Молдова азаматтары конституцияға «еуропалық» өзгерістер енгізуге қарсы шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Молдованың Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауын да, онымен бірге бір уақытта өткен елдің Еуропа одағына қосылуына қатысты референдумды өтті деп таныды. Оны өткен деп тану үшін сайлаушылардың кемінде 33%-ы қатысуы қажет болды, іс жүзінде бұл сан 51,57 пайыз, деп хабарлайды Euronews.

сайлау
Фото: g4media.ro

Бірнеше учаскеде, соның ішінде шетелде (Бухарест және Мәскеуде) халықтың көп келуіне байланысты жұмысты бірнеше сағатқа ұзарту шешімі қабылданды.

Полицейлер кем дегенде 145 заң бұзушылықты тіркеді. 
ОСК жариялаған мәліметтерге сәйкес, бюллетеньдердің 58 пайызын санағаннан кейін сайлаушылардың 55,5 пайызы конституцияға ЕО-дағы бағыт туралы ережелерді енгізуге қарсылық білдірді. 

Президенттік сайлауда (бюллетеньдердің 63%-ын санау қорытындысы бойынша) Майя Санду көш бастап (36,1%), одан кейін Александр Стояногло (29,1%) тұр. Бақылаушылардың атап өтуінше, бұл сан одан әрі санау кезінде өзгеруі мүмкін. 

Бұрын хабарланғандай, ағымдағы сайлау – Молдова үшін осы жолдағы алғашқы күрделі сынақ. 

Еске сала кетсек, 2023 жылдың соңында Майя Санду Молдова президенті болып қайта сайлану ниеті туралы мәлімдеген болатын.

Соңғы жаңалықтар