Москва үшін шайқас: КАПИТАН БУЛАТОВ
АСТАНА.ҚазАқпарат - 95 жылға жуық тарихқа ие, еліміздегі тұңғыш Халықаралық дәрежесі бар ҚазАқпарат агентігі Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынады. Б.Момышұлының бұл туындысы қазақ әдебиетінде соғыс тақырыбына жазылған алғашқы үлкен шығарма болып есептелінеді. Шығармада қанды соғыстың қатыгез бейнесі шынайы бейнеленген.
Елбасының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген роман, повесть қисса, дастандар жарық көрді. Халықаралық ҚазАқпарат агенттігі қоғамға қажет, өсіп келе жатқан жастарға патриоттық тәрбие беретін осындай шығармаларды беруді әрі қарай жалғастырады.
***
КАПИТАН БУЛАТОВ
Кеш батардың алдында қарсы алдымыздан екі салт атты шықты. Оның бірі Шехтман полкының штаб бастығының орынбасары, көк көз, арық сұңғақ бойлы, сары жігіт лейтенант Блинов екен. Ондай орындағыларды қысқарта помощник начальника штаба деудің орнына ПНШ деп атайтынбыз. Блинов біздің дивизияның штаб начальнигі бұйрығы бойынша біздің батальон Шехтман полкының қарамағына өтіп, бұдан былай Шехтманға бағынып, соның бұйрық-жарлықтарын орындау жағын хабарлағалы келген екен. Одан соң ол полк командирінің бұйрығын карта бойынша баяндады. Сұрастыра келсек Блиновтың жалпы жағдайдан хабары аз көрінді.
- Полк командиріне айта барыңыз, - дедім мен оған ол аттанар алдында, - Ол кісінің бұйрығын біз орындаймыз. Біз азық-түлік жағынан өте мұқтаж халдеміз,оқтарымыз да, қорамсақтарымыз да орталанып қалды. Қойшыны жұмсағанда да қарнын тойдырып, саймандарын түзеп жұмсайды ғой, бізді қамтамасыз етсін. Екінші айтарым: бүгін күн бойы бізге жәрдемдерің тиместен біздің денемізді қалқаңдап бір оқ атпай шегіндіңдер, ал енді болса бізді ашық далалы жерге жұмсап, өздерің орман ішіне паналап отырсыңдар. - Жолдас комбат, оның несін маған айтасыз?
- Айтып барыңыз менің сөздерімді полк командиріне. Сіз оның сөзін маған айтып келдіңіз ғой. Батальон 23-ші октябрьден бері мандытып демалып ұйықтаған жоқ. Кешелі бері нәр татқан жоқ. Титықтап келеміз ешкімнен әдеп сақтап жасырар жайым жоқ.
- Айтып барайын, жолдас комбат, барайын, - деді ұяла қызарып Блинов... Командирлерді ертіп болашақ позисиямызға бардық. Қаланың шығыс жағы Бықи қыстағына дейін ап-ашық дөңдеу келген жер екен. Дөң ортасын бір саяздау сай қақ бөліпті. Сай табанында ағып жатқан бұлақтың жағасы қалың біткен тал, шыбықтар адам бойынан биік емес. Сайдың сол жағасындағы дөң оң жағасындағыдан биіктеу. Қала мен Бықидің арасында аңырап жатқан кең қара жол дөңнің үстін баса өтеді. Оң жақтағы орман шетінен тағы бір қара жол дөңді бауырлай барып Бықиге қарата жосылып жатыр. Екі жолдың да сайдан өте берісінде көпірлер бар. Демек, біздің маңдайалды міндетіміз осы ашық далада екі жол мен екі көпірді мықтап ұстау болды. Кімге де болса түсінікті. Рота командирлері тиісті бұйрықты алып топтарын жаңа орында бекініс жасатуға ертіп кетті. Рахимов біздің тоқтамды шешімімізді дұрыстап схемаға түсіріп полк командирінің атына ақпар жазды. Оны көріп шығып мен қол қойдым да, алға кеттім... Қараңғы түн. Аспан бұлтсыз, үстіміздегі күмбез меруертіндей жылтырай жыпықтап тұрған жұлдыздар шоғы. Мен алдағы шепті аралап келемін. Жауынгерлер жауырындай кішкене қалақтарымен жердің қыртысын аударып ор қазып жатыр. Қимылдары сылбың, өте шабан. - Жігіттер өте шаршады, жолдас комбат. Қалай үлгереміз, қайдам, - деп күрсінді Краев.
- Дастарқанның бетіндей ашық жерде пана болар ешнәрсе жоқ қой. Асықпай қаза беріңдер. Басқа не лаж бар? Мүмкін бір нәрсе жіберсе нәрленерсіңдер, - дедім мен оған. ...Штабқа қайтып келдім, сайдың бір жағасына жігіттер күркеше тұрғызып қойған екен. Ішіне енсем шөпті қалың төсеп қойыпты. Отырып түнгі әрекетті біраз әңгімелеп болған соң мен жантайып жаттым. Күрке сыртында аттар құрғақ пішенді күртілдете жегі тұр. Күрт-күрт... жүгеннің ауыздығын сылдыратып, бастарын бір көтеріп алып аттар қайтадан пішенді күрт-күрт жеп тұр... Мен күркенің ішінде тыңдап жатырмын. Бала кезімде кешкі тамақтан кейін үйден ұрланып шығып, ат ханаға барып, ақырдың алдында байлаулы тұрған аттарға баулаулы жоңышқалар салып, өзім бір бұрыштағы шөп үстінде жантая жатып аттардың жоңышқаны күртілдетіп жегенін тыңдауды жақсы көруші едім. Сол шағым есіме түсті. Өзім күрке демін, ойым баяғы замандағы ауылда.
- Уақыт он бірден асып барады, жолдас комбат, әлі тамақтан хабар жоқ. Жігіттер бүгін де аш жататын болды-ау,-деді қинала Рахимов.
- Жолды қазақ әңгімемен қысқартушы еді. Ашаршылық жылы біреу «аштықты да қызық әңгіме үстінде елемеуге болады екен», - деп еді. Соның сонысы рас қой деймін, Хаби, а?
- Рас болуы керек, жолдас комбат. - Татарлардың биляши деген тамағы болады ғой. Майда тураған етті қамырға орап майға пісіреді.
- Ия, майға пісіреді. Әсіресе, оны ыстықтай ерінді күйдіре жеген қандай рахат.
- Қазір бізге суыған биляши берсе, екеуміз оған таласып қалар едік. - Таласпай-ақ тең бөліп жер едік.
- Таласатын да, бөлісетін де ешнәрсе болмай тұр ғой.
- Ал, не айтайын деп едіңіз, жолдас комбат.
- Сол биляшидің дәмін мен он тоғыз жасымда бірінші рет татып едім.
- Степанов! Әлі ұйықтаған жоқсыз ба? - деді Рахимов.
- Жоқ. Сергек отырмын, - деп жауап қатты Степанов күрке сыртынан. - Онда біраз ұйықтап алыңыз. Біз комбат екеуміз биляши мен бесбармаққа тойған кезде сізді бір-ақ оятармыз.
- Жарайды, жолдас лейтенант, ұйықтасам біраз ұйықтап алайын. Маған аз да болса сарқыт қалдырарсыздар, - деп Степановтың мырс етіп күлгені естілді.
- Бастаңыз әңгімеңізді, жолдас комбат.
- Өткен-кеткенді қозғап қайтеміз, Хаби, командирлерді қай уақытқа шақырып қойып едің?
- Олар келгенше екі сағаттай уақыт бар. Бәрібір солар келгенше отыруымыз керек қой. Әңгімеңізді айтыңыз, жолдас комбат.
