Моңғолия мен Қазақстан келісімдерді жүзеге асыру кезеңіне өтті — Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары

АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолияның Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Нормтойбаяр V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысында Қазақстан-Моңғолия қатынастарының дамуы жөнінде пікір білдірді.

Моңғолия мен Қазақстан келісімдерді жүзеге асыру кезеңіне өтті — Моңғолия Премьер-министрі
Фото: Ақорда

Ол бір айдан астам уақыт бұрын Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгенін еске салды.

Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында тараптар бірқатар маңызды шешімдерге қол жеткізген.

— Қол қойылған құжаттар мен келісімдердің кейбірі екі айдан кейін күшіне енетінін және біз оларды жүзеге асыруға кірісетінімізді атап өткім келеді. Бұл Моңғолияның сыртқы саясатымен толық үндеседі. Біз халықаралық сауданы әртараптандыруға және экспорт нарықтарын кеңейтуге толық бейілміз, — деді Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары.

Айта кетейік, сәуір айында Қазақстан және Моңғолияның мемлекеттік органдары мен бизнес өкілдері 19 келісімшартқа қол қойған еді.