Монпелье турнирінің ширек финалында қос қазақстандық теннисші кездеседі
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандықтар, әлемнің 59-ракеткасы Александр Шевченко Монпелье (Франция) ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 104-ракеткасы, франциялық Грегуар Баррермен кездесті.
А.Шевченко бірінші партияда тай-брейкте әбжілдік танытты - 7:6 (7:3).
Екіншісінде франциялық спортшы қарымта қайырды - 6:2.
Шешуші, үшінші партияда Шевченко брейк жасап, басымдылығын сақтап қалды - 6:3.
Екі сағатқа созылған матчта А.Шевченко 6 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың біреуін пайдалана білді. Қарсыласы 2 эйс, 2 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, жарыстың ширек финалында Александр Шевченко мен Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик өзара кездеседі. Қай жеңгені жартылай финалға өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Монпелье турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева Үндістандағы жарыстың жартылай финалына өтті.