- Айтсам айтайын, ол кезде өзіміздің ауданда аудандық аткомның секретары болып істейтінмін. Ауданның орталығында мал дәрігерлік пункті бар болатын. Мал дәрігеріміз іркілдеген семіз, қасқа бас, орта бойлы Леонтьев Тимофей Васильевич деген егде тартқан кісі еді. Біздің фельдшер Киреевті көрген сайын Леонтьев есіме түседі. Екеуін қатар қойсаң, ұқсастығы сондай - бір туған аға мен іні сияқты боп көрінер еді. Жексенбі күні осы уақытқа дейін аудан орталығында базар болады. Бір базарлы күні кеңсеге әкем келіп: «Мал докторының алдына барып тұршы, қарағым, онда бір шаруам бар еді», - деді де шығып кетті. Қағаздарымды жайғастырып мал дәрігерлік пунктке бардым. Леонтьевтің қорасы кең еді. Қора толған мал: біреулері түйе, біреулері ірі қара, біреулері жылқы алып келген қазақтар кезегін күтіп тұр. Леонтьев жәрдемшісімен екеуі қораның ортасында кезегімен ауру малдарды қарап, дәрілеп - дәрмектеп, мал иелеріне ымдаумен, шала-шарпы қазақсымақ тілмен сөйлесіп, кеңесін айтқансиды. Бір түйелі қазақ олардың сөзіне түсіне қоймады. Мен жақындай барып тілмаш бола қойдым. Бір кезде менің әкем төртөбел дөненді жетектеп қораға ене бергенде, тұрған қазақтар: «Ассалаумағалайкүм, Момеке» десіп сәлем беріп, ол кісінің жасын сыйлап «кезексіз апарыңыз атыңызды, көрсетіңіз, біз тұра тұралық» деп шуылдасты. Әкем артқы аяғын сүйрете басқан төртөбелді жетелеп Леонтьевтің қасына келді. Леонтьев ала көзімен қарап, әкемнің кезексіздігін жақтырмады білем, аттың аяғына бір қарады да: «Сенікі алаша жаман. Аяқ совсем жаман», - деп қолын сілтеді. «Ай доктор, аяғын ұстап көрсеңші, несі бар екен?» - деді әкем. «Жаман алаша, жаман». «Бүл кәпір бір нәрсе дәметіп тұрғанболар», -деп әкем қалтасына қолын салып, ақша шығара бергенде Леонтьев ашуланып, «Скажи этому ахмаку, чтобы он своего коня на махан пустил» дегені. Әкем ешкімге үн қатпастан атын жетелеп қорадан шығып кетті. Қаба сақал орта бойлы дембелше бір қазақ, ұстап тұрған сыңар мүйіз қара сиырының ноқтасын біреуге ұстата салып, Леонтьевтің қасына жетіп барып: «Тбоя жаман локтыр, моя қарошай старик, пошему сен аяқ қарамайды?» - деп араға түсе кетті. Екі айдай мен ауылға барғаным жоқ. Әкем де келіп маған жолыққан жоқ. Бір базар күні біздің ауылдың бір жігіті келіп: «Сені Момекең шақырып жатыр. Мал докторша келсін деді», - деп шығып кетті. Өткен жанжал есіме түсіп, қынжыла, қаймыға, ұяла - қызара Леонтьевтің қорасына бардым. Бұрынғыдай қора толған мал алып келген қазақтар. Олардың арасында әкем көрінбейді. Біраз күтіп тұрдым. Бір уақытта төртөбелге мініп әкем қораға шауып кірді де, ай-шайға қарамастан атын ойнақтатып мал қарап тұрған Леонтьевтің алдына барып тізгінін бір-ақ ірікті. Елдің барлығы және мен де таңғала қарап қалдық. Леонтьев жұмысын тоқтатып тұрып қалды. Әкем қораның топырағын бұрқылдата Леонтьевті айнала біресе желе жортып, біресе кәдімгідей шапқылап шыр көбелек айналды. Бір кезде алыстаңқырап барып аттың басын шұғыл бұрып қайтарды да, Леонтьевке қарай шаба ұмтылды. Доктор сескене қаймығып екі-үш адым шегінбегенде ат омырауымен қағып кететін түрі бар. Тізгін тартып тоқтады да, ойнақтап тұрған аттың үстінен қамшымен нұсқап маған: «Әй, тілмәш бала, скажи этому дураку, что его самого надо пускать на махан» деп орысшалап атын тақымдап, ат байлағыш желіден ырғып көшеге қарай шаба жөнелді... Тұрған ел қыран күлкі. Мен төмен қарап кеңсеме кеттім. Екі-үш сағаттан кейін кеңсеге Леонтьев келді. «Әкең қайда, мен шалдың алдында қатты кінәлі екенмін. Үйге шақырып кешірім сұрамақпын. «Сіз, жігітім, маған көмектесіңіз»,- деді егде тартқан дәрігер. Әкем өзінің құрбыларымен базар ортасындағы бір шайханада қымыз ішіп отыр екен. Леонтьевтің үйіне барғысы келмеп еді, оған бір жасы үлкендеу шал:
- Момыш! Алдыңа келсе әкеңнің құнын кеш деген бар. Барғын, докторда иман бар екен. Алдыңа айыбын мойындап ұялғанынан келіп тұр ғой, - деген соң, қасындағы екі шалды ертіп әкем бізбен ілесті. Келсек Леонтьевтің өзінен де семіз шикі сары, ашық мінез, жайдары бәйбішесі қораның көлеңкесіне киіз төсеп қойған екен. Үлкен сары самауыр гүжілдеп қайнап тұр. Біз отырғаннан кейін қазақша дастарқан жайылып тамақтар келе бастады. Тамақ - шай үстінде доктор әкемнен кешірім сұрады. Екеуі қол алысып татуласты. Әңгіме басталды. Мен орталарында тілмәш болып отырып, дастарқан үстіндегі биляшиді тойғанша жедім.
- Екі шалдың шоқысып қалып келіскені қызық екен. Дәрігер жақсы, тура дәрігер екен. А биляши еще лучше, - деп, орысшалап Рахимов қарқ-қарқ күлді де:
- Ал әкеңіз төртөбелді қалай емдепті?- деп сұрады.
- Бұрынғы қазақтардың өмірі ылғи малмен байланысты болған ғой. Малды емдеу жағына тәжірибесі мол халықтардың бірі осы біздің қазақ болар. Біздің елде мал «хирургін»-«оташы» деп атайды. «Ота» деген түбірінен шығуы керек. «Ота» кес, жой деген мағынада. Әкем тартылып қалған сіңірдің айналасындағы ісікті кесіп, аттың жарасына дәрі шөптер таңып, төртөбелді емдеп жазыпты. Кейіннен Леонтьев әкемнен және басқа біздің оташылардан көп нәрселерді сұрап алым жүретін...
***
- Жолдас комбат! Жолдас комбат! Тұрыңыз. Полк штабынан кісілер келіп тұр, -деп Рахимов мені оятты. Мен ұйқымды аша алмай отырғанымда:
- Мұнда батальон командирі кім болады?- деп киімі солбыр - солбыр аласа бойлы, сүйір мұрындау, бетін әжім басқан ақсары капитан күркешеге кіріп келді. Оның соңынан кешегі ПНШ Блинов енді. Мен орнымнан тұрып ізет көрсете қарсы алмағаныма шамданған болуы керек, капитан маған тесіле қарап, зекіре сөйледі.
- Неге сіздің батальонда ешқандай тәртіп жоқ! Не деген бейбастық?!
- Қандай бейбастыққа кез болдыңыз?
- Сіздің адамдарыңыздың барлығы ұйықтап жатыр.
- Курортта жүрмегендігімізге бәріміздің де көзіміз жетеді. Оның несін сұрайсыз, - дегенімде капитанның артында тұран Блинов мырс етіп күліп жіберді. Капитан бұрылып ПНШ-қа ала көзімен қарады.
- Жағдайды баяндаңыз, - деді маған капитан.
-Алдымен сіз маған кім екеніңізді, не үшін мұнда келгеніңізді айтыңыз, мен сізді бірінші рет көріп отырмын, жолдас капитан. Маған зекіріп сөйлейтін мен сіздің тоқалыңыздан туған бала емеспін, - дегенімде Блинов тағы да мырс етті. Капитан ұялғандай біраз кідіріп тұрып:
- Мен полктың химелужбасының начальнигі, капитан Булатовпын. Біз ПНШ екеуміз сіздің батальонды тексергелі келдік.
- Тексергенде немізді түзетіп, қай жерімізді қалыпқа келтірмексіздер? Сіздердің тексеруіңізден батальонның хал-ахуалы өзгере қоймас. Кеше кешке мына тұрған ПНШ - да келіп, тексеріп кеткен болатын. Батальон аш! Қорамсақтарымызда оқ аз! Жағдай осылай, жолдас капитан. Мына тұрған ПНШ адал жігіт болып шықпады.
- Жолдас комбат, мен сіздің сөзіңіздің барлығын айтқам. Менде билік жоқ қой, - деп қапаланды.
- Сіз, жолдас аға лейтенант, өте қызбаланып сөйлемеңіз, - деді капитан.
- Кімнің алдымен қыза сөйлегенін құдай бар болса көріп-ақ тұрған шығар, - дегенімде капитан да күліп жіберді.
- Ақыл айтумен, зекіріп сөйлеп қысымға салумен батальонның қарны да тоймайды, қорамса да толмайды, жолдас капитан, - дедім мен бастырмалап. - Батальонды ашық алаңға айдап тастадыңыздар, жағдаймен жөндеп таныстырмадыңдар. Әрі-беріден кейін түсінікті бұйрық та бермедіңдер, кешелі бері шаршап-шалдыққан аш жауынгерлерге қандай қамқорлық істедіңіздер. Меніңше, екеуіңіз де зеріккеннен ғана бізді тексергелі келіп тұрған кісілерсіздер. Капитан Блиновқа қарап бір нәрсе деді де:
- Бәрі түсінікті, жолдас батальон командирі, бәрі де түсінікті. Ал ПНШ қайтпаймыз ба? - деді Блиновқа. Олар кеткен соң мен бұлақ суына жүзімді шайып алып, алғы шепке кеттім. Таң атты.
Күзгі таңсәрінің суығына жер беті күрең қырауланып жатыр. Мен взводтан - взвод, ротадан - роталарды аралап келемін. Біздің шала-шарпы қазған саяз окоптарымыз қыр басынан теңбілденіп, кейбіреулері шоқпыттана көрінеді. Окоп түбінде, салқын қара жерде, бүрсиіп, екі бүктеліп бос құрсақ, шаршап - шалдыққан жауынгерлерұйықтап жатыр. Бақылаушылар біресе отырып, біресе тұрып тықыршып тұр. Мен бір шеттен бір шетке қарай келе жатып - әскери атағы да, жасы да үлкен капитан Булатовпен ренжісе қатты сөйлескеніме өкініп келемін. Ұялып келемін...
СТАРШИНА
Мен алдыңғы шептен қайтып штабымыздың күркесіне жақындай бергенімде Бықи жағынан бір қос атты арбаның келе жатқанын көріп күтіп тұрдым. Арбаның үстінде екі адам. Оның біреуі бірнәрсені сүйем ұстап отыр. Маған жақындағанда, жиырма төрт: Жиырма бестердегі қызыл шырай, күлімдеген тұнық жасыл көз, сұңғақ ақсары жігіт арбадан секіріп түсіп, қалт тұра қалып: - Жолдас аға лейтенант, біз Шехтманның полкынан комиссардың бұйыруы бойынша сіздерге нәрселер алып келдік, - деді. «Булатов комиссарға жеткізген болды ғой» деп ойладым. Старшинаның «порсе» дегені бірнеше жәшік патрон және екі шелек піскен ет болып шықты.
- Патрондарыңа рахмет, старшина. Ал мына екі шелегіңнің ішіндегісіне мен жалғыз өзім тояр ма екенмін?
- Кушайте на здоровье, товарищ старший лейтенант, - старшина күлімсірей жауап қатты.
- Біз мұнда бес жүз аш ауызбыз... Нан неге алып келмедіңдер?
- Біз бергенін алып келдік.
- Рахимов! Мына шелектегімен не істемекпіз? - деп сұрадым.
- Кәмпитті бөлгендей бөлеміз де, жолдас комбат. - Онда старшиналар мен политруктерді шақыртыңыз. Роталардан адамдар келді. Пышақпен етті бөлуге кірісті.
- Ал, жігітім, осында көрген - білгеніңді айта барғайсың, - дедім мен старшинаға, маған тиген бір түйір етті аузыма сала беріп.Күн ашық болды. Жылына бастады. Россияның күзгі ашық күндері біздің оңтүстіктің ашық күнінен айрықша келеді. Күн найза бойы көтерілгенде түнгі салқында қырауланған шықтар жіпсіп үлкен сәскеге дейін буырқанып буланып жер бауырлай жатқан сирек тұманша жер бетінде, орман үстінде көгілдір перделеніп барып асықпай тарқайды. Жерден қоңыр салқын дымқыл иіс түске дейін шығып тұрады. Күннің сәулесі бажырайып жарқылдамайды, асықпай жылытады. Ашық күнде самолеттер мен артиллерияны күші басым жақ мейлінше пайдалануға болады. Демек бүгін жаудың самолеттері мен артиллериясы зерікпей көзге түскенін бомбалауға мүмкіндіктері мол. Сағат азанғы онда алыстан самолеттер тобы көрініп, Волоколамскінің бізден арғы шетінен артиллерия атыс дабылы сарындай гүрілдеді.
