«Москва үшін шайқас»: Алдағы сарын
АСТАНА.ҚазАқпарат - 95 жылға жуық тарихқа ие, еліміздегі тұңғыш Халықаралық дәрежесі бар ҚазАқпарат агентігі Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынады. Б.Момышұлының бүл туындысы қазақ әдебиетінде соғыс тақырыбына жазылған алғашқы үлкен шығарма болып есептелінеді. Шығармада қанды соғыстың қатігез бейнесі шынайы бейнеленген.
Елбасының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында коптеген роман, повесть қисса, дастандар жарық көрді. ҚазАқпарат халықаралық ақпарат агенттігі қоғамға қажет, өсіп келе жатқан жастарға патриоттық тәрбие беретін осындай шығармаларды беруді әрі қарай жалғастырады.
***
АЛДАҒЫ САРЫН
Біз далада тұрмыз. Айнала жер сілкінгендей... Алда соғыс болып жатыр. Бәсекелесе атқыласқан зеңбіректердің, жарылған снарядтардың даусы тау бұзылып, тас жарылғандай айналаны азаннан бері күңірентуде. Көкте жемтік үстінде айналған қара кұстай қалқып ұшып жүрген самолеттер. шеңберді біраз айналып, жердегі нысанасын көргенде олар құйрығын жоғары көтеріп, құлай төмен зуылдап барып, бомбаларын құмалақтағандай тастай беріп, қайта түзеліп өрши-өрлеп кетеді. Жарылған бомбалардың сарыны күннің күркірегеніндей күрілдей естіледі. Алда соғыс болып жатыр. Барлығымыздың екі көз, қос құлағымыз алда. Соғыс ойраны сағат сайын өршіп, дабыл үстіне дабыл қаққандай күңіреніп, орман үстінен будақ-будақ қара түтін көрінеді: арпалыс айқас Ядрово мен Дубосековоның маңайында болып жатыр. Алда біздің дивизияның полктары соғысып, қан майданда дұшпанмен кеңірдек шайнасып арпалысуда. Біз орнымыздамыз. Бізді генерал майданның төріне шығарып, екінші эшелонға қойған. Жігіттер орларын қазып, дайындалып, қамданып жатыр. Кейбіреулері алдағы ойранның дүбіріне еліре қарап қояды да, күрегін жерге батыра басып, кесекті құштарлана лақтырады... Мен қыстақтың шетіне, алға бара жатырмын. Күрегін ұстап Ор басында, алға таңдана қарап тұрған, жасы отызға жақындап қалған бір орыс жігітінің жанынан өте беріп оған мен:
- Курбатов, сен неғып еліріп тұрсың? - дедім. Ол маған жалт қарап, езуін жиып:
- Жолдас комбат, құрғырдың ішінде болғанда қызулықпен сезбей, дабылын алыстан естігенде кәдімгідей дене түршігеді екен, - деді.
- Ой, жігітім - ау, сен не деп малтаңды езіп тұрсың, егер сендей тіс қаққан көкжалдың денесі түршіксе, басқалардың халі қандай болмақ, - деді оған қасымдағы Бозжанов қалжыңдап.
- Ай, жолдас политрук-ай, - деді ол арсалаңдап, - бір сөзге келтірмей кей уақытта қайырып тастайсың - ау. Мені көкжал десеңіз, мен сізді арыстан дер едім, жолдас политрук...
-Жарайды, ерім. Көкек өз атын өзі шақырады дегендей, екеуің де біріңді-бірің мақтап алдыңдар. Біздің кезек бүгін-ертең келеді. Қайсың көкжал, қайсың арыстан екеніңді сонда көрсетерсіздер, - дегеніме екеуі де мәз болғандай қарқ-қарқ күлді. Алдағы төбешіктің қасына шықтық. Бақылап тұрмыз. Соғыс дабылы саябырлар емес. Мұхит толқынындай өрге шапшиды. Сарыны өктемдеп барады. Біраздан соң тықыршып, тыныш тұрмайтын қызба денелі Бозжанов маған:
- Ақсақал! Бұл жерде неғып тұрмыз? - деді.
- Алдағымен тілдесіп тұрмыз, - дедім мен оған қарамастан.
- Мына сарынның сырын байқағалы тұрсыз ба? - деді ол тағы да.
- Тыныш тұрғын! - деп бұрылмастан зекірдім.
- Ия, ойыңызды бөлмей-ақ қойдым енді, - деді ол өкпелі дауыспен. Рахимов болса манадан бері тіс жармай тұр. Оған қарасам, ол ауыр ойға шомған тәрізді. Екі көзі алда. Алдағы орман жиегінде бірнеше жерден бұрқ етіп, қарақұрым шоқыланып, бес-алты құйын аспанға көтеріледі. Оның артынан лезде дабыл қаққандай тарс-тұрс етіп жаңағы жерді қопара көтерілген снарядтардың жарылған дауыстары естіледі.
- Әне, көрдіңіз бе? Енді ол құлашын алдағылардан асырып бізге қарай сілтеді,- деді Бозжанов.
- Енді алдағыларға шабуылын кешікпей-ақ бастайды,-деді Рахимов.
- Апыр-ай, әлгі илеуден кейін, естерін жинап қарсы алуға мұршалары келмей қалмаса игі еді, - деп Бозжанов тыпыршиды.
- Хабибулла, сен барып телефонмен алда не болып жатқанын білші, - деп мен Рахимовты штабқа жұмсадым. Ол шұғыл бұрылып кетіп бара жатқанда: - егер алда шабуыл басталса, дайындық туралы тиісті бұйрықтарды бере бер,- дедім оған.
- Жарайды, жолдас комбат. - Ол бұрылып: - сізге қалай хабарлайын? - деп сұрады.
- Біз кешікпей-ақ қайтармыз.
- Ойпырмай, ақсақал, алда ойран соғыс болып жатыр-ау, ә, - деді Бозжанов.
- Оның ойы бізді бомбалап-бомбалап, есімізден тандырып, үстімізден аттап, алға жөнелмек қой, - деп оған алдыңғы күнгі генералдың ой-пікірлерін айттым.
- Жарықтық, біздің генерал өте зерек кісі ғой, - деді Бозжанов әңгіменің аяғында.
- Дұшпанмен тілдескендей тапа ойының үстінен шыққанын қараңызшы...-Генералдың болжауы дұрыс шықса, енді ауыр салмақ бізге түспек. Ол не бүгін кешке, не ертең азанда, - дедім оған мен келе жатып.
- Ол кісінің біздің батальонға сенемін дегені, бұйрықтың барып тұрған зілдейі екен, ауыры екен, - деді ол біраз ойланып.
- Ия, солай, Жолтай, ауыр жүкті нар көтереді. Бізді сынар сағат алда, қашық емес. Ал, енді сен жігіттерге барып, барлық жағдайды оларға түсіндіріп айтқын.
- Жарайды, жолдас комбат, - деп ол оң жақтағы орға бұрылып кетті. Алдыңғы шептегі көріністер
Рахимов пен Бозжанов батальонды аралап, дайындық қызметін атқара берсін. Ал, оқушы, сіз екеуміз алға - соғыс болып жатқан жерге барып, кеш батқанша, ең болмаса шет - жағасын көріп қайталық. Мыканино деревнясына баратын жолмен он жеті жауынгер жүріп келеді. Олардың алдында баяғы өзіміз білетін лейтенант Петр Угрюмов. Ол жан-жағына жалтақтамай қолын құлаштап, ешқайда бұрылмай, сілтеп басып барады. Тұрпатына қарағанда, бұл айналада болып жатқан арпалыс-шайқастың бәрін елемей, адымдай басып бара жатқан сияқты. Ақ құба келген, ұзын бойлы бір жігіт аяғын жылдам басып, сапты қуып жетті. Бұл - политрук Григорий Георгиев... Айнала күңіреніп снарядтар мен бомбалар түсіп, жерді қопара көтеріп, отты қара жалынын құйындай аспанға үйіре будақтатады. Миналар аңдай ұлып, келіп түседі де тарс етіп жарылады, оқтар зу-зу өтіп жатыр... Кейбір үйлер жанып жатыр, алдыңғы жақта бір окоптан екінші окопқа жүгіріп жан таласа соғысып жүрген жауынгерлер, биік қыраттардағы бақылау пунктінен төңіректі мұқият қадағалай қарап тұрған командирлер көрінеді. Траншеялар жонын тілгілеген сұрғылт далада сойқаны шығып соғыс жүріп жатыр. Кетіп бара жатқандардың бәрі де танкке қарсы шабуыл жасауға бейімделген он жеті жасөспірім, жас жігіттер. Олар Мыканино деревнясының түбіндегі бекініске келіп орналасты. ...Строково деревнясының жанындағы көпірге ауыр жүк арқалаған бір топ жауынгерлер келіп, екіден, үштен деген команда бойынша бөлініп-бөлініп, төртбұрышты жәшіктерді қар үстінен сүйретіп, бірі көпір үстіне, бірі астына тарай бастады. Көпірдің жуан-жуан таяныштарымен өрмелеп, бірдеңе іздегендей, бірдеңе істеп, бекітіп жатқандай, балтамен шауып, балғамен ұрып, байлап-матап жатыр. Сырттан көргенде, олар көпірді жөндеп жатыр екен деп қаласың. Жоқ, олар көпірді жөндеп жатқан жоқ... Олар көпірді миналап жатыр. Жау танктері таяп келісімен, көпірді бұзу керек, тапсырма солай. Бұлар - саперлер, он бір жауынгер. Бір топтан екінші топқа жүгіріп, «дұрыс емес» дегендей қолын сермеп, «менің айтқанымдай істеңдер» деп жұртқа айқайлап, шала бүлініп жүрген сол он бірдің командирі секпіл бетті жас жігіт лейтенант Иван Березин. Траншеядан ытқып шығып артқа қарай жүгіріп, он қадам жерден кейін оқ тигендей мұрттай ұшып құлап, қайта тұрып, асыға басып тағы жүгіріп, тағы құлап, орманға жеткенше бір тұрып, бір жығылып бара жатқан лейтенант Мұқаметқұл Исламқұлов. Оны полк штабы шақырыпты... ...Орманның қалың ортасында үсті брезентпен жабулы арбалар тұр. Арбаларға байланған аттар, қар үстіне тасталған шөптің кәшегін жеп тұр. Одан арырақта, зәулім қарағайлардың түбінде, бір-біріне арасы жиырма-отыз метр жерде жорық ошақтарының түтіні шығып жатыр. Әрбір қазанның басында шолақ тонның сыртынан кір-кір халат киіп алып, қолдарына шөміш ұстап, аспаздар жүр. Бірнеше жауынгер: бірі ағаш жарып, бірі ошаққа отын жағып, бірі үсіген картопты аршып отыр. Бұл - батальонный ас дайындап жатқан жері. Онда жүргендер - аспаздар, отыншылар, сушылар, олардың көмекшілері. Барлығы жиырма адам.
