Моңғолия алғаш рет Дүниежүзілік жылқы күнін атап өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолияда елдің бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы бекіткен Дүниежүзілік жылқы күні алғаш рет ресми түрде аталып өтті, деп хабарлайды МОНЦАМЭ.
Салтанатты шара 13 шілдеде Хүй долоон худаг жерінде өтіп, оған Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх қатысты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде моңғол жылқысы адамзат тарихында, көшпелі өркениеттің қалыптасуында және Шығыс пен Батыс арасындағы байланысты нығайтуда маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Сондай-ақ ол жылқының Моңғолияның ұлттық мұрасының ажырамас бөлігі екенін айтты.
Президенттің мәліметінше, бүгінде әлемде 60 миллионнан астам жылқы бар, оның 5 миллионнан астамы Моңғолияда өсіріледі. Ел жылқы саны бойынша әлемде төртінші, ал жан басына шаққандағы жылқы саны бойынша бірінші орында тұр.
Ухнаагийн Хүрэлсүх 2025 жылы жылқы мұрасын сақтау, зерттеу және насихаттау мақсатында Дүниежүзілік жылқы күнін белгілеу бастамасын көтергенін еске салды. Кейін бұл ұсынысты БҰҰ Бас Ассамблеясы қолдап, мереке енді жыл сайын ұлттық Наадам мерекесі аясында ресми түрде атап өтілетін болды.
Дүниежүзілік жылқы күні аясында алғаш рет халықаралық ат жарыстары ұйымдастырылып, елдің барлық өңірінен келген шабандоздардың қатысуымен салтанатты шеру өтті.
Бұған дейін Моңғолияда бірегей түркі ескерткіштерін қорғауға арналған қоршаулар ашылғаны хабарланған болатын.
Айта кетелік Моңғолия Дүниежүзілік жылқы күнін алғаш рет халықаралық деңгейде өткізетіні туралы жазған едік.