- Кеше немістер станцияны ала алмаған көрінеді ғой мына сарынға қарағанда, - деді құлағын түре тыңдап тұрған Рахимов.
- Демек, бүгінгі негізгі шайқас сол жақта болды ғой. Қазірінше біздің тарапта ешқандай қимыл байқалмайды.- Егерде алға барлаушылар жіберіп анық-қанығын білсек қайтеді. - Сіздің ойыңыз әрине дұрыс-ақ, Хаби, бірақ та болдырған атты бәйгіге қосқандай болып жүрмелік. Одан да қалған дәрменімізді окоптарымызды тереңдетуге жұмсағанымыз жөн болар. Немістер біз шақырмай-ақ өздері де келіп қалар.
Артыма жалт қарасам Бықи жағынан бір атты құйындата шауып келеді. Бізге жеткенде шұғыл тоқтай қалып, мана екі шелек ет алып келген старшина атынан ырғып түсті. Қолында алдына өңгеріп келген бір тола кендір қапшықты жерге тастай салып, өзі қалт тұра қалып:
- Жолдас комбат! Барлығын да комиссар Корсаковқа айттым. Міне, сіздерге ол кісі жүз пачка махорка, он шақты құты шырпы, жиырма шақты газеттерді тезден алып барып тапсыр деп мені жұмсады... - деп ентіге сөйледі.
- Сенің фамилияңды да сұрамаппыз ғой, жігітім.
- Мен Ивановпын.
- Ал аты-жөнің, өз есімің мен әкеңнің атын айтшы.
- Тек қана Ваня Иванов десе де болады ғой.
- Өзің де Иван болып шықтың ба?
- Әкемнің аты да Иван, жолдас комбат. Документтерде Иван Иванович Иванов болып жазыламын.
- Ай, сендерге басқа ат табылмағандай бәрің бірдей Иван болғандарыңа жол болсын? - деп Рахимов күле сұрады.
- Қайдам, жолдас лейтенант, ат қойғанда бізден сұрамай қойыпты ғой, - деп оған старшина күле жауап қатты.
- Ал, Иван Иванович, саған үлкен, үлкен барлығымыздың атымыздан алғыс, құдай бар болса тағдыр сені сақтасын, қарағым Ваня. Ну, поезжай! Спасибо, брат! Шауып кетіп бара жатқан Ивановтың соңынан қарап тұрып: - Орыстың осындай жақсы жігіттері болады, - деді Рахимов.
- Taп біздің Степанов сияқты ақпейіл, бауырмал екен мына старшина да.
Иван Ивановичтің алып келгенін үлестіруге кіріскен еді Хаби. Мен алғы шепті аралап келемін. Жауынгерлер окоптарын тереңдете қазып жатыр. Кейбірсулері оқта-текте басын көтеріп алға елеңдей қарап қояды. Менімен бірге келе жатқан Краев:
- Тамақ жедік, махорка тарттық, жақын арада мүмкін жүз грамм да ішерміз, а, жолдас комбат?
- Оның закускасы болмай жүрмесін, Семен.
- Арақ бар жерде закуска да табылар. Мен өзім жеке басымды алсам қазір бір стопканы қағып тастап, жеңімнің ұшын бір иіскесем болғаны...
- Болды енді, әзілің жетті. Ісіңді жөндеп басқар.
...Сағат он бір... Сағат он екі... Біздің алдымызда жаудың бірде-бір солдатының қарасы көрінбейді.
- Осы аш отырғанда адам мүлдем зеріккіш келеді екен, - деген Бозжановтың даусын күркенің сыртынан естідім.
- Егер де мен үлкен орында командир болсам, қарап отырмас едім. Тіптен тіке Волоколамскіге тартып, қаланың бір шетін басып алып отырар едім. Кейіннен құдай басқа салғанын көре жатар едік, - деді ол оны мақұлдап отырған біреуге.
- Бозжанов! Бермен келгін! Ләпбай, жолдас комбат! - деп қысыла - қымтыла Жалмұхаммед кіріп келді.
- Мұнда не қып сандалып жүрсің?
- Мана махорка алғалы келіп едік... Мен осында аздап кідіріп... жігіттермен сөзге айналыңқырап қалыппын.
- Алғы шепке барғын да, ротаңды жинап жаңағы сөзіңді солардың алдында оттағын.
- Жоқ, жолдас комбат... Тек әшейін...
- Бар ротаңа!
* * *
Сағат бірден аса бергенде Шехтманның полкының комиссары Корсаков келді. Комиссардың түрі солғын. Мен оған барлық жағдайды қысқаша баяндадым.
- Жүріңіз, алға барып көрелік, - деді комиссар менің сөзімнің аяғын тыңдап болып. Жолда келе жатып Корсаков маған жалпы жағдайды айтты.
- Капров пен Елиннің полктарына кешелі бері ауыр салмақ түсті. Әсіресе, Капров полкында. Обалына не керек, жауынгерлер табан тіресе жаудың басым күшімен айқасуда. Естіп тұрсыз ғой - олар қазір де ауыр халде соғысып жатыр.
Алғы шепті аралап жүргенде, жауынгерлермен сәлемдескені болмаса комиссар үн қатқан жоқ, тек жан-жаққа көз салып аяңдап жүріп отырды. Менімен қоштасып тұрып аттанардың алдында Корсаков былай деді:
- Аш халыққа мен не дейін? Өздеріңіз де сөйлескен боларсыздар. Сіздер үшін қолымнан келгенімді істеуге тырыстым, штаб кухняларынан етін сіздерге жібергізіп, сорпасын оларға қалдырдым. Екі тәуліктен бері азық-түлікті жөнді уақытылы ала алмай жатырмыз. Комиссар көрші батальонға қарай кетіп бара жатқанында, оның артынан қарап тұрып Рахимов:
- Бұл полкта бізге жаны ашыр үш адам бар: Булатов, Иванов, Корсаков, - деді.
- И это очень хорошо, Хаби, - дедім оған мен.
ЛЕЙТЕНАНТ БРУДНЫЙ
Біздің батальонға көмектесуге артиллерия дивизионының командирі Кухаренко келіпті дивизион Бықи маңында позицияға орналасып дайындалып жатқанын баяндады. Біз Рахимов үшеуміз ақылдаса отырып болашақ соғыста дивизионды қалай пайдалану жағыншешіп, Кухаренконың алдына бірнеше істер жүктедік. Кухаренко қырдағы пішеннің бір маясының басына бақылау пунктін істеп алып, орналасып дайындыққа кірісті.
- Жолдас комбат, немістер көрінді! - деп Синченко жүгіріп келді. Мен күркеден шығып, қыр басындағы бақылау пунктіме келдім. Менің ешкіммен телефонмен байланысым жоқ. Бақылау пункттің айналасында байланысшы хабарман жауынгерлер өздерінің саяз окоптарында жатыр. Немістердің келе жатқаны рас болып шықты. Олар сап - сабымен тапа жорықтағыдай шұбап келеді. Бәріміз де таң қала қарап тұрмыз. Бұлар біздің үстімізден серуендей басып өтпек пе әлде, мына бейқам келе жатқанына қарағанда?
- Ал, жігіттер! Командирлеріңе барып айтыңдар: немістер 300-400 метрдей жақындағанша ешкім атушы болмасын. Түсінікті ме? Жүгіріңдер.
- Байланысшылар жүгіріп кетті. Немістермен арамыз көп болса бір километрдей. Кенеттен немістің колонналарының үстінен бірнеше снаряд бұрқылдай жарылды. Оларды Кухаренко атқылай бастады.
- Қап, мынау ертерек атты - ау, - дедім бармағымды тістей өкініп.
- Синченко, жүгір Рахимовқа, ол Кухаренкоға айтсын бастағаннан кейін ол шрапнельмен гранатын араластыра бастырмалатып атсын деп, - деп жұмсадым Николайды. Біздің пулеметтер де атқылай бастады... Сөйтіп біз өзімізді өзіміз айғақ етіп немістерге уақыттан ерте көрсетіп алдық. Немістер біз жатқан қыр төбесін минометпен, артиллериямен төмпештеуге кірісті. Екі жақтан да қызу атыс. Айнала ың-жың. Тасыр-тұсыр. Миналар мен снарядтар бұрқылдай жарылып жер бетінешешек таңбасындай воронкаларымен шұбарлап із қалдырып жатыр.
...Менің командирлерге көп нәрсе айтқым келеді. Мені олармен байланыстыратын телефон жоқ. Хабарман жауынгерлер менің сөзімді оларға жеткізіп, олардың сөзін маған жеткізгенше ұстараның жүзіндей қылтылдап тұрған тар уақытта ұрыс жағдайы бірнеше рет өзгерді. Мен бақылау пунктінде бәрін көріп жатырмын.. Басқаруға дәрмен жоқ. Мен ұрысты басқарып жатқаным жоқ. ұрыс бастырмалап есімді шығарып жатыр. Немістер бірте-бірте жақындап келеді. Біз жақтан жауған оқтар олардың көкірегінен итергендей онша ілгерілетер емес. Атыс жағынан қиян-кескі болып жатыр. Қиян-кескі соғыста әр жауынгердің өз тізгіні өзінде, ол атқысы келсе атады, ерік өзінде; қол көтерген жаудың қасық қанын қиып тұтқынға ала ма, жоқ атып тастай ма, - ол оның өз еркінде; мені тыңдап жатқан батальон да, дивизион да жоқ, әйтеуір қиян-кескі атыс үстіне атыс.
- Жолдас комбат, дұшпанның бірінші атакасы тойтарылды, - деп келді Рахимов.
- Дұрыс болған екен, - дедім мен оған бұрылмастан,
- Ал, енді неміс бағытын өзгертуі мүмкін. Ол енді бос жатқан бір бүйірімізден соғуға тырысар. Жан-жаққа әзір болу керек.
- Біраз күшті жан-жаққа қарай қозғасақ қайтеді?
- Жоқ, қозғаудың қажеті болмас, үлгере алмаспыз... Айтпақшы адамдар әлі тамақтанған жоқ па?
- Қайдағы тамақ, жолдас комбат?
- Жарақаттанғандар көп пе? Оларды тезден Бықиға жөнелтіңдер.
