Моңғолияда қазақстандық экспортты қолдайтын Серіктестік кеңсесі ашылады
АСТАНА.KAZINFORM — Моңғолияда қазақстандық экспортты ілгерілету және бизнесті қолдау мақсатында Серіктестік кеңсесі ашылады.
2026 жылғы 17–19 маусым аралығында Сауда және интеграция министрлігінің Бірінші вице-министрі Айжан Әділқызы Бижанова бастаған қазақстандық делегация Моңғолияға жұмыс сапарымен барды.
Сапар аясында Моңғолия Үкіметі басшылығымен, атап айтқанда Премьер-министрдің орынбасары Нямтайширын Номтойбаярмен, Өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрі Гонгорын Дамдинняммен, Экономика және даму министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Идэшийн Батхуумен, сондай-ақ елдің бизнес және салалық қауымдастық өкілдерімен кездесулер өтті.
Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту перспективаларын, өзара сауда көлемін ұлғайту, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, көлік-логистика бағыттарын дамыту және екі ел кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Сапар барысында тау-кен және өңдеу өнеркәсібіндегі ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Бұл бағыт Қазақстан мен Моңғолия арасындағы өзара іс-қимылдың ең келешегі зор салаларының бірі саналады. Қазақстандық делегация «Erdenes Mongol» мемлекеттік холдингінің, «Erdenes Critical Minerals» компаниясының, Моңғолияның ірі өнеркәсіптік тобы «Mongolyn Alt (MAK)»-тың басшылығымен, сондай-ақ Моңғолия ұлттық тау-кен қауымдастығының өкілдерімен келіссөздер жүргізді.
Кездесулер барысында минералдық-шикізат қорын игеру, пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу, жоғары қосылған құны бар өндірістік тізбектерді дамыту, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану саласында тәжірибе алмасу мәселелері қарастырылды. Қазақстан тарапы тау-кен өнеркәсібі кәсіпорындарының әлеуетін таныстырып, шикізатты өңдеу, өнеркәсіптік жабдық шығару және заманауи технологияларды енгізу бағытындағы мүмкіндіктерін ұсынды.
Сауда-инвестициялық ынтымақтастықты қаржылай қолдау мәселелері бойынша Моңғолия Ұлттық банкінің төрағасымен де келіссөздер өтті. Тараптар сыртқы сауда операцияларын қаржылық қамтамасыз ету, кәсіпкерлерге арналған қаржы құралдарын кеңейту және инвестициялық әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады.
Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі – «QazExportPromotion» АҚ мен моңғолиялық «МАКС ГРУПП» холдингі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы болды. Құжат Моңғолияда қазақстандық экспорттаушыларға қолдау көрсететін, жаңа іскерлік серіктестер іздеуге, бизнес-миссиялар мен көрмелер ұйымдастыруға, сондай-ақ отандық өнімді ілгерілетуге арналған тұрақты жұмыс істейтін Серіктестік кеңсесін ашуды көздейді.
Жаңа кеңсенің ашылуы екі ел кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланыстарды нығайтып, қазақстандық бизнестің Моңғолия нарығындағы қатысу аясын кеңейтуге, соның ішінде өнеркәсіп пен технологияның жаңа бағыттарын игеруге ықпал етеді.
Сапар аясында «GP Bright», «MAX Impex», «BUJT LLC», «Green Group Mongolia», «Goyol Cashmere», «Khanbogd Cashmere» компанияларының және салалық ұйымдардың өкілдерімен де кездесулер өтті. Кездесулер барысында агроөнеркәсіп кешені, өнімді өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру, жеңіл өнеркәсіп және экспортқа бағытталған өндірістерді дамыту салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Сауда байланыстарын кеңейтуге Моңғолия мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы Уақытша сауда келісімінің күшіне енуі де серпін береді. Бұл құжат қазақстандық өнімдердің Моңғолия нарығына шығу мүмкіндігін одан әрі арттыруға қолайлы жағдай жасайды.
Айта кетелік Қазақстан мен Моңғолия аграрлық ғылым саласында ынтымақтастықты күшейтеді.