Моңғолия дзюдошылары қазақ балуандарының «бас ауруына» айналып отыр - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 16 қазан, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданындағы «Мәдениет» орта мектебінің директоры аталған білім мекемесінің мұғалімін тапаншамен қорқытқан, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы « Оңтүстік Қазақстанда мектеп директоры шектен шыққан әрекетке барды» деген мақалада.
Басылымның жазуынша, директор Динара Атабаева ауыл мектебіне биыл орналасқан жас мұғалім Нұрмұрат Шәдиевтен жұмыстан кетуін талап еткен. Бұған келісе қоймаған мұғалімге директор екі жігітті жұмсап, солар арқылы қысым жасаған. Ал әлгі азаматтар Н.Шәдиевке тапанша кезеген. Нақтылай айтқанда, директор мұғалімді қызметтік бөлмесіне шақыртып алады да, оны сыртынан кілттеп кетеді. Іле бөлмеге бейтаныс екі жігіт кіріп, оған қару кезенген. «Оң жағымдағы адам тапанша кезеді маған. Екеуі «жазасың, болмаса, өлтіріп тастаймыз» деді. Мен амалдың жоқтығынан жаздым», - дейді Н.Шәдиев. Сол күні информатика пәнінің мұғалімі Шәдиев қолы қалтырап, кітабын сөмкесіне сала алмаған. Әлгі екі бөтен жігітті көргендер де бар екен. Олар бетін бүркемелеп жүріпті. Ауыл тұрғындары осы оқиғадан кейін балаларын мектепке жіберуге жүректері дауаламай отыр. Алайда, бұл дерекке қатысты мектеп директорының өз айтары бар көрінеді.
Динара Атабаева: «Информатика пәнінің мұғалімі өз тегін қате жазатын маман болғандықтан, жұмыстан шығыңыз дегенім рас, ал қару кезенді дегені, ақиқатқа жатпайды», - депті. Бұдан бөлек ол: «Жеке іс парағына тіркеуге өмірбаяныңды жазып бере салшы деп едім, ол бала жазып бере алмады. Тек қана аты-жөнін жазды, оның өзі де қате», - дейді мектеп директоры.
Қазір осы оқиғаға байланысты мектеп мұғалімдері мен ата-аналардың пікірі екіге жарылған. Олардың бір тобы Н.Шәдиевті жақтап сөйлесе, екінші жағы директорды қорғаштауда.
Айта кетейік, бұл оқиғаға байланысты арыз түскенімен, полиция қылмыстық іс қозғаудан бас тартыпты.
Тарихи тұлғалардың арасында қазақ батыры - Жанқожа Нұрмұхаметұлының алатын орны ерекше, деп жазады аталмыш басылым «Дәуір және дара тұлға» атты мақалада.
Басылымның атап өтуінше, XIX ғасырдың бірінші ширегінің аяғына таман қазақ жерінде мемлекеттілік күйреп, оның орнына ресейлік әкімшілік-басқару жүйесі орнығады. Бытыраңқылық кезеңдегі халықты - жартылай жетім десек, мемлекетінен толығымен айырылған қазақ халқын XIX ғасырдың бірінші ширегінің соңында нағыз жетім болды деуге болады. Бірақ халық жойылып кеткен жоқ. Өйткені, халқын қорғайтын тұлғалардың қашанда ел ішінен шығып отыратыны белгілі. Осындай қиын заманда Жанқожа батыр секілді тұлғаның тарих бетіне шығуы заңды құбылыс.
Жанқожа батыр заманындағы Қазақ жерінің батыс бөлігіндегі жалпы саяси жағдай осындай болатын. Енді батырдың өмір сүрген өңіріндегі нақты саяси ахуалға тоқталсақ.
XIX ғасырдың алғашқы ширегі Сырдың төменгі ағысы бойы мен Арал маңындағы қазақ халқы үшін өте шиеленісті жағдайда болды. Бір жағынан Ресей, екінші жағынан Хиуа өңірге өз үстемдігін жүргізуге ұмтылса, үшінші жағынан жергілікті билеуші топтың белсенді өкілдері жанған отқа май құйғандай, жеке-дара билікке таласып, жағдайды одан әрі ушықтырады. Осы жылдары өңірдің саяси өмірінде Арынғазы хан, Шерғазы Қайыпұлы, Жанғазы Шерғазыұлы (Мананбай), Қаратай сұлтан, Шерғазы хан Айшуақұлы, Хиуа ханы Мұхаммед Рахим хан және тағы басқа тұлғалар белсенділік көрсетеді.
Жанқожа батырдың нағыз тұлғалық бейнесі XIX ғасырдың 20-40 жылдары анық байқалады. Хиуа бекіністеріне шабуылдар жасайды, елден тартып алынған малдарды кейін қайтарады, тұтқынға алынған жандарды босатады. Тіпті, Хиуаның жазалаушы әскерімен ашық майданға шығып, оларды тас-талқан етіп жеңеді. Қоқан хандығының Сыр бойындағы бекіністеріне шабуылдар ұйымдастырады. Батырдың осындай әрекеттері оны ұлттық деңгейге көтереді. Осы ғасырдың 30-50 жылдары Жанқожа батыр Арал маңы мен Сырдың төменгі ағысы бойындағы ең беделді, ең танымал тұлғаға айналады.
Жалпы қорыта келе, Жанқожа батырдың өмір сүрген заманы қазақ тарихындағы ең бір қиын-қыстау кезең болды деп санаймыз. Қазақ қоғамындағы билеуші топтар арасында ішкі бірліктің болмауы мемлекеттің әлсіреуіне, ал одан кейін оның күйреуіне алып келеді. Қорғанынан айырылған халық бір жағынан Хиуа, Қоқан секілді хандықтардың езгісіне түсіп, қорлықтың небір түрін көрсе, екінші жағынан Ресей отаршылдығының ауыр азабына тап болады. Жеке басының мүддесін ойлаған небір билеуші топ өкілдері сатқындық жолына түссе, Жанқожа батыр секілді қарапайым халықтан шыққан тұлғалар намыс пен елдікті ту етіп ұстап, бар күшімен айқасқа түседі. Міне, осындай тұлғалардың өмірі қазіргі қазақ халқы үшін әрі үлгі, әрі өнеге болса керек. Қазіргі замандағы күрделі үдерістер қашанда тарихтан сабақ алуға итермелейді. Жанқожа батыр заманының ең басты тарихи сабағы - ұлттық мемлекетті сақтау болса керек. Ол үшін қоғамда, оның мүшелері арасында бірлік болуы тиіс. Сонда ғана қазақ қоғамы өзінің алдында тұрған тарихи міндеттерді шеше алады, жаңа заманның жаңа талаптарын орындай алады, деп жазады мақала авторы.
***
Бүгінде ұмыт болып бара жатқан кітап оқу дәстүрінің адам санасына ғана емес, денсаулығына тигізер оң әсері көп екен. Жалпы, оқу барысында адамның бойында біраз өзгерістер орын алатын көрінеді. Яғни, есте сақтау қабілеті жақсарып, түйсігі жоғарылайды. Біле білсеңіз, тарихта аты қалған мықты тұлғалардың көбісі кітап оқудағы жылдамдығымен ерекшеленген. Демек, жылдам оқу әдісін дамыта түскен сайын адамның түрлі қабілеті ашылуы мүмкін, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Кітапты жылдам оқыған жақсы ма?» атты мақаласында.
Басылымның атап өтуінше, кітап оқудың пайдасын бәріміз жақсы білеміз. Ол адамзаттың рухани азығы. Сондай-ақ ол біздің миымыз бен көзіміздің жаттығу алаңы іспетті. Оқыған сайын, мидың жұмысы жақсарады. Ал мидың дұрыс жұмыс істеуі адамның ширақ жүруіне оң ықпал ететіні анық. Көзге тигізер әсері - қырағылық пен байқампаздықты арттырады. Рухани жағын алатын болсақ, адамның көкірек көзі ашылып, қоршаған ортаға басқа көзқараспен қарайтын болады. Тура және ауыспалы мағынасында да адамның көп нәрсеге көзі ашылады. Сондай-ақ оқу адамның ойын жинақтауға көмектеседі. Мәселен, адам жан-жағыңдағы у-шуға қарамастан кітап оқи алады. Демек, ол қандай да бір қиын сәтте бар ынтасын кітапқа аударып, қызықты әңгіме оқыса, ауыр ойлардан айығып, кәдімгідей демалып қалады. Бір сөзбен айтқанда көп оқу - адамның өзін-өзі дамытуына жол ашады.