- Сіз өзіңіз жарақаттанғаннан саумысыз, жолдас комбат?
- Саумын. Бірақ та миым ашып қалғанға ұқсайды. Біраздан кейін есімді жинап алармын. Сіз бара беріңіз, Хаби. Орнымнан тұрып қарасам, барлығы орнында, біздің позициялардың шеті кертілмегенге ұқсайды.
- Уа, тәуба! - деп бір-ақ күрсініп барып есімді жинадым.
* * *
...Жау төмпештеуін тағы бастады. Атыс астында мен бір жауынгердің окопына секіріп түстім. Окоп тар екен, екеуміз зордан сыйып тұрмыз. Үстімізден зуылдап өтіп жатқан оқтар мен зыңылдаған мина жаңқалары екеумізді де окоп түбіне бұқтырды.
- Атака басталғанша осылай отырамын да, немістер тұра жүгіргенде басымды бір-ақ көтеріп фашистерді ата бастаймын. Кеше үшеуін қалпақтай ұшырғанмын... - деп төмен қарап белдігімен ойнап отыр қасымдағы жауынгер. Түріне назарымды салсам - уыздай жасөспірім бала жігіт.
- Сіз орныңыздан тұрмастан отыра беріңіз, - деді ол маған. Мен оған «неге?» дегендей қарадым.
- Сіздің пистолетіңіз алысқа жетпейді ғой, әуреленіп қайтесіз. Отыра беріңіз. Бізге келе жатқандарын өзім-ақ атайын. Жас жауынгер орнынан тұрып, ордың жиегіне сүйеніп тұрып атқылай бастады.
-Атака басталды, жолдас комбат... Адамның қалай құлағанын көргіңіз келе ме... Өте қызық... Әні тағы біреу қалпақтай ұшып... - деп сөйлеп атқылап тұр. Мен де орнымнан тұрдым. Немістер жүгіріп, құлап, қайта тұрып жүгіріп келеді. Жас жауынгер екі рет атып:
- Бұл жолы тигізе алмадым, - деп мылтығын қайта оқтай бергенде:
- Маған берші винтовканы, - деп оның қолынан мылтығын алдым. Бастырмалатып бірнеше аттым.
- Сіз мергенсіз ғой, - деді жауынгер. - Иә, жігітім, мен снайпермін.
Мен шынында снайпершімін. Жас кезімде снайперлік өнерін үйрететін топта алты айдай оқыған болатынмын. Кейін де көп жылдар машықтанғанмын. Айтайын дегенім ол емес еді. Менің снайперлігім дұшпанмен табан тіресе айқасқан жауынгерлердің қырағы көздеріне қарағанда түкке де тұрмайды.
Біздің батальонда менің қасымдағы жас жауынгердей көп адамдар қаймықпай жауға оқ атып жатыр. Кешікпей-ақ екінші атака да тойтарылды. Оны тойтарған ниеті бір, қызу қимылдаған көптің ісі.
* * *
Жыл мезгілінде күздің бәрі күз. Бірақ 1941 жылғы күз Ресейдің мәңгілік есінде қалар сұрғылт, мейірімсіз күз еді. Ресейдің жерін шекарадан бастап бомба, снаряд, миналардың орындары шешектей ойын таңбалаған күз. Олар қазылып, танктердің жылан бауыр іздері жер жүзін тырнап тыртықтаған күз. Шекарадан бастап Москваның дарбазасына дейін орақшы бау байлағандай жауынгерлер қабірі аяқ асты төмпештеле тізілген күз: Асығыс шегінуде боздақ кеткендердің шала-шарпы топтап бетін жапқан бейіттер толған күз.
«Өмірдің рақатын надан ғана көреді, азабы болса ердің сыбағасы», - деп ата- бабаларым айтып кеткендей сол күзде ел үшін, Отан үшін азап көріп, көпке шыдап, борыштарын қанмен жуып, майдан алаңында жан тәсіл еткен, ананың ақ сүтін ақтаған адал жолдастарымыз да көп-ақ еді: орыс - Иван Иванович Иванов, тунгус пен қазақ, кавказдықтар мен қырғыз, удмурттар мен өзбек, татарлар мен түрікмен, молдаван мен украин, тағысын - тағылар... жер жүзіндегі ең аз ру халық ұлы Сұлтанмахмұд Шапшал... Олардың қабірлерін әлдеқашан жусандар басты. Олардың істері, төккен қандары болашаққа игілікті нұрлы жауындай төгілді. Бүгінгі гүлдер солар болмаса өсер ме еді, құлпырып тұрар ма еді. Бір жолы Рахимовқа мен қатты ұрыстым. Кейбір ұрысуым жөнсіз де болу керек. Момын, ақылды, әдепті Хабибулла маған көзін жыпылықтатып, сасқалақтап тұрып былай деді:
- Сізге не болды, жолдас комбат... Кешіріңіз... айтып тұрған сөздеріңіз азырақ жөнге келмей тұрғандай...
- Сеніңше, мені әлдеқашан-ақ жындыханаға тапсыру керек екен ғой!
- Жоқ. Ол сөз менің аузымнан шыққан жоқ қой, жолдас комбат...
- Хаби! Тыңдашы мені! Мына батальон маған оңай соғып тұрған жоқ! - Рұқсат болса айтайын, жолдас комбат, біздің батальонға сіз де оңай соғып тұрған командир емессіз!
- Демек, мен батальонным, соры болып шықтым ғой...
-Менен құтылу соғыс қызуында оп-оңай... оны сіз, лейтенант Рахимов жақсы білесіз.
- Опырмай, сізге бір сөз айтудан қалып барамыз ба осы. Ол не дегеніңіз, жолдас комбат!?
* * *
Тағы тып-тыныш. Екі жақтан да атыс жоқ, бірін-бірі аңдып жатыр.
- Рахимов! Неге екі жақтың да үні өшіп қалды?
- Қайдан білейін. Мүмкін «келісімге» келген болар, жолдас комбат.
- Әзіл көтерер жайым жоқ!
- Ендеше, жолдас комбат, менің байқауымша, біздің оңды - солды жақтарымыздың бос жатқанын біліп алған болу керек. Енді соқса бүйірден соғуға әрекеттеніп жатыр-ау деймін.
- Дұрыс. Оныкі мүлде дұрыс. Пулеметтер мен артиллерияның бар күшін қанат қорғауға жұмсалық. Барыңыз, ұйымдастырыңыз. Рахимов орнынан тұрып кетті.
- Синченко, әлгі политрук Бозжановты шақыршы. Бозжанов келді.
-Штабта жалғыз Рахимовтан басқа жұмсарға адам қалмады, - дедім мен оған.
- Сен батальонның кіші адъютанты болғын.
- Жолдас комбат, рұқсат етіңіз...Рұқсат жоқ. Менен екі сөз күтпегін!
- Құп, болады, ақсақал!
- Сен Краевқа барғын. Ол партияда жоқ адам ғой мен сияқты. Ротаға ол бір жағынан командир, бір жағынан политрук болып өз жеке басы билей берсін деп айтқын. Тез қайтқын.
Бозжанов кетті. ... Қайтадан неміс бізді артиллериясымен, минометтерімен төмпештеуге кірісті. Оң жақтан қиян-кескі атыс болып жатқанда біреу жүгіріп келеді. Жүгіргенде қисалаңдап әдіске салып, біресе құлап, біресе тұрып жүгіріп келеді. Мен оған қарап тұрып «бұл кім болар екен? Осынша аласұрып ұшып келе жатқанының себебі не екен?» деп тұрмын. Жақындай бергенде мен сыртқы пішінінен Брудныйды таныдым. Ол даусыз маған қарай жүгіріп келеді... Маған жете бергенде мұрттай ұшып құлады да, етпетінен жатқан орнынан қозғалмады. Мен еңбектеп оның қасына бардым.
- Брудный! Онда үн де жоқ, тыныс та жоқ. Мен оны аударып шалқасынан жатқыздым.
- Брудный! Онда үн де жоқ, тыныс та жоқ... Тек қара торы үлпершектей жас жүзінде бусанған тер дымқылы жылтырайды... Көзі жұмулы, тыныс жоқ.
- Брудный! Брудный!.. Жауап қатшы, бауырым! Жауап қатшы! Сен неге оқ астында жүгірдің?.. Маған не айтайын деп едің?. А, а!..
- ...Немістер атакаға шықты. Жалмұхаммед Бозжанов келді.
- Брудный! - деп тұра қалып: - Сен мұнда неғып жатырсың? А?
- Ол ұйықтап жатыр. Тимегін оған, - дегенімде,
- Сізде, жолдас комбат, ешқандай мейірім жоқ екен ғой! - деп ол маған зекірді. - Өлімді қалай ұйқы деп тұрсыз?
- Оны мен өлтіргем жоқ! Соғыс өлтірді! Кінәлағыш болсаң соғысты кінәлағын...
- Кешіріңіз, ағатай. Абайсызда айтып қалдым...
- Степановты Кухаренкога жібергін, өзің роталарға барғын. Приказываю отбить всем и эту атаку противника! Брудный екеуміз осында сендердің қимылдарыңды бақылап жатамыз... Рахимовты маған жібергін.
Рахимов келді.
- Біздің көршілеріміз де тым-тырыс. Осы фашистерге не керек екенін қайдам, әйтеуір бізге тыныштық берер емес.
- Қасқайып жатқан екі жол мен екі көпір керек оларға, Хаби.
- Айнала бос қой. Оралып соға бермей ме бұл иттер.
- Оның командирі де мен сияқты желге қарсы бедеріп тұрып ықтай білмейтін есерсоқтың біреуі көрінеді.
- Тәуба! Сіз, жолдас комбат, кекшіл екенсіз ғой!
- Қалайша? - Әнеукүні менің аузымнан жазатайым шығып кеткен бір сөзді әлі ұмытпапсыз ғой.
- Ұмытпаймын да, Хабибулла. Өлгенімше ұмытпаймын. Сенің сол сөзің менің ойыма ой қосты. Маған үлкен сабақ болды. Рахмет саған.
- Олай болса оқасы жоқ, жолдас...
- Айтпақшы Жалмұхаммед те маған зекіріп кетті.
- Өй, ол қалайша сізге зекіруге аузы барды? Ол сізді піріндей көрушілердің бірі еді ғой.
- Енді мен саған да, Бозжановқа да пip болудан кеткенге ұқсаймын.
Тағы да жым-жырт бола қалды. Бет алыстан жау шабуылы мүлдем тойтарылды.
