Моңғолия мектептерінің оқу бағдарламасына шахмат енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет шахматты кәсіби спорт деңгейінде дамытумен қатар, оны бұқаралық спорт түріне айналдыруға ерекше көңіл бөліп, мектептердің оқу бағдарламасына енгізу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Монцамэ.

Моңғолия мектептерінің оқу бағдарламасына шахмат енгізіледі
Фото: Монцамэ

Ұлан-Батырда 2026 жылғы балалар арасындағы ұлттық шахмат чемпионаты басталды. Чемпионатқа 21 аймақ пен астанадан мыңға жуық жас шахматшы қатысып жатыр. Олардың қатарында 50-ден астам халықаралық шебер, ФИДЕ шебері және спорт шеберлігіне кандидат бар.

Моңғолияның Премьер-министрі әрі Моңғолия шахмат федерациясының президенті Гомбожавын Занданшатар қатысушыларға жолдау арнады. Онда Халықаралық шахмат федерациясы 2026 жылға «Шахматты білім беру жүйесіне енгізу» бағдарламасын негізгі мақсат ретінде белгілегені айтылған.

Жолдауда сондай-ақ мемлекет шахматты дамыту мен насихаттауды жүйелі түрде қолдайтыны атап өтілді. Атап айтқанда, үздік спортшыларды марапаттау, ұлттық және халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік беру, сондай-ақ елде беделді халықаралық турнирлер өткізу жоспарланған.

— Шахматпен айналысып, қабілеттерін дамытып, Азия мен әлемнің үздік шахматшыларымен бәсекеге түсіп жүрген жас азаматтарымызды мақтан тұтамын. Сондай-ақ балалардың осы спорт түріне қызығушылығын арттыруға үлес қосып жүрген ата-аналарға, мұғалімдер мен жаттықтырушыларға алғыс айтамын, — делінген жолдауда.

Айта кетейік, 2025 жылы моңғолиялық жас шахматшылар халықаралық турнирлер мен мектеп оқушылары арасындағы Азия чемпионаттарында 30 медаль жеңіп алған.

Осыдан бұрын Моңғолия туризмді қалпына келтіру қарқыны бойынша әлемнің ТОП-20 еліне енгенін жаздық.

Соңғы жаңалықтар