19:30, 09 Желтоқсан 2011 | GMT +5
Молдавияда орыс тілінде сөйлеген таксистерге айыппұл салынады
АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Молдавияда орыстілді таксистерге клиенттермен мемлекеттік тілде, яғни молдован (румын) тілінде сөйлемегені үшін айыппұл сала бастады. Бұл туралы нарықты бақылау, метрология және тұтынушылар құқықтарын қорғау Бас мемлекеттік инспекциясының өкілі Сергей Лелик мәлім етті.

«Соңғы ай ішінде клиенттерге мемлекеттік тілде ақпарат бере алмайтын, жұмысына селқос қарайтын такси қызметінің диспетчерлеріне де, таксистердің өздеріне де шағымданған тұтынушылардан көп қоңыраулар түсіп жатыр», - деді журналистерге Лелик.
Мұндай талапты бұзған такси қызметіне қатысты хаттамалар толтырылды, ал айыппұл мөлшерлерін сот анықтайды. Такси қызметтеріне кемшіліктерді жою кеңесі берілді.