- Хаби, күректері бар он шақты жігіттерді ертіп келші осында.
Жігіттер келді.
- Ал, жігіттер, тереңдете қазыңдар... Жауынгердің кебенегіне орап көмелік Брудныйды.
Жауынгерлер қаза бастады.
- Тағы да тереңдете түсейік пе, жоқ әлде осы жете ме, жолдас комбат? - деп сұрады жер астынан бір жауынгер. Тоқтат, жетер енді. Рахимов пен Бозжанов Брудныйдың сүйегін менің плащ - палаткама орап жатып: «Мұның пистолетін қайтеміз?» дегендей көзбен маған қарады.
- Ер жауынгерлік саймандарымен жатсын. Барлығын да қалдырыңдар, бірге болсын, өзімен бірге, - дедім мен. Жерлердің алдында мен Брудныйдың қасына барып, басын сүйеп оның бұйра қара шашын өз тарағыммен тарадым. Жағамнан командирлік белгісі төрт бұрышты екі қызыл түймемді сөгіп алып, Брудныйдың жағасына қададым.
- Аға лейтенант Брудный, қош бол, жатқан жерің торқа болсын. Брудныйды жерлеп жатқанда, он шақты мылтықты жауынгерлер бастырмалата бес рет атты. Әскер дәстүрінде, оқыған жаназа осылай болды... Өлімде аяу да, ұят та жоқ. Соғыс - өлім ұясы. Соғыс - соқыр және мылқау. Ата қайғысын, ана мұңын ол естімейді, зарлап айта білмейді.
* * *
Ұрыс саябырсыған, екі жақтың да дағдарыс кезінде генерал Панфилов Шехтман полкына келді деген хабар жеткенде, мен штабқа қарай шаптым.
- Сіз рұқсатсыз алдыңғы шептен мұнда неге келдіңіз? - деп Шехтман маған кейіп сөйледі:
- Жолдас Шехтман, кею керек болса, ол менің қолымнан да келеді, - деді Панфилов полк командирінің маған дікеңдегенін жақтырмай оның сөзін бөлді. Шехтман төмен қарап, күйгелектеп:
- Аға лейтенантты мен шақырған жоқ едім, жолдас генерал, - деді.
- Жолдас Момышұлы сізге емес, маған келіп тұр... Үлкен тұрған жерде кіші даусын қатты шығармас болар, жолдас полк командирі.
- Ғапу етіңіз, жолдас генерал, - деп Шехтман сасқалақтап қалды.
- Сізбен кейін сөйлесермін, алдымен жолдас Момышұлы тыңдап алайын. Бұл кісімен көптен бері көріскен жоқ едік. Маған қарап: - Сіздің жасырын айтар сөзіңіз жоқ шығар, ә? - деп сұрады.
- Жасырын сөзім жоқ, жолдас генерал.
- Сіз де әңгіменің басы-қасында болыңыз, - деді үн қатпай әдеп сақтап тұрған комиссарға.
Мен жалтақтамай, именбей бастан кешкен өткен-кеткеннің барлығын айттым. Шехтман бір-екі рет менің сөзімді бөлейін деп еді:
- Не перебивать! - деп Панфилов оны доғарып тастады. Маған генерал бірнеше сұрақтар берді. Мен жауап қайырдым. Полк комиссары Корсаковтан:
- Комбаттың сөзіне қарсылықтарыңыз бар ма? - деп сұрағанда:
- Комбат ашығын айтты, жолдас генерал, - деді комиссар. Панфилов қабағын түйіп біраз отырып маған
- Сәтсіз түнге сіз айыпты емессіз, біздің штабтың ұшқалақ шабармандары кінәлі, - деді де, Шехтманға бұрылып түнере қарап,
- Вы людей держали на правах пасынка, вы довели батальон до изнеможения! Я вам больше не доверяю, этот батальон я забираю у вас! Сегодня же к вечеру смените батальон...
- Жолдас генерал...
- Сегодня же к вечеру сменить и доложить!
- Есть сменить и доложить! - деп Шехтман сұрлана қысылып орнынан қалт тұрды...
Мен ішімнен алақайлап, батальонға қайта шаба жөнелдім.
Екінші кітап
СОҢҒЫ КЕЗДЕСУ
Бір ай болды. Дұшпанмен бір-бірімізді әрі-бері итермелеп орнымыздан қозғалмай жағаласып, арпалысып жатырмыз. Уақыт өтіп барады, біз орнымыздан қозғалар емеспіз. Волоколамск қаласын аларын алса да алға басарға дәрмені таусылып, қарқыны басылған жау да лажсыздан тойтарыла тоқтаған. Орнынан бір қадам ілгері баса алмай жатыр. «Үйдегі ойды базардағы нарық бұзады» дегендейін, қаланы дұшпан көп шығынғаұшыратып алды. Күші азайып, аяғына тұсау салынды. Мұндай тоқтап кідіруге мұқтаж болып күш ауыстырып, басқа жақтан жаңа күш келіп қосылуын күтуді әскери тілінде «вынужденная оперативная пауза» деп атайды. Арада бір ай өтті.
* * *
Күздің сылбыр жаңбыры. Мезгіл өз міндетін қыс иығына аударған кез. Солтүстіктен соққан суық қара жел бет қаратар емес. Ызғары өңмеңнен өтеді. Ерегісе қасқайып қарсы тұра қалсақ, аяз инесін тырнақ астына бойлата сұғады. Тыз етіп ашыған дене, шым еткен жерін үйкелетеді. Тастай қатқан жер бетін қалың тоң басқан. Мөлдіреп аққан су жалтыр көк мұзға айналды. Жер беті шашаға жетпес жеңіл үлпек қармен бүркелді. Зілдей қыс салмағы табиғатты қуыра бастап, ешкімді тырп еткізер емес. Көбіміз тоқтышақтың терісіне сыйына бөленген мезгіл. Құмарта темекі тартқандай барлық жануарлардың танауынан бу бұрқырайды. Қимылдап қызыл, бусанған денені суық тез-ақ шырмап алатын «қыс келдінің» кезі. Желден ықтағандай үйдің, окоптың панасына тығыламыз. Әйткенмен, өне бойы ысып тұра алмаймыз. Майданның да өзінше тірлік шаруа қызметтері бар. Оларды «айдай сал» мен «көре салға» сілтеуге болмайды. Әр уақыт басы-қасында болып, өз қолыңмен, өзің істеп, өзің орындауың керек, бұл майданның заңы.
Қол тиіп, мойын бұрып, тыныс алар кез бола қойса, ой шіркін, көңіл алып қаша, жиһанды кезеді. Аспанды қаптаған атанның шудасындай қою қара бұлт, жер жүзін өркештене будақ-будақ жайлаған сарғылт қалың тұман, көңіл көшін аударыстырып, кедергі бола алмайды. Құрыш тасты қорғасындай балқытып үн еркесі бұлбұл құстай сайрайды. Күн еркесі түрлі-түсті жүйрік сәуле боп, барам десе, ол қайда бармайды - ой жетпейтін жер болмайды... Жазғытұрым жадыраған күн солғын ойды гүлдендірмек түгіл, жіпсітуге де дәрменсіз... «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр, мылқау танымас тірі жанды, Үсті-басы үскірік аяз бен қар. Басқан ізі сықырлап келіп қалды», - деуші ме еді Абай, деп өзімнен сұрап, терең ойдан ояна келсем, астымдағы жирен қасқа жануар тағалы тұяғын сартылдата, көсіле желіп келеді екен. Мені шақырып: «Тоқта!» деген таныс дауысқа тізгінімді ірке қалып, жалт қарадым. Тоңды жолдың одыр - бұдыр қатпарына сүріне, қалбалақтап, мықынындағы алты атарын оң қолымен қапсыра ұстап, Мұхаметқұл жүгіріп келеді екен. Мұхаметқұл Исламқұлов орта бойлы, дембелше, маңдайы кере қарыс, дөңгелек тұнық көзді, қошқар мұрынды сымбатты жігіт еді. Баяғыда мен Шымкент қаласында орта мектепті бітіргелі жүргенімде, ол жоғары мағлұматты қызмет істеп жүргендердің біреуі болатын. Соғыс алдында «Социалистік Қазақстан» газетінде істеген.. Сабырлы, ауыр мінезді адам. Әрі десе төрт- бес жас үлкен болғандықтан, көбіміз оны аға тұтып қадірлейтінбіз.Ұзын құлақтан амандығын ғана естігеніміз болмаса, соғысқа келгеннен бері Мұқаңмен көріскен емес едік. Сағынып-ақ қалған екенбіз, ол жақындай бергенде тізгінімді Николайға сілтей тастап, аттан түсіп, мен де қарсы жүгірдім. Ол:
- Кішіпейілдігіңнен айналайын, бауырым, кішіпейілдігіңнен айналайын, -деп арсалаңдап келіп, кұшақ жая амандасты. Ентігіп демін алмай сөйледі:
- Атаңа рахмет, ерім, естіп төбеміз көкке жетіп жатыр... Қайда асығып барасың... Бізге неге соқпадың? Тіріге сәлем, өліге бата деген бар емес пе... Айтпақшы, Жалмұхаммед, Хабиболла, Семен Краевтар аман ба?.. Ұстараның жүзіндей қылт еткен қыл көпірдің күні ғой, қалай, кімдер аман, кімдер шәйіт... - деп сұрақ үстіне сұрақ қойып, сөз берер емес...
- Мұқа, айыпқа бұйырмағын, жарты сағаттан кейін генералда болуым керек, тез жетсін деген екен.
- Олай болса кешікпегін, мін тез атыңа, - деп мені жалма - жан аттандырды.
- Мен бір жарым сағаттан кейін қайтармын, қолың тисе штабыма барып, жігіттермен әңгімелесіп, күте тұрғын.
- Жарайды, жарайды, зулат тездеп, кешігіп, қартты ренжітіп жүрме... Өкше темірді бауырына батыра тақымдағанда, жирен қасқа ауыздығымен арпалыса ыршып жөнелді. Орманды аралап, желе жортып келеміз. Аспанға өрши тіке өскен қарағайдың қаз таңдайлы бүршікті бұталары ақ сәукеле киген келіншектей үлпек қардың салмағымен иіліп тұр. Барлық орман, өсімдіктер ақ түбітке оранып тұрғандай-ақ. Аспаннан ұшып келіп, оң жақтан шамамен 150 метрдей жерге мина түсіп, тарс жарылып, тып-тыныш мелшиген мылқау орманды жаңғырықтырып жіберді. Ауа толқыны ағаштарды сілкіндіріп, үстімізге қырау жаудырды. Минаның қаңғыған жаңқасы ызыңдап өткені болмаса ешқандай залал еткен жоқ. Бір-екеуі зуылдап өте шыққанда, сескену әркімде де болады ғой, біз де сескендік...