...Орман шетінде қар басқан төбе тұр. Оған қарай бірнеше телефон сымы өрмек жібіндей созылған. Ол - полк командирінің бақылау пункті. Төбе астындағы ықшамды ағаш блиндаж жертөле. Оның төр алдында - сығырайған терезе. Үш аяқты артиллерия дүрбісі, жердегі ағаш скамейкалардың үстінде бірнеше телефон апараттары және қысқа антенналары, қысқа толқынды радио станция... Күңгірт блиндаждың ортасындағы кішкене стол үстінде екі майшам. Аласа бойлы. ашаң жүзді, қыр мұрынның суағарында төрт бұрыштап қойған қара мұртты бар полковник дүрбіге үңіле қарап тұр. Егер көкшілдеу келген көзі болмаса, оны түріне қарап, қарақұмның күнге күйген түрікмені ғой деп қалар едің. Бұл дивизия полк командирлерініц ішіндегі жасы жағынан да, қызмет мерзімі жағынан да жолы үлкен - полковник Капров Илья Васильевич. - Дубосековоның солтүстік шетінде екі дивизионның оғын қосарлап тез атыңдар. Сол жерден тағы да жаудың танктері мен жаяу әскерлері көрінеді. Тез! Солай, солай. Жақсы... Капитан Молчановқа хабарлаңыз, енді артиллерияның салмағын станцияға салмақпыз. Сол жерлерден де жаудың танктері мен жаяу әскерлері көрінеді. Бұдан былай Молчанов өз күшіне ғана сенсін. Бізден көмек күтпесін. Артиллеристерге бұйрық беріңіз. Н.биіктігін атқылап жатқан жау дивизионының үнін өшірсін. Ешкім орнынан қозғалмастан жауды оқпен қарсы алсын. Тез арада танк бұзатын гранаталар жеткізіліп, жауынгерлерге таратылып берілсін!.. Полковник соғыс алаңын қадағалай бақылап тұр, артына бұрылмастан, үздіксіз тапсырма, бұйрықтар беріп тұр... Бақылау пунктінің жертөлесіне генерал Панфилов кіріп келді. Қасында ашаң жүзді, қара қатпа, ойлы көзді, артиллерия полковнигі бар. Үстіне үйлесіп қонып тұрған әсем әскери формасы болмаса «бұл күнәһар дүниеде бәрі де өтеді де кетеді, өзгерістен кім қашып құтылсын» деп мырс күліп мысқылдап тұрған салқын мінезді философтың тас мүсініне ұқсайды. Бұл артиллерия полкының командирі Курганов.
- Жолдас генерал-майор, менің қарамағындағы полк...
- Сәлеметсіз бе, Илья Васильевич. Сәлеметсіз бе, - деп генерал қолын ұсынып, полковниктің сөзін бөліп жіберді.
- Отырыңыз, отырыңыз, Илья Васильевич, - генерал аспай-саспай шолақ тонының ілгегін ағытып болып.
- Илья Васильевич, құлақ салыңыз: мен генералмын, сіз жолдас полковниксіз. Ал, жасырмай-жаппай айтсақ, сіз екеуміздің ісіміз генералша да, полковникше де болмай жатқан жоқ па, осы? Сіз қалай ойлайсыз, мырзам? Осы біз не жарытып жатырмыз. Екеуміздің шеніміз де, шекпеніміз де әп-әдемі. Бірақ біздің ісімізге қарап жоғары дәрежелі бастықтар және халық ішінен «сенгендерім сендер болсаңдар...» деп жүрмесе игі еді! -деді.
- Жолдас генерал... - Мен 1938 жылдан бері генералмын, - деді Панфилов даусын көтеріңкіреп.
- Одан елге не пайда, Илья Васильевич? Рузадан шегіндік. Волоколамскіні жауға беріп, ал, сіздің сол жақ қанаттағы күшіңіз - яғни сіз өзіңіз бүгін жауға станцияны бердіңіз...
- Берейін деп бергенім жоқ, тартып алды... Капров осыны айтқанда Курганов өзін-өзі ұстай, алмай қарқ-қарқ күлді.
- Тартып алса ол дұрыс істеген екен, - деді Панфилов жымия күліп тұрып. - Ия, жолдас генерал, бізде устав бойынша шегінуге де рұқсат бар ғой. Біз басым күшті жаудың тықсыруымен уставта көрсетілгендей ұйымдаса, бытырамастан шегіндік...
- Демек, барлығы устав бойынша, ресми ереже бойынша, доп-домалақ, жұп-жұмыр екен, ә? - Ия, жолдас генерал! Әрине біз...
- Демек, дәлме-дәл устав бойынша істепсіз ғой, жолдас полковник? Ал, біздің устав бойынша жоғары дәрежелі командирдің бұйрығынсыз шегінуге болмайтынын сіз неге ұмытасыз, Илья Васильевич?
- Әрине, жолдас генерал, бірақ та...
- Илья Васильевич, сіз уставты бетке ұстап ақталмақсыз, бұл жерде устав сізге жақ бола алмайды. Оның сізге әзір пайдасы жоқ. Одан да гөрі соғыста болған жағдайға байланысты өзіңіздің шешіміңізді айтып, негіздеу дәлелдеріңізді келтіріңіз.
- Жолдас генерал, ол өзі айтып тұр ғой, өз еркіммен шегінген жоқпын, неміс мәжбүр етті деп, меніңше әрі нақты, әрі шын айтылған сөз, - деді Курганов күліп тұрып. Жә, жарайды, онан да сізде қазір жағдай қандай, соны саралап, саптайық. Мен бұл жерге Курганов жолдасты ертіп, жайбарақат ауыл қыдырып келген жоқпын. Жағдайыңыз қалай, кәне бәрін рет-ретімен айтыңыз.
- Шынымды айтсам, жолдас генерал, жағдай жақсы емес, тіпті жаман. Міне, жолдас генерал, көріңіз, мынау карта... - Картаның керегі не? Біз алдыңғы шепте тұрмыз ғой. Жер жағдайы алдымызда. Онан да осы жердің өзінен көрсетіңіз, картаны мен оқи білемін ғой... Бір сағаттан соң олар бақылау пунктіне қайта оралды. Үшеуінің де жүзі ызғарлы, үшеуі де терең ойда.
- Сонымен, Илья Васильевич, сіз бәрін де көрсеттіңіз. Сіз немістерге өте ұнап қалыпсыз. Ол сізді ұнатып, қапсыра құшақтап алыпты, құшағын жаза алар емес. Сіз жағдай жаман дейсіз, ал мен олай демес едім. Жауды осылайша кешке дейін ұстап тұрыңыз, ал түнде ол жинақталып алып, таң ата сізді тағы да тоқпақтай бастайды.
- Білмеймін, жолдас генерал, егер жау тағы қыспақтаса, шыдай алар ма екенбіз?
- Шыдай алар ма екенбіз дегеніңіз не дегеніңіз? - деп Панфилов қатаң сөйлеп, Капровтың сөзін бөліп жіберді.
- Сізге шыда деп бұйрық берілді емес пе?
- Құп! Ұстауға бұйрық болса, ұстап тұрайық, жолдас генерал.
- Жау соғыстан біраз қалжырап қалғанға ұқсайды. Ал сіз саспасаңыз, ол бүгін елеулі шабуыл жасамайды. Күшті күтіңіз де, күшіңізді жинақтап, таңертең жау шабуылға шыққан кезде, оны оқты бетіне бүрке қарсы алыңыз. Біз үшін оның танктері қауіпті. Бүкіл артиллерияның бәрін көзбе-көз дәлдеп ату позициясына қойыңыз.
- Жолдас генерал, менің де зеңбіректерімді ме? - деді Курганов.
- Ия, сіздікі де.
- Онда артиллерияның мойнындағы басқа міндеттерін қалай орындаймыз. - Енді артиллерия жау танктерін қарама-қарсы тұрып, тікелей ататын болсын.
- Онда біз бір күннің ішінде барлық артиллериямыздан айрыламыз ғой. - Әлбетте, біразынан айрылатынымыз анық, бірақ бүкіл артиллериядан мүлдем айрылмаспыз. Сонымен менің резервімнен басқа артиллерия бірі қалмай, жекпе-жекке шықсын.
- Құп болады, жолдас генерал!
- Біз үшін ұтымды нәрсе, ертең оның сілесін қатыра соққы беріп, сыртындағы күшін олардың белгілеген мерзімінен бұрын соғысқа ендіруге мәжбүр ету. Жау кейін тұрған екі полкін соғысқа салғанша дамыл бермей шайқаса беруіміз керек. Әзірше жақын арада сақтаулы тың күші жоқ кезде, осы шепте оның шоқтығын жауыр қылып жаралайық, одан әрі көре жатармыз. Артымыздан жаралы қасқырдай қалай сүйретілер екен. Түсіндіңіздер ме?
- Түсіндім, жолдас генерал.
- Түсінікті, жолдас генерал.
- Сіз осында қалыңыз, жолдас Курганов, ал мен Елин мен Шехтманға барайын. Олар да қатты қысылып жатса керек, әсіресе Елин. Бүгін неміс күні бойы Ядровоны, Мыканино мен Ченцыны артиллериямен де, авиациямен де үсті-үстіне соққылап, әйтеуір тас жолға шығуға тыпыршып, тынбай жанталасуда.
***
Буырқана тұман басқан сұрғылт таң. Дәл кешегідей әлем күңіренткен артиллерия атыстары азынап тұр. Дәл кешегідей от шарпыған жалын атқан, жан таласқан қызу ұрыс... Сәске түсте тұман сейіліп, күн көзі сығалап еді, аспанда жүрген самолеттер көрінді. Айнала орағытып ұшып, тез іздеп, тіміскілеп, шүйіле түсіп бомба тастайды. ...Лейтенант Березин окоптан окопқа жүгіріп жүр. Көпірдің алдында бірнеше мотоцикл дөңгелектері аспанға қарап серейіп, қирап жатыр. Тышқан терісін дей сұр шинельді өліктер ана жерден де, мына жерден де көрінеді... Қарбаласқан немістер тізбегі... Бәрі де дәл Остошоводағыдай.
- Оқты беталды боратпай, нысанаға, нысанаға атыңдар, бос жіберме, түгі, әйтпесе жау сенің шекеңді шұрқ тесік қылады. Қимылдандар! Иванов, сен неге айдаланы атып жатырсың? Лейтенант, неге құла дүзге себелеп жатырсың... Дәлдеп ат! - лейтенант Березин жауынгерлерді бірінен соң бірін жағалай окоп окопқа өтіп күйбеңдеп жүгіріп жүр. Саперлердің шебіне ірі снарядты артиллерия дивизионының оғы жай түскендей сарт-сұрт гүрсілдеп, айналаны жаңғыртып жіберді. Жүз жын-шайтан қосылып, секеңдесіп ұлып, аңырап тұр ма дерсің. Адам көрмеген алып барабан дүңкілдеп ондаған отты қара орасан діңгек көкке шаншыла атылды... жылан бауырлары шықырлап-шықырлап, моторлары парылдап-гүрілдеп, төбедей, дүңкиген үлкен тас бақалардай танктер өріп келеді.
- Гранат дайындаңдар, білтелер орындарында ма екен, тексеріңдер! - деп бұйырды лейтенант Березин.