Орта есеппен алғанда, адам минутына 200-250 сөз, яғни 2 бет оқып шығады екен. Ал әлемдегі адамдардың 5 пайызы өте баяу оқитындықтан олар минутына 180-220 сөзді ғана оқып үлгереді. Бір қызығы, асықпай оқу барысында адам кітапта жазылған дүниенің 60 пайызын ғана қабылдай алады екен. Жылдам оқығанда, керісінше, туындының 80 пайызын түсінуге мүмкіндік туады. Жылдамдыққа сай ақпарат тез қабылданып тез сіңетін көрінеді. Сондай-ақ зерттеушілер жылдам оқығаннан гөрі, асықпай оқығанда көздің тез талатынын анықтапты. Қарапайым адам бір нүктеге қарағанда 10 әріптік белгіні көруі мүмкін, яғни көзінің көру аумағы бір мезетте 1-2 сөзді қамти алады. Ал жылдам оқитын адамның мүмкіндіктері жоғары. Ол бір зер салғанда 200-500 белгіні, яғни, 33-83 сөзді бірақ көре алады екен.
1980 жылы Мәскеуде алауы тұтанған ХХІІ жазғы Олимпиада ойындарында дзюдодан Моңғолия құрамасы айды аспанға шығарып, қос жүлдені олжалағанын көзіқарақты жанкүйерлер әлі де ұмыта қойған жоқ.Атап айтсақ, 65 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Цэндийн Дамдин күміс медальді иеленсе, 71 келі салмақта белдескен Равдангийн Даваадалай қолаға қол созды. Осылайша, қос саңлақтың есімі жеңіс тұғырына көтерілген тұңғыш моңғол дзюдошылары ретінде тарихта қалды, деп жазады аталған басылым «Моңғолия дзюдошылары қазақ балуандарының «бас ауруына» айналып отыр» атты мақалада.
Басылымның жазуынша, Мәскеу Олимпиадасынан кейін де Моңғолияда күрестің бұл түрі бірден еңсе тіктей қоймады. Келесі қомақты табысқа қол жеткізу үшін оларға ұзақ уақыт бойы тынбай еңбектену қажет болды. Алайда алдындағы апайтөс ағалары салып кеткен сара жолды жалғастыруға бел буған мыңдаған жас өрендер еш дамыл тапқан жоқ. Олар дзюдо үйірмесінің есігін айқара ашты. Жаттығу залында жанкештілік танытты. Татамиде аянбай тер төкті, Ізденді. Алдарына биік мақсат қойды. Ақыры өздерінің өр мінездерінің арқасында көздеген мақсаттарына қол жеткізді. Әйгілі Цэндийн Дамдин мен Равдангийн Даваадалайдың ерлігін уақыт оза Доржпаламын Нармандах пен Хашбатаар Цагаанбаатар сынды саңлақтар қайталады. Алғашқысы - 1996 жылы Атлантада өткен ойындарда, екіншісі 2004 жылы Афина Олимпиадасында үшінші тұғырға табан тіреді.
2008 жыл. Бейжің Олимпиадасы. 100 келі салмақ дәрежесінің ақтық айқасы. Бұл бәсекеде қазақстандық Асхат Жіткеев пен моңғолиялық Тувшинбаяр Найдан күш сынасты. Күллі Алаш жұрты демін ішке тартып, өз жерлесінің тілеуін тіледі. Өйткені бұған дейін Қазақстанның туы астында өнер көрсеткен бірде-бір балуан Олимп тұғырына көтерілмеген еді. Сол көшті Асхат бауырымыз бастап, Аспанасты елінде төселген татамиде алтын алады деп үміттендік. Алайда арманымыз орындалмады. «Жан алысып, жан беріскен» айқас Найданның пайдасына шешіліп, Бейжің көшінде Моңғолия әнұраны шырқалды. Ал Асхат Жіткеев күміс медальді қанағат тұтты.
Бұған дейін балуандарымыз ұзақ уақыт бойы жапон жігіттерін жыға алмай жүргені есімізде. Оған аса таңданған жоқ едік. Себебі Жапония - дзюдоның Отаны. Яғни Күншығыс елінің өрендері күрестің бұл түрі бойынша әлемдегі көшбасшы мемлекет саналады. Десек те, кейіннен кейбір жерлестеріміз жапондарды жығып, кейбірі терезесі тең өнер көрсететіндей деңгейге жетті. Өйткені қабілетіміз бен әлеуетімізді көрді. Қазақтардың қаншалықты қарулы екеніне көз жеткізді. Бірақ одан кейін басқа проблема пайда болды. Бүгінгі таңда Моңғолия дзюдошылары қазақ балуандарының «бас ауруына» айналып отыр. Осы мәселені қалай шешуге болады? Тығырықтан шығудың жолы қандай? Осы секілді өзекті мәселелер отандық қазақстандық бапкерлерді ойландыруға тиіс, дейді мақала авторы.