- Әрбір 15-20 минуттан кейін, осы жол бойына біртіндеп мина тастап тұру екі күннен бері неміске әдет болды, - деді атқосшы
- Жолды атқыламағанда, жай тоғайды атқылап, оны жын ұрып па! Жолаушыны үрейлендіре мазалап, берекесін шығарып, жол қатынасын ылғи біз үшін қауіпті етемін деген ниет қой оныкі,- деп түсіндірді адъютант.
- Дұрыс айтасың, жігітім, - дегеннен басқа тіл қатқан жоқпын. Жортып келеміз. Бұдан бұрын біздің алдымызға жолдың қақ ортасына түскен зор минаның үңірейген қап-қара орны бөгет болды. Бытырай ызыңдап ұшқан шойын жаңқалары жол бойындағы зәулім қарағайдың қалың қабығын ырсита аршып, сойғылап кетіпті. Осы ағаштарға көз салып:
- Түскен жайдың орны мұндай сұрқия-сойқан болмас, - деді Николай қазақша. Ішімнен «орыс баласы қазақ тілін білсе осындай-ақ білсін»,- деп ойладым. Алдымыздан жол бөгеп көлденең сұлап жатқан ағаштан ырғып өткенімізде:
- Мама ағашты тамырын қопара сұлатыпты ғой, шіркін,- деді ол тағы да қазақшалап менімен қатарласа беріп. Мен тіс жармаған соң о да үндемей, менің атымды шаужайлап келе жатқан қаракерін сәл тежеп, адъютантпен қатар өз орнында желе-жорта келеді. Бара жатқан қыстағымыз Шишкино, орманнан шыға бергенде-ақ алдымыздағы алаңнан көрінді. Алысқа ататын зеңбіректің құлашы жететін шеңбердің көлеміндегі барлық қыстақтарға біртіндеп оқ тастап, мазалайтын соғыс салты болғандықтан, бұл қыстақ та артиллерияның атысына ұшыраған екен. Россияның қыстақтары ағаш үйлі болады. Біздің алдымызда қыстақ шетіндегі екі үйге зеңбірек оғы дәл түскен білем, өрттің оты бықсып, қоңырси түтінденіп жатыр екен. Біртіндеп үйді паналай жүгіріп жүрген солдаттардың біреуі бізге қолын сілтеп ишарат берді. - Көкте самолет көрінбейді ғой, анау не деп қолын бұлғап тұр? - деді тыныш жүрмейтін Синченко. Өрмектің жібіндей жарысқан телефон сымдары тоғысқан үйдің алдына келіп аттан түстік. Іргеде тұрған күзетшіден:
- Генерал осында ма? - деп сұрағанымда ішкі үйден:
- Момышұлы неге кешікті екен? - деген генералдың қарлыққан таныс даусын естідім.
- Мен мұндамын, жолдас генерал, - деп жауап қатқанымда, есіктен ақ шалған басын шығара қарады.
- Сізді кешігеді деген кімнің ойында бар, - деп сынағандай қарады да,- оқасы жоқ, оқасы жоқ, дәл келдіңіз, мұнда еніңіз,- деп шақырды. Терезенің алдындағы үлкен столдың үстінде соғыс жағдайын кестелей сызған карта жайылып жатыр екен. Қол алыса амандасып болған соң, столға жақындап барып, иығын қомдай, екі қолының саусақтарына барлық дене салмағын сала сүйеніп, қабағын шыта біраз үн-түн жоқ үңіле қарап тұрды да, қара қаламмен бір-екі жерге батыра - батыра белгі соқты.
- Тамағыңыз тоқ па? - деді маған қарап.
- Тамағым тоқ. Үйден тамақтанып шықтым, жолдас генерал.
- Әйтсе де, күн өте салқын ғой, отырып бір кесе ыстық шай ішіңіз, - деді маған бұрылмастан:
- Ана бұрыштағы орында барлығы да даяр болу керек. Бір рюмка арақ жұтсаңыз, оның да залалы болмас... менің жұмысым әлі бітпепті... Сабыр ете тұрыңыз.
- Генерал картаға үңілген бойымен өзімен өзі сөйлескендей: «Ие, былай - былай... былай еткен дұрыс болар, иә, иә, бұл жақтан соға қоймас... жоқ соғар ма екен... Мына жолды бөгеу керек... табандыға жер жағдайы медет те, көмек те болар...» деп анда-санда әр жерге қаламмен белгі соғып тұр. Мен мүйістегі кішкене орындықта тым-тырыс шай ұрттап отырмын.
- Шай ішіп болдыңыз ба, жолдас Момышұлы? Мұнда, бері келіңіз, біраз ақылдасалық. Орнымнан тұрып картаға жақындадым.
- Мен сізге дұрыс ақылгөй бола алар ма екенмін, жолдас генерал? - дегенімде еңсесін көтере бұрылып қарап, жылы дауыспен:
- Істеу қолыңыздан келгенде, ақыл айту келмей ме, орындаудан бұрын, алдымен әңгімені аспай-саспай отырып, пісіріп алудан еш уақытта да бой тартпаңыз. «Былай ет, бұйрығымның тоқетері осы» деген құрғақ жарлықты шалағайлар ғана береді, - деді.
Онан соң тағы да картаға үңіле қарап, күтпеген жерден:
- Сіздің болжауыңызша, немістер қашан шабуыл жасауы мүмкін? - деп сұрақ қойды.
- Кейінгі жағдаймен онша таныс емеспін, жолдас генерал, ойланып болжап айтпасам...
-Айтылған сөз ауыздан бір шыққан соң кейін қайтар ма,- қызарып, бетім шымырлағанын бір-ақ сездім. Генерал ешнәрсе естімегендей:
-Ойлап, болжап дегеніңіз өте дұрыс, командирді шаршататын ойлау мен болжау, соғыста қай жау сырын ақтара қойсын, - деді. Менің бетімнен отым шығып, қызарғанымды сезе қойыпты.
- Ал, әйтпесе мына картаның кестесіне қарап жағдаймен танысыңыз, ойлап, болжаңыз, - деп сұқ қолын сілтей беріп, маған жымия қарады. - Енді шай ішу менің кезегім, - дей беріп орындыққа жайласа отырып, қасықпен қантты сырт сындырып, шай ұрттауға кірісті. Картаға оңнан солға қарай салынған әр түрлі нақышқа қарасам: Строково, Ченцы, Мыкапиио, Ядрово, Дубосеково тағы бірнеше қыстақтардың батыс жағынан орманды тірей қызыл қаламмен сызылған біздің бекініс жөні басқұрдай тоқылып көрсетілген екен. Карта бойынша он шақты шақырымнан кейін өзіміздің полктардың тұрған жерін көріп, барлығының артында Горюны, Матренино қыстақтары мен 151,0 нысаналы төбені басып әкететін жол айқастарын қоршап сызған генералдың қаламының ізіне көзім түсіп, ентелеп үңіле бастадым: «Момышұлының батальоны» деп жазыпты. «Е, мені осында жұмсағалы шақырған екен ғой» деп ішім сезе қалды. Алдан артқа шығара қойғысы келгені біраз қытығыма тигендей болды.
Қызыл сызықтың алдында жасыл қаламмен жиектеле сызылып дұшпан қолдарының тұрағы көрсетілген екен, сандарының белгісі есімде жоқ. Бірақ та бізге қарағанда үш-төрт есе мол көрінді. «Бір айдан бері немістің тырс етпей жатқан, күш жинап жатыр екен ғой» деген қорытынды ойыма түскендей болды. Онымды сезіп қойғандай генерал:
-Дұшпанның күштерімен толық танысыңыз. Кіммен кездесу керек екенін білу қажет, - деп қасыма келіп, қырын қарап, картаны тағы бір шолып өтті. - Ал сіз қалай ойлайсыз?
- Кестеңізді шолып өткендей болдым. Толық танысып, түсіндім деп айта алмаймын. Сіздің картаңыздағы жағдайдың көлемі менің дәрежемнен зорлау көрінеді, түсіндіріп, көмектесуіңізді сұраймын, жолдас генерал, - деп оншама үлгере aлмағандығымды мойныма ала жауап қаттым. - Менің жалғыз ұсынысым - мені қайда жұмсағалы тұрғаныңыз ғана.
Соңғы сөзіме генерал қарқ-қарқ күлді.
- Менің де көздегенім сол еді, сізді түсінсін деп едім, дұрыс, жақсы айттыңыз, адал айттыңыз, - деп бастады қарт. - Біздің қолымыздағы ақпарларға қарағанда, дұшпан күшін жинап, барлық даярлық қызметін бітірген болу керек. Жақында шабуыл жасауы күмәнсіз. Бұл айқын мәселе, меніңше, салмағын Волоколамск даңғыл жол бойына салып, бір жұлқынғанда Истра қаласына шығу, жалпы беталысы Москваның батыс қабырғасы болуы керек. Жаратып жинаған күштеріне қарағанда оның ойы екпінді қарқынын Москваға жетіп, бір-ақ баспақ - ау деймін. Көріп тұрсыз, егерде біздің алған мәліметтеріміз дұрыс болса, біздің дивизияға кемінде, дұшпанның үш-төрт дивизиясы шабуыл жасайды. Бұл бағытта біздің еншімізге одан кем тие қоймас деймін. Әрине, оның қолында да біз туралы мәліметтер жоқ емес. Күшіне сеніп құлашын алысқа сілтеуі де ғажап емес. «Алды-артыңа қарамай даңғыл жолмен Москваға тарт!» - деген жоғарыдан жарлығы береді. Рас болса бұл мәліметті біз пайдалануымыз керек. Жол бойындағы жер жағдайын пайдаланып, аз күшпен алдына бөгет болып, тіресе соғысып уақыт ұтып, жолды қолдан шығармай біраз әурелеп, бекініс жасап соғыссақ, табандылық болса, оның мол күшін шығынға ұшыратып, әжептәуір кедергі бола аламыз. Бірақ та ол үшін әдіс, айла, ептілік керек... Тағы сол сияқты жағдаймен толық таныстырып, кеңес пікірлер айтты.
- Күтпеген жерден жағдай өзгере қалса, оған қарсы жұмсайтын менің күшім жоқ. Алдыңғыларды дұшпан қайтсе де басым күшімен шегіндіреді. Орнынан бір қозғалып, үрке, бытырап шегінген жауынгерлердің басын қосып, ұйымдастырып, қалпына келтіру оңай емес. Дұшпан өкшеңді баса қуса, басынқоса алмайсың да. Орманда жалғыз-жарым қаңғырып жүрген топтар көрсеткен қарсылық, баса-көктеп келе жатқан лек-лек колға маса шаққандай да әсер ете алмайды. Сондықтан сізге манадан бері айтайын дегенім - жолдың айқасқан түйінін, соқпақтарды мықтап ұстап, оңай бермеу керек. Орман, шалшық төтемен танк машиналары ұзақ дамып, алға баса қоймас. Қысқасы сіздің батальон мына үш қысылтаяң жерді осы айдың 20-на дейін қолдан шығармай мықтап ұстап отыруы керек, - деп манағы картадағы белгі соққан жерлерін көрсетті.
- Жолдас генерал, рұқсат етіңіз, 5-6 километр жерді бір батальонмен қалай ұстатпақсыз?!
- Құла даланы қорғағын деп отырған мен жоқ. Мына төбеге бір рота, мына станцияға бір рота, мына қыстақтарға бір рота, - деп қаламмен түрте - түрте көрсетіп, генерал маған қарады.
- Қайдан 5-6 километр?
- Сіз көрсеткен жерлердің арасында мына 3-4 километр жерде, төрт солдаттан болайын деп тұр ғой, оны қалай қорға дейсіз? Ол былай тұрсын, айналдырған үш ротаны сіз көрсеткен шоқыға қойып, олардың ұрыс қимылын мен қалай басқарып үлгермекпін, жолдас генерал?
Біраз сабырмен ойлап тұрып:
- Әр жауынгер, әр командир алдына қойған міндетін орындай білсе, оны сіз оларға түсіндіре білсеңіз, басқару деген сол болады. Командир әр солдаттың қанжығасына байлана алмайды. Біздің өз басымыздағы тәжірибелерімізге қараңыз: Бұдан бұрын төрт қоршауды бұзып шыққанда мен қасыңызда емес едім ғой. Мен басқарып па едім? Тек алдында екеуміз қандай жағдайда, қалай ету мәселелерін толығынан келісіп алмап па едік. Бұдан былай да қасыңызда бола алмаймын. Әдейі сөздің иін қандырып алғалы шақырып алып отырмын. Ойыңыздағы күдік нәрсені именбей ашық айтыңыз, жолдас Момышұлы, бір-бірімізге сеніп айрылайық.
- Ашық айтатын не қалды дейсіз, жолдас генерал. Сіздің пікіріңіз маған түсінікті, - деп біраз ойланып қалдым.
- Неміс 17-сі күні шабуыл бастаса, алдағылар 17-не дейін төтеп берсе, маған кезек 18-де келеді... 19-20-сы күні қоршау болып... немісті мына жолдармен емін-еркін жүргізбей кедергі болып... шегінген полктар есін жинап, бастарықосылып, тағы бір жерде алдына қарсы тұруына себеп болса, жақсы болар еді. Жарлығыңызды орындау жағын ойлаудан артық айтарым жоқ, жолдас генерал.
- Бәрекелді, тап ойымның үстінен шықтыңыз. Әңгіменің барлық желісі солай, шабуыл 16- 17-нен кешікпей-ақ басталар деп болжаймын... Рұқсат етіңіз, мен жүрейін, жолдас генерал. Қарт мені есікке дейін шығарып салып, жанаса келіп, қолын иығыма қойып , біраз қиналғандай: Жолыңыз болсын, жағдай ауыр, сіздің батальонды құрбандық атап отырмын,- деп көзіме тесіле қарады. Түсінем, жолдас генерал, сенгеніңізге сансыз рахмет.
РЕКОГНОСЦИРОВКА
Штабым Рождествено қыстағында еді. Келсем Мұхаметқұл қонақ болып отыр екен.
Командирлерге тиісті бұйрықты беріп, олардыңәрқайсысына қайда барып карта бойынша айтыпкөрсетіп болған соң:
- Ал, Мұқа, жақсы келіпсің, роталар даярланып жиналғанша бір сағаттай уақытымыз бар, әңгіме шертіңіз, - дедім мен, келгеннен бері үн қатпай отырған Исламқұловқа.
- Иә, тағы да жолығамыз ба, жолықпаймыз ба, «час неровный» деп орыстар айтпақшы, ауытқып тұрған соғыс жағдайы ғой, - деп бастады ол әңгімесін. - Бірнеше сарбаздар қыршын кетті, олардың ерлігі ел құлағына жетіп те, жетпей де жатқан шығар. Өлім хабары кімге де болса суық хабар ғой. Ақыры қырғын ішінде жүрген өзіміздің де өлім десе денеміз түршігеді. Адамның еті өліп кетеді екен дегенге мен сенбеймін, өзің өлмей етің өлмейтініне менің көзім анық - ақ жетті. Үлкен ғанибет, халықтың намысына қара таңба түсірмей, ананың ақ сүтін ақтай қайтты марқұмдар. Мүмкін, бір күні біз де шейіт болармыз. Сені мен бұрын онша түсінбеуші едім. Тәртіпті кей мезгілде өте қатал ұстауың жанымды шошытып ренжітуші еді. Енді ойлап қарасам, оның игілігін көрген жігіттердің иықтары көтеріңкі. Біз осалдықтың кесепатынан сорлап, ақыры бір ұрысқа төтеп бермей, тобымыз бытырап, рәсуә болдық. Сендерді генерал тағы иір қысылтаяңға жұмсапты, бұл жерден не өліп шығасыңдар, не үлкен, зор абырой, атақпен шығасыңдар. Қарттың жасырмастан ашық айтқандығы, сендерге сенгендігі ғой. Ол кісінің онысы сабаздық. Сендер де сабаздық істеңдер. Сабаздыққа сабаздық болсын...
- Ай, Мұқа, ақылыңызға рақмет, осыңыз да жетіп жатыр, қысқаша басыңыздан өткендерді айтыңызшы, - деп қулана күлімсіреп, көзі жәутеңдеген Бозжанов сөзін бөліп жіберді.
- Есітігіміз келеді. Енді бес минуттан кейін комбат барлығымызды мынау үйден қуып шығарады, ананы-мынаны тексер деп, бұл кісінің сырын сіз білмейсіз ғой? - деді.
- Ой, қарағым Жалмұхамед - ай, мен де қалай бастарымды білмей отырғаным ғой, жайбарақат аспай-саспай отырып айтатын әңгімелерді қалай қысқартып, тоқетерін айтарымды білмей отырмын... Ал, қысқарта айтқанда әңгімем мынадай: Дұшпанмен бірінші рет кездескенде дұрыс айқастық. Жігіттер көңілдегідей - ақ төтеп берді. Екі шабуылын қаусырата тойтардық. Түс қайта бергенде күтпеген жерден артымыздағы орманнан екі жүзден аса автоматчиктері шыға келді... бытырлатып оқты жаудыра бастады...пәлені қара тана бастады дегендейін штаб маңайындағы бөлімшелер үркіп, қойдай тоғысып, үрейлене састы... «Қоршау!», «Қоршалдық!» деген дегбірсіз хабардың алға қалай жетіп қалғанын қайдам, бет-бетімен босып бара жатқандарын бір - ақ көрдік. Батальон командирі, қарт майор Поляков орынды бұйрықтар беріп, жан-жаққа хабаршылар жұмсап, обалы не керек, қолынан келгенін істеп жатты. Штаб маңайындағылардан 50-60 адам жинап қорғана бастадық. Әрқайсысының қасына барып«атқын - атқын!» деумен зордан ұйымдастырып жау тобын атқылай бастадық... Оған да жан керек емес пе, тізіле қаптап келе жатқан немістер етпетінен түсіп жата - жата қалды. Қаптан келіп қалған жау қарқынын оқпен басып, тыныс алғандай болдық... Орнымнан атып тұрып бесатарымды көтере «За мной!» деп айқайлап жауға қарсы тұра жүгірдім. Немістер атуын тоқтатты. Қарасам қолдарын бұлғап сақ - сақ күліп жатыр екен иттер. Артыма жалт қарадым. Маған ілесіп келе жатқан еш пенде жоқ. Не етерімді білмей тұрып қалсам керек - басым мең-зең, жынды болып кете жаздадым... үріккен танадай жалт беріп, бетімнен отым шығып, ішім құса, запыранға толып қайта қаштым, немістер мені мазақтай атқылады... Келсем барлығы бұғып орындарынан тырп етіп бас көтермей жатыр. Құсаланып, не айтарымды білмей, тұншыға көгеріп, «ә, пасық иттер!» деп бастап, бірнеше ашулы қатты сөздерді айтып айқайлап жіберіппін, Майор Поляков мағанжаны ашыған көзбен кінәлана қарады. Оның орынбасары Черных үн қатқан жоқ. Немістер шынымен ақ оқты жаудыра атты. Орнынан тұра бергенде майордың маңдайынан бір оқ дәл тиіп, табан асты тіл қатпай қаза тапты бишара шал... Атысып жатырмыз... Черныхқа «енді батальон командирінің орнын басып, берер бұйрығыңды тез бергін» дедім. Күйгелек жазған ешнәрсе мардымды айта алмады, жағдайды өзгертерлік әрекет істей алмадық... Кеш батты. Түнде Черныхтан да айрылдық... Таң ата, орман ішінен он шақты адаммен бірге келе жатып, роталардың қалғанына кездестім. 80-90 жауынгерлердің басын қосып, «енді қайда барамын» деп біраз қиналып отырдым... Үш-төрт күн жау сыртында сандалып жүріп, ақыры Волоколамск қаласына келіп, полк штабын таптық... Сол күннен бастап үшінші батальонның үні өшті. Осы кезде біз бен екіншінің қалғандарын біріктіріп бір батальон болып отырмыз. Мені алтыншы ротаның командирінің орынбасары етіп тағайындады... Роталар орындарынан қозғалып, жолға шықты, жолдас комбат! - деп баяндады Рахимов.