- Менің ишаратымды бақылап тұрыңдар!.. Әне, алдыңғы танк көпірге жақындап келіп тоқтай қалып, зеңбіректен, пулеметтен үш қайтара лоқси жалын құсып, оқ бүрікті де, іркілместен көпірдің үстіне шықты. Оның артынан тағы үш танк ілесті... Саперлер көпірдің астына лезде жүгіріп түсіп кетті. Көпір үстінде үш танк сумаңдап, сусып тым асығып, қымсына сақтанып келеді. Алдыңғы танк міне, міне көпірдің арғы шетін «аттап» өтіп, шықырлап, шиқылдап сояудай темір тырнақты жылан бауырмен тас жолды жаншып, илеп келе жатыр еді... Қан мен топырақ араласып, баттасқан беті сіресіп, құшырлана тістеніп екі көзі ыстық шоқтай уыттана жалындап, басынан қан сорғалаған Березин орнынан ұшып тұра келді де, оң қолын жалма-жан тез көтеріп, сілтеп жіберді. Қас қағым арасында бір нәрсе жарқ етті де, гүрс ете қалды. Жердің тынысынан танауын тарылтып жіберген болып, қошқыл сұр орасан түтін күйдегі көпірді айқара қамтып, орап алды. Жер үстіне табан астында сол түтіннен будақ-будақ атан шудалы қара бұлт пайда болғандай, сол бұлттың ішінен көпір де көрінбейді, жауынгерлер көрінбейді, лейтенант Иван Березин де көрінбейді... - бәрін де күңірене құсаланған тажал дауысты сұрқия сұр бұлт жұтып жібергендей зым-зия.
***
Лейтенант Угрюмов пен политрук Георгиев траншеяның қабырғасына сүйеніп қатар тұр. Угрюмов аяғының ұшына көтеріліп, мойнын созып қарап, Георгиевтен:
- Не көріп тұрсыз, жолдас политрук? - деп сұрайды.
- Не көруші ем? Өңмеңдей түсіп, өрмелеп қысып келеді, Петя қысып келеді нәлетілер. Баудай түсіп, құрымдай болып қайта көтеріледі... Әне, ана жақтан танктері де көрінеді.
- Мына қырсық траншеяның тереңін қарашы, менің бойыма шақ емес екен,- дейді Угрюмов өкіне сөйлеп тұрып, патроннан босаған екі жәшікті бірінің үстіне бірін қойып, солардың үстіне шығып.
- Кешеден бері осыларды сүйретіп жүрмін, әй қайран шешем-ай, мені мұнша неге мыртық қып тудың?
- Уайым жеме, Петя, бой деген өсетін нәрсе ғой. Сен өзің кішкентай тапал болсаң да, алғыр жігітсің ғой.
- Ха, ха! Бәрекелде! «Бой дейтін өсетін нәрсе ғой» деуін. Айтқаныңа болайын, ә!
- Шын айтам, Петя осыдан қарап тұршы, - деп міңгірледі Георгиев ойланбай айтып қалғанына өзі қысылып.
- Бір жыл, екі жылдан кейін, ең құрығанда екі сүйем өсесің, сен әлі жап-жас жігітсің ғой, қайда әлі өскен үстіне өсе бересің... Осы кезде олардың үстінен ұяласа ұшқан оқтар зу-зу етіп өте шығады. Екеуі де еріксіз бұғып қалады.
- Бері қараңызшы, жолдас политрук, менің не ойлап тұрғанымды білесіз бе? - Білмеймін. Сен командирсің ғой. Айт тоқтамыңды.
- Айтсам, жолдас политрук, осы жолы ерлік көрсетейік.
- Қалайша?
- Әне, көріп тұрсыз, ана жиырма танк тура біздің окопқа қарай ентелеп келеді. Біздің әрқайсымыздың бір-бір бума танк жарғыш гранаттарымыз бар. Бірақ олар тым ауыр, бес-алты метрден асырып лақтыра алмайсың. Ендеше біз біраз күте тұрайық, ал, танктердің жылан бауыры біздің окоптың бетін тырнай бергенде, гранаталарды дәл астына тастап жіберсек, сөз жоқ, ұрып жығамыз. Құдай біледі, күлін көкке ұшырамыз, ішек-қарнын ақтарамыз.
- Мақұл-ақ, Петя, сен оң жақтан, мен сол жақтан команда беріп, үлгі көрсетейік.
- Мақұл, жолдас политрук... Сөйтейік... Қолдан келген осы болды дерміз... Моторлары сарқырама судай сарылдап, лоқси, жалын үстіне жалын құсып, айдаһардай арындап, жиырма танк жер тырмалап қаз-қатар келе жатыр. Гранаттарға папиростың тұқылындай имек гильзаларды салып қойып, жауынгерлер окопта қыбыр етпей, шиыршықталып бұғып отыр. Міне, танк жылан бауыры шықыр-шықыр шиқылдап, траншеяның жағасында өрмелеп келе бергенде бір жауынгер бума гранатты құлаштай сермеп, лақтырып жіберді. Танктің асты жарқ етіп, жер дір етіп бір қозғалды. Танк траншеядан аса омақаса құлап, қақпанға түскен қасқырдай шыр айналып барып, кілт тоқтап, жалын құшып, будақ-будақ қап-қара түтінге бөленді. Арада небары бірнеше минут өтті. Бұл жерде «жанталасқан», «қиян-кескі», «арпалысқан» деген сөздерді айту олқы... траншеялардың үстінде жиырма жерден отты қызыл өрт төбе пайда болды. Жиырма танк бірінен кейін бірі жанып жатты. Танктердің артын паналап келе жатқан жаудың жаяу әскерлері біздің пулеметтерден жаудырған оғымызға төтеп бере алмай, жер бауырлап, бас көтермей жата қалды. Траншеяның түбінде бетіне жас нәрестенің күлкісі үйіріліп, таңқыш мұрынды, көк түтін торлаған аспанға қарап орыстың бір қарапайым, ақпейіл, адал жігіті Петр Угрюмов жатыр.. Оның түрі мына жағдайда: «Қолдан келгені осы болды», дегендей. Лейтенант Исламқұлов полк штабынан қайтып келе жатыр, жолда орман ішіне орналасқан батальонның ас пісіріліп жатқан жеріне кідірді. Ол азық-түліктен босаған жәшіктің үстінде, қолына котелок алып, капуста сорпа ішіп отыр.
- Жолдас лейтенант! Немістер орман шетіне таяп қалды, - деді асыға - аптыға жүгіріп келген бір жауынгер.
- Қаруға! - деп Исламқұлов котелокты қоя салып, айқайлап команда берді. Жауынгерлер винтовкаларын сайлап алғаннан кейін, оларды қатарға тізіп тұрғызып, орманның шетіне бастап алып кетті. Рас екен, орманның ашық далаға қараған алаңында маска-халат киген немістер тізбегі жүріп келеді. Исламқұлов жауынгерлерді бір-бірінен бес-алты метр ажыратып, әрқайсысын әр ағаштың тасасына тұрғызды. Өзі айналасына жас шыбық өскен үлкен еменнің діңгегіне сүйеніп ортада тұр. Немістер ашық алаңның ортасына келе бергенде:
- Огонь! - деп команда беріп жіберді. Сол команда бойынша жиырма винтовка бір мезгілде, біркелкі гүрс-гүрс ете түсті. Сол сарыннан тағы да, тағы да үстін-үстін атыла берді...Сыртымызды орап тылға өтіп кеткен жау автоматчиктерінің бір тобы жусап түсті, бір тобы орман ішіне бытырай қашты......Алда домбыраның пернесінің үстінен кере тартылған қос ішектей темір жол рельсі созылып жатыр. Қызыл кірпіштен соғылған бірнеше үй көрінеді. Сол үйлердің жан-жағын ала түйе мойнындай сорайған шлагбаумдар (тосқауылдар) тұр. Темір жолдың екі жақ кіре берісінде екі бақанға дастарқандай жалпақ темір қағылған. Оған оқ тиіп, бетін снаряд жаңқасы тырмалапты. «Поездан сақтан!» деген жазу бар. Бұл Дубосеково разъезі. Траншеялар мен окоптарды қар басқан. Окоптағы жауынгерлер шолақ тон киген. Олар винтовкаларын окоптың ернеуіне тіреп қойып, көздеп алға атып жатыр. Винтовканы қайта оқтап, суық затвор қарыған қолдарын үрлеп жылытады да, тағы да дәлдеп, тағы да атады. Атыс та атыс... Арт жақтан зеңбіректер даусы гүрсіл-гүрсіл шығып, алдыңғы жақтан, немістердің дәл қалың ортасынан қап-қара күл топырақ аралас, қою түтін шаншылып, аспанға бірінің соңынан бірі шапшып құйындап жатыр. Біреулер құлап жатып, бас көтермей қалады, біреулер шегініп, далбақтап тұра кейін қашады, дулығалар, қолғаптар, етіктер, шинельдің етектері ербеңдеп құйын - тозаңмен бірге аспанға ұшады... Жаяу әскерлерді серкедей бастап келе жатқан жау танктері қоп-қою түтін қауып, зыр қағып, шыр айналып барып, бейне-пішіннен, ұсқыннан айрылып бір орыннан тапжылмай өртене тоқтап қалады.
- Бәрекелді! - деп айқайлайды жағасында үш шаршы қызыл тоқаш түймесі бар қайратты, жас сұлу жігіт. Шолақ тонының түймелері ағытылып кетіпті, құлақшыны артына қарай сырғыған, қара бұйра шашын аязды Жел желбіретіп түр. Жіңішке кайме баулы дүрбісі омырауында салаңдап тұр:
- Бәрекелді азамат, біздің артиллеристер! Азамат! - деп айқайлайды ол. Фашистердің қақ маңдайынан соқты-ау! Ол қасындағы жауынгердің иығынан ұрып қалып, жағасынан тартып қуана дауыстап, - көрдің бе, біздің азаматтардың істегенін, - дейді. Бауырым, сен де солардай бол, көрдің бе, біздің жігіттерді!.. Бұл - төртінші ротаның политругі Василий Клочков. Кенеттен, табан астынан аспанды қақ жарып, найзағай жарқылдап отты тілін сумаңдатып, күн күркірегендей көк аясын жаңғырықтырып жүздеген зеңбірек аңырап, өз әуеніне салып, сарындап қоя берді. Снарядтар мен миналар кейде шырылдап ысқырып ұшып, кейде ыңырана ұлып барып, отау үйдің орнындай жер қыртысын астынан қопарып саз балшықтай илеп, шәй - шәлекейін шығарып жатыр. Әрбір дүмпуден соң қап-қара бұйра толқын сабау түткен жүндей болып аспанға көтеріледі. Осы бір ұлымалы, ызғырықты, жанкешті үрейлі сарын жиырма минуттай сарнап, зарлап тұрады. Бұл соғыс музыкасы. Орман шетінен тиісіп, ұмтылған жау танктеріне қарсы біздің артиллерия жаппай бет бұрып, зіркілдетіп ұрып тұр. Есеңгіретерлік, естен тандырарлық атыстан шыққан қошқыл қара түтін қоюланған үстіне қоюланып, орман шетіне бөлеп алды.
