Моңғолия жем-шөп пен ұнға баж салығын уақытша тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолия Парламенті жем-шөп пен ұн импортына салынатын кедендік баждарды алып тастайтын қарарды мақұлдады. Бұл туралы Монцамэ хабарлады.

мал шаруашылығы
Фото: Монцамэ

11 желтоқсанда Моңғолияның Жоғарғы Мемлекеттік Хуралының (Парламентінің) жалпы отырысында «Қарарға өзгерістер енгізу туралы» жобасы бірінші оқылымда қатысқан депутаттардың басым даусымен қабылданды.

Осыған байланысты депутат Пурэвжавын Сайнзориг қаралып жатқан құжат қабылданғаннан кейін мал өсіретін шаруалар мен кәсіпорындарға қандай мүмкіндіктер ашылатыны жөнінде түсініктеме беруді сұрады.

Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрі Мягмарсурэнгийн Бадамсурэн қарар қабылданған соң Үкіметке тиісті өкілеттіктер берілетінін атап өтіп, Батыс аймақта орналасқан бес шекара бекеті арқылы бидай ұнын, мал азығын және жемдік қоспаларды кедендік төлемсіз (бажсыз) импорттауға мүмкіндік берілетінін хабарлады.

Қарар 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін күшінде болады. Бұл шешім ауыл шаруашылығы саласындағы қазіргі жағдайды ескере отырып қабылданған және бидай ұнының үздіксіз жеткізілуін, оның қорын толықтыруды, сондай-ақ қолайсыз табиғи-климаттық жағдайлар салдарынан туындауы мүмкін мал азығы тапшылығының алдын алуды мақсат етеді.

Осылайша, Моңғолия Үкіметі бұл қарардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз етуге жауапты және қажетті өкілеттіктерге ие болып отыр.

Қарарды жүзеге асыру негізгі азық-түлік өнімдерінің тұрақты қорын қалыптастыруға, мал азығы тапшылығының алдын алуға және халық пен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына қолдау көрсетуге ықпал етеді деп күтіледі.

Осыдан бұрын Мәжіліс Қазақстан мен Моңғолияның зейнетақы ынтымақтастығы жөніндегі құжатты қабылдағанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар