонна астық түседі деген болжам бар. Жалпы жиын-терінге ауыл шаруашылығы техникаларының 98 пайыздық дайындығымен келген шаруаларға Үкімет тарапынан жанар-жағармай мәселесінде көмек көрсетілді. Оларға орташа бағасы литріне 77 теңгеден 405 мың тонна дизель отыны бөлінді. Дегенмен министрдің айтуынша, астық түсімінің жоғары болуына қыркүйектің соңында және қазан айында ауа райы қолайсыз болатындығы болжануына, үлкен аумақтарда жекелеген жиын-терімді қажет ететін бидайдың ылғал тартуының жоғарылауына, сондай-ақ оны кептіруге байланысты дизель отынының қосымша көлемі қажет етіледі. «Облыс әкімдіктерінің мәліметтері бойынша, қосымша шамамен 40 мың тонна дизель отыны қажет. Кеше бұл мәселе Мұнай және газ министрлігімен бірлесіп шешілді және қазанда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін қосымша 40 мың тонна дизель отыны жеңілдетілген бағамен жеткізіледі», - деді министр.

Оның пайымынша, мол астықты сақтауда ешқандай проблема туындамақ емес. Өйткені республикада жалпы сыйымдылығы шамамен 13,6 млн. тоннаны құрайтын 217 лицензияланған нан қабылдау пункті, сонымен қатар ауыл шаруашылығы құрылымдарында көлемі 9 млн. тонна астық сақтайтын сыйымдылық бар. Яғни, астық сақтайтын қоймалардың жалпы сыйымдылығы қазіргі күні 22,6 млн. тоннаны құрайды. Бұдан бөлек нан қабылдау пункттері мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері иелігінде шамамен 3 млн. тонна астықты сақтауға мүмкіндік беретін асфальталған алаңдар бар. «Атап өтерлігі, астықтың негізгі көлемін біз құрғақ уақытта, құрғақ түрде жинап алдық. 20 қыркүйекке дейін жауын-шашынсыз болды, бұл астықты қоймаларда кептірмей-ақ сақтауға мүмкіндік берді», - деп атап өткен А.Мамытбековтің айтуынша, қазіргі таңда нан қабылдау пункттері 50 пайызға ғана астықпен толтырылған. Ал елдің үш өңіріндегі бос элеваторлардың сыйымдылығы 5 млн. тоннаны құрайды.

Әлемдік нарықта сұранысқа ие болып отырған қазақ астығын тасымалдау да, экспорттауда да айтарлықтай проблема туындамақ емес. Жалпы республиканың ішкі тұтыну көлемін қанағаттандыруға қажетті астық көлемін алып тастағанның өзінде экспорттық әлеуетіміз 10 млн. тоннадан асып түспек. Бұл орайда Қазақстан астығының дәстүрлі импорттаушылары Орталық Азия елдері, Ауғанстан және Иран шамамен 6 млн. тонна Қазақстан бидайын импорттай алады. Ал қалған 4 млн. тонна астық Балтық және Азов-Қаратеңіз бассейні айлақтары арқылы Батыс Еуропа елдеріне экспортқа шығарылмақ. Айта кетерлігі, Үкімет айына 1 млн. тонна астықты тасымалдауды жүзеге асыруға ниет танытып отыр. Аталған көлемді тасымалдау үшін елімізге 10500 вагон қажет. Ал «Қазақстан темір жолы» компаниясының қарауында 5200 вагон ғана бар. Осыған орай ҚТЖ бірқатар компаниялармен 5500 астық тасымалдайтын вагонды жалға алу келісіміне қол қойып отыр. «Қыркүйекте біз 400 вагонды жалға алсақ, қалғанын қазан айында алуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, жылдың соңына дейін «Қазақстан темір жолы» «РусАгроТранс» ЖАҚ-мен бірге «Астықтранс» бірлескен кәсіпорнын құруды көздеп отыр. Сөйтіп, еліміздің астық тасымалдау саласындағы вагон тапшылығы толығымен шешіледі», - дейді ҚР Көлік және коммуникация министрі Берік Қамалиев.