- Қараңдаршы, жолдастар, қараңдаршы, - деп айқайлайды Клочков, - жау біздің артиллеристерге барын төгіп, шүйіле төнді. Ол біздің артиллерияны аяусыз таптап, өз танктеріне жол ашпақ, - осыны айтып ол аспанға көтеріле ербеңдей, аударылып, төңкеріліп жатқан зеңбірек дөңгелектерін, үлкен-үлкен фугастық бомбаның керемет шарпуынан тас-талқан болып, жан-жаққа ұшқан бақылау пунктінің бөренелерін көріп, зығырданы қайнап, өзіне-өзі сөйлегендей: «М-да-а-а! Сұм жау есіріп, лепіріп тұр екен, әй лағынеттер - ай!» - дейді.
- Жолдас политрук, - дейді оған жауынгер айқай салып, - самолет! Самолет! Аспан мен жер түйіскен көкжиектен көтеріліп, үш-үштен, бес-бестен қорқау-құзғын қара құстай самолеттер айналып ұшып келеді.
- Орын - орынға! Командирлер, маған кел! - деп бұйырды Клочков. Оның командасы бойынша жауынгерлер траншеядағы өз орындарына тұра-тұра қалысады. Жүгіріп жеткен командирлерге Клочков келте-келте, нақ-нақ бұйрық береді. - Қазір артиллерия ойнағын тоқтатып, бомбалауды бастайды, оның соңынан танктерін айдап салады. Гранат пен жанармайды дайындаңдар! Бір адым кейін шегініс болмасын! ...Штурмовиктер жер бауырлай жұбын жазбай тізбек-тізбегімен өтіп, шүйіліп, оқ себелеп, бомба құмалақтап, соғыс алаңын сұрапыл тамұқ қызыл шоққа бөлеп жүр. Алдыңғы жақтан моторлардың гүрілі естіледі... Әлсін-әлсін, тоқтап-тоқтап оқ жаудырып, жайына өріп танктер келе жатыр. Арт жақтан біздің сау қалған зеңбіректердің жекелеген даусы шығады. Біздің бір снаряд алдыңғы танктің қақ маңдай алдына барып тиіп жарылады. Танк құлаққа ұрған танадай есеңгіреп сырт айналып кілт тоқтап қалды.
- Айналайын бауырларым - ай, бар екенсіңдер ғой! - деп Клочков қуана айқайлап, арт жаққа бұрылды... Тағы да бірнеше снаряд нысанаға дәл тиді, бірақ одан қорқар танктер жоқ, танктер көп, өріп келеді.
- Демек, біздің артиллерияның қатары селдіреп қалғаны ғой, - дейді Клочков ызаланып. Онан соң бір жағына қисайған құлақшынын түзеп киіп, дауыстап айғай салып:
-Жігіттер, гранатты сайлаңдар! Әрқайсымыздың бәсіремізге екі-екі танктен тиеді! - деп бұйрық береді. Траншеяны аралап келе жатып, бір жауынгердің жанында тоқтап: - әрқайсымызға екі-екіден, - деп қайталайды, - бұл аса көп емес. Сен тек жақынырақ келтір, ерім!
- Жарайды, жолдас политрук, - дейді оған әлгі жауынгер. Біреуін мынау бумамен жайратсам, біреуін жанармаймен жайғастыруға тырысамын... - Сөйт, азаматым, - деп Клочков оның қолын сілке тартып қатты қысады. Қызған қырғын соғыс. Жаяу әскерлер мен танктердің соғысы. Танктер әзірше 80-100 метрдей жерде. Жауынгерлер танктердің сығалау саңылауын дәлдеп атып жатыр. Бірнеше танк тоқтап қалды. Сірә, сауытқа тиіп, мыжыла шашыраған оқтың қорғасынынан ішіндегі немістер жайраса керек. Бірақ басқалары анталап, траншеяларға таяп келеді. Міне-міне, траншеяны енді енді таптап өтеді-ау... Жоқ, кенет бір мезгілде бірнеше гүрсіл қатар шығып, окоптың ернеуіне ілінген танктердің омырауын от жалап, лаулай бастады. Сөйтсе де бір танк жауынгерді жаншып, граншеяны басып өтіп, ары асып түсті, сол сәтте ол жауынгердің көршісі окоптан ырғып шығып, танктің артынан қуып жетіп, жанармайлы бөтелкемен дәлдеп ұрды. Танк қоңырсып жана бастады да, тарс жарылды. Ал, жауынгер болса, сандала басып, тәлтіректеп барып, траншеяға құлап түсті. Клочков окоптың жиегіне теңселе сұлап түсіп сүйенді де... сәтке дәрмені бітіп басы төмен салбырап кетті. - Жолдас политрук, сіз жараландыңыз ғой? - деп бір жауынгер шошығандай қасына жүгіріп келді.
- Медпунктке барыңыз.
- Ия, мына бір жерімді бір нәрсе күйдіріп өткендей болды. Ештеңе етпес, жазыла... Тағы да өріп келеді! - деді, ол дене бойына жаңа бір толқын күш жиналғандай серпіліп, қалжыраған, қажыған құп-қу өңі тастай түйіліп, жанын қинаған ауыр жараны ұмытқандай- ақ, сілкініп, жауынгерлерге қарап, тау қыранындай саңқылдап айқай салды.
- Россия ұлан байтақ - бірақ шегінуге жер жоқ. Арқамызда Москва! - деп атойлап, ол қолындағы бір бума гранатпен алдында келе жатқан танкке ұмтылады... Тірі қалғандар соның істегенін істеп, соның «ерлік» деген жалғыз сөзге сыймас аз да болса мол, қас қағым болса да зор қимылын қайталайды... Дубосеково разъезінің түбіндегі айқаста снарядтар мен бомбалардан айғыздалып, жараланып, қанға бөгіп қақыраған жерде жау танктері жалқын жалын мен бықсық түтінге оранып, жеткен жерлерінде жанып жатты...
ГОРЮНЫДА
Горюны. Бұл Волоколамск тас жолының екі жағасына орналасқан кішігірім деревня, жиырма бес шақты үйі бар. Үйлері кәдімгі Россия деревняларына тән шыбық шарбақты ағаш үйлер. Егер майдан жаққа бетіңді бұрып, картаға қарап тұрсаң, карта бетінде кішкене өрмекшідей болып тырбиып жатқан Горюныны көресің. Сол жерден жан-жаққа өрмекшінің торындай болып жіп-жіңішке жолдар тарайды.
Біздің батальонның басты тірегі мен штабы осы Горюныда. Рахимов кіріп келіп хабарлай бастады. «Комдивтің резервінен біздің батальонға танкке қарсы ататын төрт зеңбірек берілді, оларды қайда орналастырамыз?» - деп сұрады Рахимов.
- Жолдас комбат, ол зеңбіректерді деревняның шетіне орналастырайық, - деп кеңес берді Бозжанов.
- Өзімізде бұрыннан екі зеңбірек бар, енді төртеу қосылса - алтау болады. Соның бәрін бүркемелеп, үйлердің тасасына орнатып қойсақ, құдай бар, тас жолдан бірде-бір танк өтпейтін болады. Алты зеңбірек бірдей іске кіріссе танктердің тамтығы да қалмайды, көрерсіздер. Рахимов Бозжановқа жақтырмағандай көзінің астымен қарап алып, картаға бірдеңелерді сыза бастады. Рахимовтың өз пікірі бар, бірақ әдеттегісінше әдеп сақтап, өзің сұрамайынша ешнәрсе айтпайды, орынсыз сөйлемейді. Оның сырын білетін мен қолыммен ишарат білдіріп Бозжановты тоқтаттым да, Рахимовқа қарап: - Хабибулла, өз ойыңды айтшы, қалай етсек екен?
- Онда рұқсат етіңіз, жолдас комбат, - деп Рахимов өз картасын маған қарай ысырып қойып, аспай-саспай, - менің ойымша, жолдас комбат, біз зеңбіректерді үйлердің немесе сарайлардың тасасына қаншама мықтап бүркемейік, бәрібір бірінші атыстан кейін-ақ жау оны сезіп қалады. Егер немістің бір снаряды зеңбірек қалқалаған үйге түссе үй өртеніп, не құлап зеңбірекшілерді оз басымен әуре қылады, барымыздан айрыламыз.
- Ал, егер... - деп Бозжанов Рахимовтың ойын бөліп жібермекші еді... - Жолтай, үлкендер сөйлеп тұрғанда, кішілер тыңдар болар, - деп зекіріп тастадым. Бозжанов құлағына дейін қызарып кетті, ал, Рахимов болса, оған менің зекіргенім үшін кешірім сұрағандай болып: - Жалмұхаммед, сен сөйлеген кезде мен сөзіңді бөлген жоқпын ғой,- деді. Сонда Бозжанов бұрынғыдан бетер қызарып, тұтығып әрең сөйлеп: Айыптымын, жолдас комбат! - деп сәл сасқалақтап. - Менің сіздермен бірге болуыма рұқсат етіңіз, - деді. Мен сені қуып жіберейін деген жоқпын, тыңдағың келсе тыңдай бер.
- Жолдас комбат, меніңше, - деп Рахимов сөзін сабақтай берді. - Меніңше біз соққыға ұрынып қалмас үшін, зеңбіректерді деревняның шетіне емес, орманның шетіне орналастыру керек, міне, мына жерге... Одан әрі Рахимов схема сызу бойынша өз пікірін айта берді. Алты зеңбіректі картаға белгілеп, деревня сыртындағы орманның шетіне орналастырды. Мұқият сызылған схема түскен ойына қарағанда біз зеңбіректерді былай пайдалануымыз керек екен: - Жолдас комбат, мен былай ойлаймын, - деп Рахимов өз схемасын түсіндірді.
- Бізге зеңбіректерді сарайға тығып қойғаннан гөрі, орманға, міне, былай орналастырғанымыз пайдалы. Біріншіден, орманның аты орман, оның әрбір бұтағы пана; екіншіден, біздің зеңбіректер бір орнында байланып қалмай, еркін қимылдайтын болады; үшіншіден, біздің зеңбіректер мына жер жағдайында бірінің артынан бірі тірек, бір-біріне көмек бола алады; төртіншіден, жолдас комбат, орман ішінде бұл зеңбіректер бірін-бірі қол жалғасып байланыс үзбей, орманнан шыға берісімен Горюныға дейін тас жолды нысанаға ұстап тұра алатын болады. Мен мына картада болжанған жердің бәрінде болып қайттым, зеңбіректер орналасатын орындар ыңғайлы. - Ал, бұл пікіріңе артиллеристер қалай қарар екен?
- Мен оларға да айттым, егер сіз мақұлдасаңыз, олар қарсы бола қоймас деймін.
- Айтқаның көңілге қонымды екен, Хабибулла, өз жоспарың, оз ойың, сол ойың бойынша зеңбіректерді өзің орналастырып, артиллеристерге өзің тапсырма бер.
- Құп болады, жолдас комбат! Кетуге рұқсат етіңіз... Рахимов тығып кеткен кезде, Бозжанов оның картасына қайта-қайта үңіліп қарай берді.
- Білдің бе енді? - дедім мен оған.
- Сен болсаң бірінші атыстан кейін-ақ, біздің зеңбіректерімізді жерлемекші едің ғой.
- Рас-ау, жолдас комбат, солай екен-ау, ә, - деді. Бозжанов күрсініп... - Япырмай, ә... Біздің Хабибулла ақылды жігіт қой, шіркін. Ақылды, ақылды екені рас. Ол терең ойлайды.
- Жә, болды! Көкек қораздан дәріптеу есіткенін мақтайды дейді. Алдыңғы күні сен «көкжал қасқырсың» деп Курбатовты мақтадың, ол да сенен қалыспай «о жолдас политрук, сіз арыстансыз!» деді. Енді келіп Рахимовтың ақылын дәріптейсің, немене, сенің жүргізген саяси жұмысың осы ма? Оңдырады екенсің.
- Айыптымын, жолдас комбат!..
-Бар, онан да Рахимовты қуып жет, сенің ротаңды, дөңгелекті үш пулеметті сол жерге қалай орналастыру керек, соны ойластыр, сонан соң келіп хабарларсыңдар. Екеуі де кетіп қалды. Мен сол орнымда өзіме-өзім ренжіп налып отырмын. Бозжановқа неге ғана зекірдім. Ол менің бұйрығымды нақтап қайта қайталап, бұрылды да шығып кетті. Сол кезде оның арқасы маған өкпелеп, сәл бүрісіңкірегендей болды. Менің жаныма, әсіресе сонысы қатты батты. Неге ғана зекірдім?..«Ақымақ бас аяққа тыным бермейді» деген халық мақалы ойыма сап ете түсті. Сол кезде екі бетім дуылдап, көзім қарайып, басым айналғандай болды. «Танковтың ротасын неғып Горюнының шарбақтарына таңып қойдым? Жауынгерлер менің бұйрығымды орындап екі күн, екі түннен бері тоң жерді көр тышқанша тісімен тістеп, тырнағымен тырналап, үйлер мен сарайлардың астынан кеулеп окоп қазып азаптанып жатыр...» «Егер немістің бір снаряды немесе бомбасы зеңбірек қалқалаған үйге түссе жетіп жатыр...», деді Рахимов. «Сен біздің зеңбіректерді жерлемекші ме едің» деп ұрысқаным Бозжановқа, ал өзім болсам, түгел бір ротаны күні бұрын көрге көмбекші болып отырмын, бұл қалай?..» Осындай ойлар жанымды жегідей жей берді. Өзімнен-өзім қиналып сол орнымда отыра бердім. Рұқсат етіңіз, жолдас комбат! - деген дауыстан мен селк етіп, ұйқыдан шошып оянғандай болдым. Қарасам алдымда лейтенант Танков тұр екен.
- А, Сергей, сен екенсің ғой, - дедім мен, - бір нәрсе айтпақ па едіңіз маған?
- Ия, жолдас комбат, баяндайын деп едім.
- Е-е-е, ия, әскери адамдар «айтпайды», «баяндайды», - деп қатемді өзім түзедім.
- Ал не, баяндай бер.
- Лейтейнант Сергей Танков менің абыржығанымды сезіп, онысы несі дегендей қайран қалып, еріксіз тұтығып қалды, сонда да болса өзін-өзі бекем ұстап, баяндай бастады.
- Жолдас комбат, Бозжанов өз пулеметтерін орманға әкетіп қалды, жаңа позицияға көшпек. Ал, мұнда сіздің бұйрығыңыз бойынша пулемет ұясы жасалып, бүркемеленіп еді ғой. Бұл қалай, жолдас комбат. Пулеметсіз біз қайтеміз?..
- Пулемет сендерде болады. Орманға сендер де барасыңдар. Мен деревняға орналаспайық деп шештім.
- Ал біз қазған окоптар ше? - деді Танков аң-таң қалып.
- Ол окоптар сақтықта қорлық жоқ, бірде болмаса бірде керегі болып қалар. Мен Танковты Рахимовтың жобасымен таныстырдым да:
- Орманға барыңдар, орын таңдап алыңдар, взводтардың позициясын белгілеңдер, қарудың барлық түрімен Горюныға кіре берісті бірлесе отырып ұстап тұрамыз, - деп бұйырдым. Танков кетіп қалды. Мен картаға ақырғы қорытынды шешімді түсірдім. Лейтенант Сергей Танков орта бойлы, сымбатты, кең маңдайлы, көк көзді, сәл жалпақ мұрынды, төменгі ерні салыңқы жігіт еді. Ол қатардан шыққан лейтенант Василий Поповтың орнына, біздің батальонға таяуда ғана рота командирі болып келіп еді. Оның соғыс жағдайына үйлеспейтін өте интеллигенттік мұқияттылығын, майдандық тұрмысқа жараспайтын шектен тыс сыпайылығын көргенде, оны мына әскери формада емес, сылқымдана киген костюм ішінде көргім келетін де тұратын. Оның үстіне ол маған тым сақтана қарап, сақтана сөйлеп, тап мені бір сынаған, зерттеген адамдай қатынаста болды. Мен оны өзімше «астаналық лейтенант» деп атадым. Онымен өзім, неге екенін білмеймін, ұдайы жүре сөйлесіп, тек «сіз» деп сыпайы түрде атаушы едім. Айталық Семен Краев, Жалмұхаммед Бозжанов тағы басқа майдандас достармен майдан әдеті бойынша «сен» деп кейде қатаң, дөрекі, кейде жайша, қарапайым түрде біріміздің үлкен, біріміздің кіші екенімізден ғана біліп, сөйлесіп жүре беретінбіз. Ал, мынау... әйтеуір не керек, екеуміз де тартқан ішектей тырсылдап, қысылып жүрдік. Танков кеткен соң тағы да ойға шомылып генералдың: «Командирге шешім қабылдау оңай емес. Жұрттың айтқан кеңесіне әрдайым құлақ сала жүріңіз» дегені есіме түсті. Сәске түсте Горюныға астына қарагер ат мініп біздің дивизияның артиллерия начальнигі подполковник Виталий Иванович Марков келді. Аласа бойлы, қыр мұрынды, қысыңқы қоңыр қой көзді, қырық жастардағы, аққұба, жирен шашты кісі еді ол. Аттан түсіп менімен қол алысып, амандасып:
- Мені сізге генерал жіберді. Өзін Армия штабы шақырып, сонда кетті, - деді. Біз штабқа кірген кезде, барлық офицерлер подполковникке тікесінен тік тұрып ізет көрсетті. Марков олардың бәрімен қол ұстап амандасты да, асықпай шешініп, жирен шашын сипап қайырып қойып, орындыққа отырды. Сонан соң бұйыра сөйлемей өтінгендей сөйлеп:
- Жігіттер, сендер далаға шығып серуендей тұрыңдар, комбатпен біраз оңаша сөз бар еді, - деді. Офицерлер мен солдаттар үн-түнсіз шығып кетті. Марков өз картасын столдың үстіне жайып тастап, сипалап тұрып:
- Жағдай қиын, бірақ обалына қалып керегі не, жігіттер жақсы-ақ соғысып жатыр. Міне, екі күннен бері жауды ілгері жібермей ұстап тұрмыз. Адамнан да, техникадан да шығынымыз аз емес, бірақ жаумен табан тіресіп тұрмыз. Бүгін біздің авиация жақсы қимылдады. Оның бізге үлкен көмегі болды, - деді. Одан әрі Марков мені жағдаймен таныстырып, қай жерде қай полк соғыс жүргізіп жатыр, біздің бекініске жау қай тұстан, қашан сұғынды - соның бәрін көрсетіп берді. Артиллеристерге тән ұқыпты жұмыс картасынан жыланша ирелеңдеген өзендей бұралаңдап майдан шебі созылып көрінеді. Ол өз күдігін айта сөйледі. Біздің авиация жаппай ұшып, бірнеше рет шабуылдап жау тобын талқандағаннан кейін, ол қалдығын жинап, оның үстіне - тағы да күш қосып, күн бата сол еселенген күшпен шабуылға шыға ма, біздің жігіттер кешке дейін тұра ала ма деп қауіптенетіндігін айтты. Генерал Армия қолбасшысына кетті, көмек сұрамақшы немесе түн қараңғысын жамылып, келесі шепке шегінуге рұқсат сұрамақшы деді. Бұл әңгіменің бәрі екеуміздің арамыздағы ғана өте құпия әңгіме екенін ескертіп, - ал, кәне, өз шешіміңізді баяндаңыз, деп маған бұйырды. Мен карта бойынша баяндадым. Бұл карта ғой, ал, осы баяндағаныңыз жер жағдайына қандай байланысы бар екен, соны барып көрейік, - деп бұйырды подполковник. Біз жүріп кеттік... Штабқа кайтып келген соң, Марков батальонның орналасуын, атыс позициясын өз картасына мұқият түсіріп алып: Меніңше, негізінен дұрыс шешім қабылдағансыз. Генерал мені қоштар деп ойлаймын. Мен ол кісіге бәрін баяндармын. Тек сіз ойламаған бір нәрсе: егер біздің алдыңғы шептегі әскерлер бүгін шегіне бастаса, оларды өз тұсыңыздан, соғыстық тәртіпте тұрған саптан қалай өткізіп жібере аласыз? Сол жағын ақылдасып көрейік. Подполковник екеуміз бірнеше парақ қағаздың бетін сызып шимайлап, жағдайдың бірнеше түрін қарастырып көрдік. Бірнеше мәселені шештік. Менімен қоштасып тұрып Марков: Ал, алды-артыңыз жайлы болсын, табысқа жетіңіз, одан басқа айтарым жоқ. Сіз бен біз сөз қылған жайдың бәрін генералға баяндап барамын, - деп атына мінді. Мен подполковникке рахмет айтып қала бердім.
* * *
Күшті дауыл кезіндегі жартасқа соққан теңіз толқынындай аласапыран, алып сарынды соғыстың айбынды үні үздіксіз жаңғырығып алыстан естіліп тұр. Горюнының үстінен біздің самолеттер эскадрилья соңынан эскадрилья орманның үстін сипай төмен ұшып, өтіп барады. Олардан биігіректе штурмовиктерді көктен қорғап, кіп-кішкентай дауылпаздардай истребительдер шүйіліп, жүйткіп жүр. Қуанышымыз қойнымызға сыймай, біздің әуедегі жауынгерлерімізге қадала қарап, қайырлы сапар да тілеп тұрмыз... - Ә, бәлем фашист, енді сазайыңды тартарсың! Қараңызшы, жолдас комбат, құйрығын көтере шүйіле зымырауын қараңызшы, - деп Бозжанов жас балаша тыпыршып.
- Мына жақтан тағы да келе жатыр, тағы да... Мені телефонға шақырды, барсам генерал екен.
- Жолдас Момышұлымысыз?
- Мен тыңдап тұрмын, жолдас генерал. Осы уақытқа дейін қайда болдыңыз дейсіз бе? Позицияларды араладым, жолдас генерал. Біраз нәрселерді деректеп, анықтау керек болып еді.
- Дұрыс оныңыз, анықтаңыз. Мен өзім үлкен үйден қазір ғана қайттым. Біраз нәрсемен көмектесуге уәде етті. Әзірше қаршығаларын жіберді...
- Ия, жолдас генерал, олар біздің үстімізден жаңа ғана ұшып өтті, - дедім мен генералдың сөзін бөліп.
- Көргендерің жақсы болған екен. Қазір Виталий Иванович сіз туралы баяндап отыр. Мен сіздің жобаңызды мақұлдаймын, бірақ сіз бар күшіңізді неге оңтүстікке ғана топтастырдыңыз? Егер жау сізді орағытып барын солтүстіктен, Покровское жақтан соқса қайтесіз? Сіздің сыртыңыз, тыл жағыңыз жап-жалаңаш қой.
- Бар күшімді ары тарттым, бері тарттым, жолдас генерал, бірақ, жеткізе алмай қойдым, қысқа көрпедей созылар емес.
- Мәссаған! - деп күлді генерал қарлыққан дауыспен, - «созылар емес» дейсіз бе?
- Ия, жолдас генерал.
- Сіз әрі тартқылап, бері тартқылап созбай-ақ қойыңыз. Сол өзіңіз орналастырған күйде қалдырыңыз. Бірақ Горюнының басқа шетіне запас позиция дайындаңыз. Құп болады, жолдас генерал, қазір барамын... Жоқ, сіз өзіңіз бармаңыз. Сіз маған керексіз. Басқа адамдарға жай-жапсарды түсіндіріп, соларды жұмсаңыз, солар істесін. Өзіңіз ешқайда шықпаңыз. Көп кешікпей сізге бір сұлу бикеш қонаққа барады, жақсылап қабылдап, қарсы алыңыз.
- Неғылған бикеш, жолдас...
- Хе-хе, барғанда өзіңіз көресіз. Ол барысымен маған телефонмен хабарлаңыз. Мен Рахимовты, Бозжановты, Танковты шақырып алдым. Жобамды сызып көрсетіп, өз ойымды түсіндірдім. Егер біздің барлық қарудың соялары жауды күтіп, оңтүстікке, Ядрово бағытына қарап тұрған болса, енді керекті жағдайда солтүстікке, Покровское жаққа да бұрыла алатын болу керек. Жау кенет тылдан соғып жүрсе... дайын тұрайық... Мен жолдастарыма: - бізге бір сұлу бикеш келетінге ұқсайды, неғылған сұлу екенін білмеймін, генерал маған оны жақсылап қарсы ал деп бұйырды, түсінбей тұрмын, - дедім. Сол-ақ екен, жұрттың бәрін таң қалдырып, Танков ішек-сілесі қата күлді-ай кеп. Оның бұрын бүйтіп күлгенін көрген емес едік. Қалған үшеуміз оған жынды адамға қарағандай қарап қалыппыз. Мен шыдай алмай, зекіріп жібермекші едім, бірақ Танковтың шын ықыласымен, ешбір бүкпесіз күліп тұрғанын көріп, өзімнен-өзім кілт тоқтадым. Оның әрдайым ызғарлы көзі енді күлімдеп, маңдайы да, мұрны да, салпы ерні де - барлық бет пішіні, арсалаңдап қалған ақ көңіл жап-жас мейірімді жігіттің кейпін берді.
- Ойбай-ау, ол «Катюша» ғой, жолдас комбат - ау, - деді ол күлкісін тия алмай.
- Не қылған Катюша? - деп сұрады Рахимов.
- «Катюша» деген реактив снарядты жаңа миномет «РС». Неге екенін білмеймін, оған «Катюша» деп ат қойыпты... Бұрын біз білмеген жаңа минометтің жайын Танков әбден түсіндіріп берген кезде, «міне саған сұлу» деп бәріміз де күлдік. Олар үшеуі көңілдене күлісіп шығып кетті, ал, мен «Катюша сұлудың» келуін күтіп қалдым.
КАПИТАН КИРСАНОВ
...Төрт бұрышты бұйра қара сақалды, ұзын бойлы капитан кіріп келді. Үстіндегі ақ сілтірі жағалы шолақ тонының жоғарғы ілгектері ағытулы; басында төбесі қызыл мәуітімен тысталған көк каракуль кубанкасы бар. Аяғында сары қоңыр былғарымен әдіптелген жүндес - сабалақ қара бурка - кавказдың киіз етігі. Сірә мен оның цыган түстес «дұрыс пішілмесе де, бекем тігілген» адамның сырт көрінісінің үйлеспей тұрғанына таңдансам керек, бірден тұрып сәлем бере қоймаппын. Тек жуан даусымен күрілдеп:
- Мұнда батальон командирі кім? - дегенде ғана мен орнымнан ұшып тұрып, аты- жөнімді айттым. Капитан қалың қасты қабағын түкситіп, өткір қара көзімен мені жек көргендей түйрей қарап, рұқсатсыз орындыққа шалқая түсіп отыра кетті де, енжар сөйлеп:
- Гвардия миномет дивизионының командирі капитан Кирсанов деген мен боламын, - деп өзін таныстырды. «Е, мұны лайықтап қарсы алмаған екенмін ғой» деген ой сап ете қалды. Арамыздағы аздаған кірбеңді жуып-шаю үшін: - Жолдас капитан, есіміңіз кім? - деп сұрадым.
- Мен сізге, сірә, анық айттым - ау деймін, капитан Кирсанов! - деп маған арс ете түсті.
- Менің атым Бауыржан...
- Бурлыбуржаншылаудың керегі жоқ бұл жерде, - деп ол сөзімді шорт үзіп жіберді.
- Онан да іске кірісейік. Мен саған құда түскелі келгенім жоқ.
- Құп болады, жолдас капитан! Кіріссек кірісейік. Бірақ алдымен мен сіздің келгеніңіз туралы генералға хабарлауым керек.
- Хабарлай беріңіз, - деді ол жақтырмай. Телефон арқылы генералмен хабарластым. Генерал маған телефон трубкасын «Мария Ивановнаға» беріңіз деген кезде, трубканы қаба сақал капитанға беріп тұрып, күліп жібере жаздадым.
- Телефон тыңдап тұрған капитан Кирсанов, жолдас генерал... Сіздің қарамағыңызға... маған баруға бұйрық етілген аймаққа келдім... жиырма бес... Әзірше байланыс жоқ. Бірақ реттейміз. Құп, құп... Түсіндім, жолдас генерал. Ия, ия, қазір. Құп болады... - деп сыпайы жауап қайтарып тұр. Жаңағы менімен сөйлескендегі қарқыны көп бәсеңдеген. Кирсанов трубканы маған берді. Жолдас Момышұлы, мен «Мария Ивановнамен» сіз арқылы байланысып тұратын болайын. Оның қарамағына екі командирді жіберіңіз. Егер мүмкіндігіңіз болса, адамдарын тамақтандырыңыз. Менімен байланысты үзіп алмаңыз. Бәрін де менің командам бойынша істеңіз. Мен осы жерден жөн сілтеп тұрамын. Мен трубканы орнына қойған кезде, капитан орындыққа жайыла сүйеніп алға ұмтылыңқырай: - Аға лейтенант, сен өзің осында генералдың арнаулы уәкілі құсап отырады екенсің, - деді. - Несі бар, жолдас капитан?
- Генерал сіз туралы тым сыйлы, сыпайы сөздер айтты.
- Біздің генерал дөрекі кісі емес, жолдас капитан.
- М-м, сен өзің кекшіл жігіттің біреуіне ұқсайсың.
- Қайтсеңіз де мен сіздің атыңызды білемін, жолдас капитан, деп орынды жерін тауып қытығына тигеніме рақаттана күлдім.
- Қайдан білесің?
- Генерал сізді «Мария Ивановна» деп бикеш ретінде атады. Кирсанов саңқылдап, қарқ-қарқ күліп жіберді. Сол кезде Рахимов пен Бозжанов келіп кірді. Олардың сәлеміне сәлеммен жауап беріп, Кирсанов отырып былай деді:
- Техникамыз арнаулы, жаңа техника. Бізге тағылмаған ат жоқ. «Катюша» дейсің бе, тіпті жай «Рама» дейсің бе, толып жатыр. Ал, білгің келсе, менің есімім Сергей Иванович. Сергей Иванович екеуміз бірсыпыра тығыз жұмыстарды реттедік: оның бір бақылаушысын біздің бір офицермен бірге полковник Капровқа, басқа біреуін Ядрово аймағына, менің полк командирім майор Елинге жібердік. Біздің отырған бөлмеге Кирсановтың өзінің радиостанциясын кіргіздік. Рахимов біздің командалық пункт пен темір жол будкасынан терістікке, орман ішінде тұрған «РС» дивизионының позициясы арасына телефон байланысын орнатуға басшылық етпек болып кетті. Біздің штаб тек телефон торабы ғана емес, радио байланыс торабына да айналды... Кирсанов шешініп, картасын жайып қойып, планшеткасынан аспай-саспай хордоугломерді, транспортерді, артиллерия өлшеуішін, циркулін, істік ұшталған түрлі-түсті қаламдарын - жұмысқа қажетті нәрселердің бәрін алып, столдың үстіне рет-ретімен тізіп қойды да:
- Менің жұмыс орным дайын болған сияқты. Енді картадан болса да, атыс үшін дайындық жасауға кірісу керек. Сен қалай ойлайсың, - деді ол маған. - Алғашқы кезек қай аймаққа керек болып тұр? Менің небары жиырма бес дүркін ататын оғым бар. Сенің генералың соның өзін үнемдеп жұмсауды бұйырды. Мен оның картасына танып келіп, өз пікірімді айттым, соғыс жүріп жатқан алдағы шептегі бірқатар жepлepдi көрсеттім. Кирсанов менің айтқанымның бәрін зейін қоя тыңдап, картаға дивизионның орнын түсіріп, мен көрсеткен жерлерге қаламмен түртіп-түртіп белгі соғып, қолына аспаптарын алып, картаға еңкейе түсті де:
- Ал енді, хохолдар айтпақшы «треба трохи пидраху-вати», - деп есеп жасай бастады. Бозжанов бір шетте капитанның істеп жатқанының бәріне үнсіз-түнсіз қадала қарап тұр еді, ол бір уақытта дыбыс білдірмей шығып кетті. Mен аң-таң қалдым: ол бір қолына тарелка толған тамақ, екінші қолымен бір шиша арақ ұстап аяғының ұшынан басып қайтып келді. Іске жұмыла кірісіп отырған Кирсановқа қарап, - «қонақты сыйлау керек қой» дегендей маған көзімен ымдап қалды. Мен онысын мақұл көріп, басымды изедім. Жалмұхаммед тарелканы столдың шетіне абайлап қойып алып, жарты стакан арақ құйып еді... Кирсанов жұмысын істей отырып, Жалмұхаммедке көзінің қырымен қарап:
- Құйсаң толтыра құй! - дегені...Бозжанов қуана жымиып, стаканды толтыра құйды. Кирсанов картадан жер арасын өлшеп, көптеген үшбұрыштар сызып, біресе транспортермен, біресе целлулойды дөңгелекпен бұрыштарды өлшеп, тағы ішіп, өз жазуын тағы тексеріп, бірнеше тригонометриялық есеп шығарды. Бұдан бір сағат бұрынғы Бозжанов құсап, мен оның мұнша мұқият сызып отырғанына қызыға қарап тұрмын. Менің өзім де жаман чертежник емеспін, бұрын артиллерист болған адаммын. Бірақ Кирсановтың зейіндене, шын ынтасымен жұмыс істеген тәсілін көріп әрі қызығып, әрі таң қалдым. Кенеттен телефон шыр ете түсті. Мен трубканы алдым.
- Жолдас Момышұлысыз ба?
- Мен тыңдап тұрмын, жолдас генерал.
- Қалай «Мария Ивановнаны» жайғастырдыңыз ба? Байланыс қалай? - Бәрі де дайын, жолдас генерал...
- Біздің ұшқыштар станцияға жау әскері топтасып жатыр деп хабарлады. Сірә, Капровты соқпақ болса керек. Алдымен тұзын татып көрсін, сол жерге екі дүркін «Мария Ивановнаның» оғын жұмсаңызшы. ...Кирсанов өз есебін жедел тексеріп шықты да басқа телефонды алып, команда бере бастады.
- Огневая! Цель №... Угломер... Уровень... Прицел... Пока пристрелочный, готовность доложить! Кирсанов енді радиостанцияға келіп, оның құлақшынын басына қаптай киіп, қолына микрофонды ұстап тұрып: - «Дауыл» мен «Найзағаймын». Қабылда! Цель №... Прицел... пристрелочные... Жақсы!.. қадағала... хабарла... Енді мен тыңдаймын... Құлақшыны мен микрофонды радиске беріп, өзі орындыққа отырды да телефонистен:
- Огневая, дайын ба? - деп сұрады. - Цель №... УгЛомер... Уровень... Прицел... Дайын! - деп баяндады телефонист. - Огонь! - деп бұйырды Кирсанов. - Огонь! - деп қайталады телефонист. - Атылды, - деді телефонист. - Оңға ноль - ноль... берірек.... - деді радист. Кирсанов өз есебіне тез ғана түзетулер енгізіп, телефониске: - Солға таман ноль - ноль... Уровень... Прицел... - деді. Телефонист капитанның командасын микрофон арқылы қайталады. - Дайын! - Огонь!- Атылды!
- Дәл тиді! -деді қуанып кеткен радист айқайлап.
- Веер! -деп команда берді Кирсанов.
- Веер! -деп қайталады телефонист.
- Дивизион екі дүркін огонь! Бірінен соң бірі жаңғыра шыққан дауыс бізге келіп естілді.
- Дәл тиді! - деп радист бақылаушының хабарын баяндады.
- Огонь! - деп қайталады Кирсанов. Тағы да екі дүркін күндей күркіреді. - Дәл тиді! - дейді радист.
- Жолдас капитан, генерал екі дүркін деп бұйырды ғой, сіз төрт рет бастырмалатып жібердіңіз! - дедім мен сасқалақтап.
- Рас-ау, аздап асыра сілтеп жіберіппін! - деп Кирсанов өзіне-өзі ыза болғандай телефониске қарап:
- Тоқта! Цель №... атылған белгілер жазылсын! - деді. Телефонист бұл бұйрықты Огневаяға жеткізді.
- Сен бері қарашы, - деп Сергей Иванович кінәлі адамдай маған бұрылды,- егер генералдың өзі сұрамаса сен оған төрт дүркін аттық деп айтпай-ақ қой. Ол маған үнемде деп бұйырып еді.
- Жолдас капитан, «ботқаны май бүлдірмейді» деген емес пе, рас нысанаға дәл тиген екен, демек ол фашистің төбесі ойылды деген сөз...
- Әй, бәрекелді, жігітім! - деп, ол ұшып тұрып, бар күшімен иығымнан сарт еткізгенде, мен шыдай алмай еріксіз еңкейіп қалдым. Ол болса қарқ-қарқ күліп:
- Байқап тұрсам, сенімен бірге жұмыс істеуге болады екен... Атың кім еді сенің? Есімде қалмапты...- деді.
- Оның қажеті не, жолдас капитан?..
- Жоқ, айт! Мен саған өз атымды айттым ғой.
- Бау-ыр-жан, - дедім мен буын-буынға бөліп. Капитан менің атымды қайталап, иығыма тағы соққан кезде мен күшті пәрменге төтеп бере алмай, тағы да тізем бүгіліп шөгіп қала жаздадым. Генерал мені телефонға шақырып алып:
- Ұшқыштар тағы хабарлап тұр: «Мария Ивановна» Немістердің төбесінен дәл түсіріп шәт-шәлекейін шығарыпты. Есін жиып болмай тұрған кезде тағы бір дүркін беріп жіберіңдер. Мен генералмен сөйлесіп тұрған кезде, капитан бұзықтық істеп қойған бала құсап, бақылаушының баяндауына қызығып «дәл тиді» дегендегі артиллериялық құмарға түсіп кетіп, артық жіберілген екі дүркін туралы айтпай-ақ қой деген өтінішін қайталап, маған көзін қысып ымдап тұр. Мен оған генералдың бұйрығын айттым. Ол байсалдана ойланып тұрды да:
- Генералдың бұйрығынсыз атылған екі дүркінді қайтеміз? - деді. - Ештеңе етпес, жолдас капитан. Рас, дәл нысанаға тиген екен, ендеше үнемдемей-ақ қояйық. Қайтала деп бұйрық берілген соң, қайталау керек.
- Ал, егер генерал барлық атыстың бәрін жазып отырса қайтеміз? - деді ол тағы абыржып.
- Қайткені сол, екі дүркіннің орнына төрт дүркін аттық деп шынымызды айтамыз.
- Олай болса, огонь!
- Дәл тиді! - деп хабарлады радист. Бір жарым сағат бойы генералдан хабар болмады. Телефон шылдырын минут сайын күтіп, капитан екеуміз үн-түнсіз біраз сарылып отырдық. Көптен күткен шылдыр кенет соқты, телефонист маган трубканы алып берді:
- Елин Ядроводан кетті, - деді генерал, - ал, Возмищеден колонна созылып келе жатыр, сол екі пунктқа да дивизионная екі дүркін оқ атылсын! - деп бұйырды. .. .Тағы да есеп, тағы да команда, баяндау, тағы станциядағыдай байқау, ақырында «дүркін ат», «огонь!» деген өктем бұйрық... Радист абыржып, көзі жыпылықтап қаймыға сөйлеп:
-Жетпей қалды-недолет, - деді. Капитан орнынан ыршып тұрып, беті түтігіп, түгі тікірейіп радистке төніп барады:
- Не-е-е? Не дедің сен? Байғұс бала кінәлі адамдай-ақ кейін шегіншектей берді. Кирсанов жел ұшырғандай кілт бұрылып, телефонистің қолындағы трубканы жұлып алып, бар дауысымен айқай салды.
- Огневая! Тез шақыр бері бастығыңды!
- Сірә, аға офицердің даусын естіді білем, үлкен қара көзі қанталап, бет-әлпеті күреңіте түтігіп, долы ашудан шашалып-қақалып қалып, ызалы боқтау, балағаттауды тасқындатты-ай келіп. Сол тасқынның ішінен «мына сөз кішкене имантаразылау ғой» деп теріп-теріп берерім мынау: - Неге недолет?.. Неге жетпей қалды?.. Милау... Есек! Сені артиллериялық училищеден қандай ақымақ оқытып шығарды екен! Уровень ол емес қой... Малғұн! Есірік! Ақтама өзіңді өзің, сайтанның сапалағы! Әттең, қап құдай-ай, қасымда емессің. Әйтпесе әкеңді танытып, төбеңді ойып, желкеңді үзер едім... Өзі бұйра дудар шашын оң қолымен уыстап алыпты. Бір уыс шашын ет терісімен қоса жұлып алатындай болып көрінеді маған. «Мынау адам мұндай сұрапыл ашу үстінде арыстанды да түтіп жіберер» деп ойладым ішімнен. Қасына жақындап барып:
- Капитан, енді қашан атамыз? - дедім мен. Ол есін енді жиып алғандай селк етті де, келістіріп тұрып бір боқтап:
- Уровеньді түзетіңдер! Огонь! - деп трубканы лақтырып жібергенде, оны телефонист қақшып қағып алды. Енді Кирсанов орындыққа барып отырып, қос қолымен шашын уыстап алды. Әлі толастамаған ашудан безгек адамша қалшылдап тістеніп алыпты.
- Осындай дүмбілез шалағайлардың кесірінен жүздеген снаряд айдалаға қаңғып кетеді! - деді. Онан соң: «О-о-эх!» деп дәу жұдырығымен столды қойып қалды.
- Мен саған көрсетермін, бәлем!
- Қарлыққан даусы діріл қағады. Сол сәтте ол өксіп жылап жіберетіндей болып көрінді маған.
- Дәл тиді! - деп радист шаңқ ете түсті.
- Не - е? - деп аңырып, капитан арыстан жалды басын радиске бұрды.
- Дәл тиді, жолдас капитан, - деп қайталады радист.
- Ендеше, огонь! Огонь! Огонь! Залп артына залп дүрмек-дүрмегімен күңірене жөнелді. Капитан дирижер құсап залп ырғағына сай жұдырығымен столды қойып-қойып қалады.
- Дәл тиді! Дәл тиді! Дәл тиді! - деген даусы естіледі радистің.
- Огневаяға айт! Үш қайтара лағынет естісе де, үш қайтара рахмет айт! Бәрекелді! Тоқтат енді! Белгілерді жазып алсын, ана есалаң бастығы! Капитан барып, сұлқ түсіп, орындыққа отыра кетті.
- Жолдас капитан, сәтсіз кеткен бір залпқа бола осынша қиналмаңыз, - деп оны тыныштандырмақ болдым. Генералдың бұйрығы бойынша атылған кейінгі залптар капитан мен огневаяның арасында ұрыс-жанжалсыз сәтті өтті. ...Аспан түнере берді... Жапалақтап қар жауа бастады... Марков телефон соқты.
- Панфилов Шехтманға кетті, - деді ол сабырлы үнмен.
- Оның сигналын күтуді бұйырды. Кирсанов Строково мен Быково жақты көздеуге дайындалсын. Неміс салмағын сол жаққа сала бастады. Үлкен кісі қаршыға құстарын жібермекші еді, бірақ өзіңіз көріп тұрсыз ғой, қар жапалақтап жауып кетті. Қап, кесірін қарашы... Біз сигналды күттік. Әбден ашыққан капитан тамақ сұрады. Бозжанов оған тағы қызмет етті. Сергей Иванович аузын толтыра-толтыра асап, шабыттана тамақтанып отырып, жайдарылана жымиып Украинаның сықағы мен түрлі күлдіргі әңгімелер айта бастады. Бозжанов кіріп-шығып тамақтың түр-түрін әкеліп жүрді. Мен мына ерекше екі адамға қарап отырмын: бірі тамақ жеп, әзіл-оспақ айтып, рақаттанып отырса, бірі Сережаның бүгінгі көңілді болып, жақсы тамақтанғанына қуанған қамқор анадай рақаттанып жүр.
...Бір уақытта Марков телефон соқты. Строково мен Быковоға «огонь!» деп бұйырды. ...Кеш түсіп қалған. Телефонмен генерал сөйлесті.
- Мен Шехтманның штабында тұрмын, халдеріңіз қалай?..
- Екі-үш рет бізге де ұшқыны тиді, жолдас генерал.
- Ештеңе етпес, әзірше олар сіздерді тұспалдап атып жатыр.
- Ия, сол қаңғыған снарядтардың біразы бізге де түсті.
- «Мария Ивановнаның» халі қалай? Қанша сомы қалды?
- Төрт пе, әлде алты ма сомы қалған сияқты.
- Төрт,- деп Кирсанов сыбырлады.
- Екеуі менің өз басымды қорғауыма керек.
- Немене, кім сізді шаужайлап тұрған? - деді генерал маған.
- Ешкім шаужайлап тұрған жоқ, жолдас генерал, жай, ақшаның санын анықтадық. «Мария Ивановнаның» төрт сомы бар екен.
- Төртеу ме? Төрт-ақ сом ба?-деді көңілі көншімей.
-Елин Рождественскоені тастап шығып, Шишкиноға кетті. Атыңыздар, Рож... - генералдың даусы кілт үзілді.
- Ия, халдерің солқылдақтау екен. Сендерді тұс-тұстан қыспақтап жатыр екен. Жақсы емес. Мен ақымақ басым үш залпты жөнсіз, жорықсыз беталды тарс-тұрс еткізе салыппын, - деді Кирсанов.
- Кәне, жолдас капитан, Рождественскоедегі немістерді сыйлаңыз... ...Марков тағы да телефон соқты. Бізбен байланыс үзілгеннен кейін генерал Марковпен сөйлесіпті.
- Генерал сізбен байланыс үзілгеніне өкініп жатыр,- деді Марков, - көрсеткен жәрдемі үшін Кирсановтың өзіне жеке және оның адамдарына рахмет айтпақшы екен. Ал, Кирсановтың кете беруіне рұқсат етті. Осының бәрін мен Кирсановқа айттым.
- Демек, сен осында қаласың ғой, - деді ол маған, қабағын түйіп тұрып.
- Генералдарың, сірә, ескіден шыққан асыл адамға ұқсайды. ... Өзің білесің ғой, біздің техника жаңа, әрі өзгеше құпия. Сондықтан бұл жерде бұдан артық уақыт қалуға болмайды. Мен сенімен бірге қалып, сенімен бірге жаумен найзаласар едім, бірақ өзің де түсінерсің, бұйрықтың аты бұйрық. Барлық жаралы адамдарыңды маған жеткізуге бұйрық бер. Тым болмаса соларды машинамен госпитальге апарып салайын. Кирсанов дөрекілеу болса да, шын ықыласымен, жылы шыраймен бәріміздің қолымызды алып қоштасып, машинаға мініп жүрді де кетті. Оның артынан Бозжанов көпке дейін қарап тұрды да:
- Түрі аюдай болса да, шіркін жақсы жігіт екен. Осындай артиллеристер көбірек болар ма еді... - деді.
ПОЛКОВНИК КАПРОВ
Қараңғы түсе, соғыс үні едәуір саябырсыды. Сол кезде подполковник Марков келді. Ол мені бүгінгі күннің жағдайымен таныстырып, біздің дивизия қорғаныс құрған алқаптағы жағдайды шолып тұрып, бірнеше кезеңдерін түсіндірді. Марковтың сөзі бойынша, біздің дивизияның көршілері де жойқын соғыс жүргізіп, солардың табандылығының арқасында жау біздің дивизияны оңнан да, солдан да орап өте алмапты. Командование түс ауа авиация мен артиллерияның күшін топтастырып, дивизияның қорғаныс алқабындағы жаудың екпінін басыпты. Біздің авиация мен алыстан ататын артиллерия жаудың резервін шабуылдан ойран салыпты. Сөйтіп, жаудың тың күші кезінде қанат жайып соғысқа араласа алмай қалыпты. Арнаулы бағыттағы біздің қорғанысқа шабуыл үшін дайындалған жаудың еселенген күші соққы жеді. Сөйтіп, көршілермен, авиация және артиллерия байланыс жасап, қоян-қолтық күресе отырып, біздің қорғанысты бұзып өтпек болған жау күші тойтарылады. Әйткенмен жау кей тараптарда ішке ұзап кіріп кетіпті.
- Болған жағдайды талдай отырып, генерал мынадай ойға келді, - деді Марков, - жау екі күннен бері соғысқа барлық күшін, қару-жарағын салды. Генералдың болжауынша жау соғыс кезінде әлі адамдарының басын құрап топтаса алмай жатыр. Ол бүгін түнде елеулі қимыл жасамас. Сондықтан генерал Панфилов, осы жағдайды пайдаланып, түнде полктерді соғыстан шегіндіре шығарып әкетіп, таң ата жаңа шепке орналастырмақшы. Егер командование қарсы болмаса, тез арада полктер шегініс жасайды, - деп сөзін бітірді Марков. Содан кейін ол маған полковник Капровпен байланыс жасауды бұйырды. Шегініп бара жатқан топтарды ұйымдасқан түрде қауіпсіз жерлермен өткізіп жіберу үшін әскери дайындықта болып, алға сенімді адамдарды қоюды бұйырды да, өзі біздің дивизияның оң қанатындағы подполковник Шехтманға кетті. Жалғыз өзім қалдым. Марковтың тек «біздің арамызда қалсын, бұл өте құпия» деп ұдайы ескертіп отырып айтқан әңгімесін тағы да терең түсінуге тырысамын. Әрдайым, тек өз батальонымның ғана қамын ойлап жүретін басым, бұрын Марков айтқан көлемдегі кең жағдайды ойлап көрген емес едім. Шынын айтсам, қазіргі жағдайдың командованиеден бастап жұрттың бәріне қиын тиіп тұрғанын сездім. Полктер ермек үшін шегінбекші болып жатқан жоқ қой. Рас, генералдың бірінші жәрдемшілерінің бірі подполковник Марков маған бір күннің ішінде екі рет келген екен, демек, одан бізге өте жауапты тапсырма жүктеліп отырғаны белгілі болып тұр... Оған түсінген сайын сескене бастадым, тіпті айта берсең, қорқа бастадым. Абыржып отырып өзімді-өзім жұбатқан болып, Дюманың сөзін есіме алдым: «Жұрт дабылға қанша бір дағдыланып шынықса да , төніп тұрған бәлелі қауіпті қарсы алуға қанша бір дайын болса да, олар дүрсілдеп шошып соққан жүрек пен бойды жосып өткен дірілден, қиял мен шындықтың, ой мен оны орындаудың арасында қандай айырмашылық бар екенін әрдайым сезеді!». Соны ойлап түбіне жете алмай отырғанымда ала көлеңке бұрыштан генералдың құлақшын киген басы маған ашулы және кекесін кейіппен: « Мен сізге сеніп едім ғой...» деп қарап тұрғандай көрінді. Селк ете түсіп «бүйте берсем, соғысқа кіріспей тұрып жынданып кетермін!..», деп өзіме-өзім зекірдім. Мен Марковтың тапсырмасын орындамақ болып, командирлерді шақырып алдым да, тиісті бұйрықтар бердім. Бозжанов Красвқа, Рахимов Филимоновқа кетті. Танков Горюны аймағындағы тапсырмаларды тындырмақ болып о да шығып кетті. Мен штабта тағы да жападан-жалғыз, күзетші байланысшылардың арасында қалдым. ...Қасында адъютанты бар, полковник Капров кіріп келді. Үстінде балшыққа былғанған шолақ тоны, аяғында екі жерінен снарядтың жаңқасы жырып кеткен пимасы бар. Үлкенірек бір жыртығынан ақ шұлғаудың шеті көрініп тұр. Өзі бұрыннан арық кісі, біржолата қырым еттен айрылып, сақал-шашы үрпие өскен, қара - қатпа болыпты да қалыпты. Мен оған сәлем беріп, орындық ұсынғанымда оған отырмастан теңселіп барып, ілгектерін ағытып, «басым мең-зең, аяғым сырқырап барады» деп бір күрсініп, еденге сұлқ түсіп, шалқасынан жата кетті. Жанында тұрған байланысшы жауынгер оның басына жастық орнына өзінің противогазын қоя қойды.
- Рахмет, шырағым!.. - деп полковниктің даусы да әлсіреп әрең шықты. Сіз жарадарсыз ба, жолдас полковник? - дедім.
- Жоқ, қарағым, шаршадым, болдырдым... Өте қажыдым. Менің мұнда келгенімді бес минуттан кейін генералға хабарлаңыз... Мен азырақ дәрмен шақырайын... Менің атқосшым Николай Синченко көрпе-жастық, матрац алып келген соң, полковниктің қарсылығына қарамастан төсекке жатқызып, ыстық-ыстық шай бердік. Полк штабынан үсті-басы оқ-дәрі сасыған офицерлер бірінен соң бірі келіп, жай-жапсарды қысқаша баяндап, тапсырма алып кетіп жатты.
Бір уақытта полк комиссары Ахемтжан Мұхамедияров келді. Шолақ тонының етегі қанға боялған.
- Саған не болды, Мадияр? - деп Капров шошынып сұрады.
- Жай, Илья Васильевич, торы атқа оқ тиіп, мен соның астында үш минуттай тырбаңдап жаттым... Мені телефонға шақырды. Генерал екен, маған трубканы Капровқа бер деп бұйырды.
- Мен тыңдап тұрмын, жолдас... иә, сіздің бұйрығыңыз бойынша... Иә, иә, артымызға қалқан тастап кеттік... Оны да миналадық... Иә, солай еттік... Қазір Мұхамедияровтан сұрайын... Генералмен әңгімесін бітіріп болып, Капров комиссарға:
- Генерал жаралылар үшін тағы алты машина жібермекші, - деді.
- Бауыржан, жаралылар үшін сенің үш асханаңа зорлық істеуге тура келді, - деді Мұхамедияров достық пейілмен.
- Е, бұлар өздерін қайтеді? Оның не? - деді Капров.
- Ештеңе етпейді, дұрыс істепсіз, жолдас комиссар, - дедім мен.
- Біздің жігіттер қазір тың отыр ғой. Капров өз картасын жайып салды. Маған өзі қалқан қалдырып кеткен, миналап кеткен жерлерді, бөренеден үйінді тосқауыл жасалып жатқан орындарды көрсетіп, полктың шегінісін қалай қамтамасыз ету керек екенін бастан-аяқ түсіндірді. Генерал маған полктың қалқанда қалған бөлімшелеріне басшылық етуді тапсырыпты, ал Капровтың өзіне полктың негізгі күшін жаңа шепке жеткізуді бұйырыпты. Қараңғы түн. Жауынгерлер рота-ротасымен, батальон-батальонымен Горюны арқылы шегініп өтіп барады... Олардың командирлері полковникке келіп жайды баяндап, қысқа-қысқа тапсырма алып кетіп жатты. Саптағы жауынгерлер болса, полковник пен комиссардың даусын естіп, қатар түзеп, біркелкі нық басуға тырысқан сияқты... Мен ләм деместен, үн шығармастан Капров пен Мұхамедияровтың қасында тұрмын. Түн қараңғысын жамылып, кетіп бара жатқан жауынгерлердің қараңдаған тұлғаларын көріп, оларды шығарып салып тұрмын... ...Қазір осы әңгімені жазып отырғанымда 1812 жылғы Отан соғысының атақты батыры Денис Давьтдовтың сөзі есіме түсе берді. Оның сөзінің терең мағынасын бұлжытпау үшін Денистің өз тілімен келтірейін: «...отступление названо только славным. А сие, прилагательное от частных употреблений обесславилось... Я помню какими глазами мыувидели эту дивизию, подходившую к нам в облаках пыли и дыма, покрытую потом трудов и кровью чести... Каждый штык ее горел лучем бессмертия!».
Роман Әдеби KZ порталынан түсірілді.
Жалғасы бар