«Мемлекет басшысы Үкіметке, салалық министрліктерге, әкімдерге, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге өте нақты тапсырма берді. Сонымен қатар осындай астықтың бітік шығуы үшін және осы түсімін сақтау үшін барлық мүмкіндіктер мен ресурстар берді. Бұл өте үлкен көмек. Енді Елбасы бізден талап етуге құқылы. Ендігі міндет - ағымдағы жылғы Қазақстандағы осы рекордтық астық түсімін сақтау», - деді К.Мәсімов алқалы жиынды қорытындылап.

Мойнақ ГЭС-інің құрылысы қарқынды

27 қыркүйек күні ҚР Вице-министрі-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның «Самұрық-Энерго» компаниясы салып жатқан қуаты 300 МВТ-ты құрайтын Мойнақ ГЭС-інің құрылыс барысымен танысты. Энергетика саласындағы бұл жоба оңтүстік аймақтар, әсіресе Алматы қаласы үшін өте маңызды. Өйткені пайдалануға берілгеннен кейін орташа жылдық электр энергиясын шығару көлемі 1 млрд. кВс-тан асатын станса еліміздің оңтүстігінде қарбалас уақыттарда электр жүктемесін жабу проблемасын ішінара шешетін болады. ««Бұл жоба Үкіметтің ұдайы бақылауында. Бүгін үкіметтік топ стансаны және оның инфрақұрылымдарының нысандарын тексеріп шықты. Орындалған жұмыстардың ауқымы - 90 пайыздан асады, плотина салынған, деривациялық жүйе құрылысы аяқталып келеді, ГЭС ғимаратының жабдықтарын монтаждау жүрізілуде; гидроэнергетиктерге арналған кент (коттедж үлідегі 80 тұрғын үй), ғимараттар, жолдар, желілер салынуда. Қазір ГЭС құрылысының жауапты кезеңдерінің бірі - Бестөбе су қоймасына 238 млн. текшеметр сумен толтыру жұмыстары басталды. Бір сөзбен айтқанда, құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде, Президент тапсырғандай, ГЭС желтоқсанда пайдалануға беріледі», - деді ол.

Айта кетейік, ТМД кеңістігіндегі жоғары арынды үш ГЭС-тің бірі болып саналмақ оның 500 метрлік сарқырамасы бар. Нысанды пайдалануға беру желтоқсан айына - Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны - 360 млн. АҚШ долларынан асады. Стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаны Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру ауқымында Қазақстанның Даму банкі мен Қытайдың Мемлекеттік даму банкі қаржыландыруда. ҚДБ бойынша несие желісі 133 млн. АҚШ долларына дерлік қаражатты құрайды, сондай-ақ «Самұрық-Энерго» 38 млн. доллар көлемінде өз қаржысын салды.

Алқалы жиын денсаулық мәселелеріне арналды

Ағымдағы жылы Ислам Ынтымақтастық Ұйымы төрағалығының тізгінін қолға алған Қазақстан ислам әлемі арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға барынша күш салып, Ұйымға мүше елдер арасында өзара іс-қимылды асыру бағытында да ауқымды жобаларды қолға алуда. Күні кеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында басталған ИЫҰ-ға қатысушы-мемлекеттер Денсаулық сақтау министрлерінің 3-ші ислам конференциясы соның айғағы. 57 мемлекеттің, бірқатар халықаралық ұйымдардың және байқаушы елдердің 400-ден астам өкілі бас қосқан жиынға қатысушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы құттықтау хат жолдады. «Денсаулық сақтау саласының көптеген мәселелері халықаралық маңызға ие болуда және оларды бірлесіп қана шеше аламыз. Бүгінгі конференцияда жалпы адамзаттың денсаулығын сақтау проблемаларын қарастыруды ұсынамыз. Біз ана мен баланың денсаулығын сақтау, СПИД індетінің алдын алу, туберкулезге қарсы күрес саласындағы мәселелерді шешу жөніндегі ынтымақтастығымызды арттыруды жоспарлап отырмыз», - делінген ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев оқып берген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Алқалы жиын барысында 2012-2022 жылдар аралығында ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау саласындағы іс-қимыл стратегиялық бағдарламасының жобасы талқыланды. Ал ертең, қазанның 1-і күні медициналық қызмет саласы аясында ИЫҰ елдерінің ынтымақтастығын бұдан ары қарай нығайту мақсатында Астаналық декларация мен бірқатар қарарлар қабылданбақ.