- Дұрыс, Мұқа, енді жүре әңгімелесейік, сөзің аузыңда, - дедім мен. Барлығымыз үйден бірге шықтық. Екінші ротаның командирі Семен Краев, ұзын бойлы, құлағы күдірейген, етсіз жақты, өткір жасыл көзді, арық тарамыс сары жігіт еді. Аяздан сары түрі үрпиіп, көгере тоңғандай жағы қусырылып, бұрынғысынан да арық көрінді. Біз 151,0 нысаналы төбенің айналасын аралағалы екі сағаттай болды. Жан-жақты болжап, бақылап, әскер тілінде айтқанда, рекогносцировка жасап болғандаймыз. Күн батып, ымырт жабылардың алды. Екі қара жолдың торабы көпірдің алдында тұрмыз.Қысқасын айтқанда былай, Краев, -дедім мен. - Дұшпан тағы мына екі жолмен келеді. Басқа айналаның бәрі шалшық екенін көзің көрді ғой. Алдындағы қалың орман оған паналап көруге өте жағдайлы - ақ. Сен орманда соғыспағын, айналдырған сексен адамыңмен соқыр орманда жасырынбақ ойнаудың қажеті жоқ. Орманнан шегіне беріп, мына ашықты қорға. Алдынан қосып алып, дәлдеп атуға артық жер ыңғайлы болар деймін. -Жолдас комбат - ау, ол орманды паналап тұрып бізді де дәлдеп атады ғой. Сөйтіп жер жағдайын пайдаланса. ол бізді ұтпай ма, - деді Краев үріккен тананың көзіндей көзін алақтатып.
- Ей, сен,- деп зекірдім, - саған мен кеудеңді жау оғына ашып, тосқын деп тұрмын ба! Тосып ал дегенге неге түсінбейсің. Немістерді орманнан 150-200 метрдей шығармастан атып нең бар сенің.
- Онда түсіндім, жолдас комбат,- деді ол езуін самарқау жиып.
- Дұрыс түсінсең. Ол да ақымақ емес, қалбалақтап тосқан оқ торына келіп түсе қалатып аңқау айуан ол емес. Алдымен барлау жібереді. Оны қалай етпексің? - деп тіке сұрадым.
Біраз ойланып тұрып:
- Бәсе, оны қалай ет дейсіз, жолдас комбат? - деп о да сұрақ қойды. - Барлаушыларын неғұрлым бермен ашыққа шығарып алып, ақырғы адамына дейін мына алдағы ойпаңнан кейін қайтармай қырып салғын.
- Кейінгі, арттағы күші...
- Жә, жә! Сабыр етіп тыңда алдымен. Артынан келе жатқан негізгі күш бұл бағытта батальоннан аспас, барлық салмақ даңғыл жолда болар. Сенің жатқан мына тәмпешігіңді ол зеңбірек, минометпен біраз иге салады. Жауап қатпай, тырп етпестен жата бергін... Жаяу әскері ашық жерге тығып жақындағанда пулеметің мен мылтықтарыңа сөз беріп, оқпен қапсыра құшақтап бір көргін... Не болып шығар екен. Алыстан бажылдасып не керегі бар... не де болса жақыннан болсын. Мұндайда қолтықтаса құшақтасудан қашпаған ұтады. Не де болса тәуекелге бел байла, тәуекел.
- Жарайды, құп болады, - деді ол күйгелектеп, үйреншікті жауаппен. - Алдымен ойлан. Біздің әңгімеміз құр бал ашу болып жүрмесін. Ойлан, Краев, шалағайлық болмасын. «Құп боладымен» ғана жауды жеңген командирді әлі көре алмадым. Ойлан! Сендердің еншілеріңе тиген осы жер. Сыбағаңа ақылмен ие болып, айламен қорға, қорғай біл... Я, дұрыс айтасыз, жолдас комбат, ойлайын, - деді ол тағы да қаймыға күйгелектеп.
- Еш нәрсемді аямаймын, біраз күмілжи тұрып:
- Бірақ та сізден қандай жәрдем болады... егер де күтпеген жерден халіміз нашарлай қалса, қайттік? Саған шыны керек пе? - деп тіке қарадым. Әрине, жолдас комбат, әрине. Қысыр сиырдан бұзау күтпегін. Егерде телефонмен байланысымыз болса, мен саған жәрдем... - дей бергенімде Краев жалма-жан...
- Болады ғой, бұзылса тездеп түзетіп тұрамыз, - деді. Менің жәрдемім... қысылған кезде саған ұрсу, әрі-беріден кейін зекіріп боқтау. Ол мырс етіп күліп жіберді. - Одан басқа, жолдас комбат, одан басқа, жәрдем жағы... - Одан басқа түк те бере алмаймын, түгім де жоқ... Айта берсең, Матринино, Гарюны халдері нашар болса сенен 30-40 адам алуым да мүмкін. О да есіңде болсын. Сен алыстасың. Мұнда қимыл жекпе-жек қана. Даңғыл жол бойына қарағанда, мұнда онша ауыр бола қоймас. Біраз сұрлана бозарып:
- Бірақ та бізді есіңізден шығармаңыз, жолдас комбат. Сіздің даусыңызды уақтылы естіп тұру бізге бұрын медет болушы еді, деп жасығандай болды.
- Тәйт! Менімен біржолата қоштасып тұрсың ба, өзің, - деп зекірдім.
- Жоқ, жолдас комбат, өзіңізден бұйрық болмай, мына төбені қолдан шығармаймыз, - деді ол күліп.
- Істерің қайырлы болсын! Жауынгерлерге түсіндіріп айтқайсың...
***
Жолда, Матренинода бірінші ротаның командирі Филимоновпен жолығып, біраз кідіріп даңғыл жол бойындағы Горюны қыстағына қас қарайғанда жетіп, аттан түстім. Күн бойы салқын далада болып, үйге еніп біраз жылына бастағанда суық қарыған бетің мен ерінің тырыса ашып, шаршағаныңды бір-ақ сезіп, көзің кірбиіп қалғи бастайсың. Бірақ қызмет жағдайы әр уақытта да сергектікті тілейді. Бастаған істі аяқтамай ойың жай таппайды. Тыныштық безген жерде ұйқының не ақысы болсын.
- Үшінші рота жаңа келіп жепті, лейтенант Танковқа қай жерді қалай қорғауды көрсеттім, - деп баяндады үйге ене Рахимов. Мен оған бірінші, екінші роталардың жағдайын толығынан айтып, карта жүзінде көрсетіп, олармен қалай байланыс жасау, тағы басқа нұсқауларды беріп бітірген соң, Жалмұхаммед Бозжановты ертіп далаға шықтым.Айнала жым-жырт. Қап-қараңғы түн. Жер беті аппақ қар. Айналадағы орман тым-тырыс мүлгіп тұрғандай. Даңғыл жол енді тоқылған өрмектей тіп-тіке, тұп - тұра жалтыр, жосылып жатыр. Қыстақтың азғана үйлері де жол жағасында күркеше - күркеше болып қарауытып, қаз-қатар тізіліп тұрғандай, олар да жым - жырт, тым-тырыс. Лейтенант Танков келді. Үшеуміз қыстақты екі айналып шықтық. Шаршаған жауынгерлердің көбі окоптарына бір құшақ пішен, я сабанды әкеліп төсеп, шинельдерінің бір етегін төсеніп, бір етегін жамыла бүрісіп ұйықтап жатыр екен. Әр бөлімшеде аяздан тықыршып қарауылда тұрған жауынгерлер ғана.
- Жігіттерге демалуға рұқсат етіп едім, жолдас комбат, - деді Танков.
- Дұрыс, демалғандары да теріс болмас. Айналаны жарық кезде біраз болжап, қалай бекініс істеуді ойладың ба? - деп сұрадым одан кеп. Танков әр окоптың басында қалай қорғану мәселесін ретімен баяндай бастады. Толығынан тыңдадым. Қараңғы түнде не көріп, не түзетерсің.
- Жарайды, таң ата көрерміз. Тиісті қызметіңді істей бер, - деп Танковқа рұқсат беріп, штабқа келдім.
ЛЕЙТЕНАНТ УГРЮМОВ
Ұқыпты Рахимов керекті қағаздарды даярлап қойған екен.
- Екінші ротамен телефон байланысы былай тұрсын, қос атты, қос жаяу хабаршылар дайындап жібердім. Біріншімен де байланысты солай істейміз бе, жоқ әлде штаб Матренинода бола ма? деп сұрады менен аға адъютантым. Штаб осында болады. Матренино жер ортасы болғанмен, мейліңше мына жағдайда біздің осында болғанымыз дұрыс болар деймін.
- Я, ақсақал, той-тамаша осы даңғыл жол үшін болар, - деп қарап отырмайтын Жалмұхаммед сөзімді бөлді.
- Дұрыс айтасың, сондықтан әлі екі пулемет пен зеңбіректерді осында қалдырыңыз, - деп жауап беріп, қағаздарды оқып, кейбір жерлерін түзетіп отырғанымда:
- Рұқсат етіңіз, - деп біреу кіріп келді. Күңгірт шамның жарығынан қонақты онша таныңқырамай үңіле қарадым. Мұрны едірейген, бұзау тұмсық, бойы бір тұтам, келте бақай сары жігіт:
- Жолдас аға лейтенант, танк қиратқыштар командасы 25 адам сіздің қарамағыңызға келді. Лейтенант Угрюмов! - деп саңқ-саңқ еткен даусымен өзін-өзі устав бойынша таныстырды. Сыртқы пішіні мен пысықтығына қарап барлығымыз да еріксіз езу тарттық.
- Отыр, ерім! - деп алдымдағы орындықты көрсеттім.
- Ал, батырым, танкты қирататын қандай жарақтарың бар, баянда! Бойы тапал, қас - кірпіктен ешқандай хабары жоқ, аузы кере - қарыс, салпиған қалың ерінді, сойдақ күрек тісті, жылтылдаған кішкене шыны көзді, мақтадан сырып тіккен сатпақ-сатпақ телегрейканы қаусыра белінен мықтап, жалпақ сары белдікпен буған сары жігіт қысыла терлеп, төмен қараған күйінде:
- Гранатамыз бар, он шақты бөтелкеміз бар, - деді. Үйдегілер ду күліп жіберді.
- Солармен танкіні қиратпақсың ба?
- Әйтеуір сіздің қарамағыңызға жіберді ғой. Танкке десеңіз танкке, жаяуға десеңіз жаяуға шабуылға баруға жараймыз, - деп намысына тигендей көкірегін көтере сөйлеп, басқаларға қарады: менің жігіттерім жақсы жауынгерлер, қолынан келгенше аянбасқа тырысады. Оларға менің сенімім мол, жолдас комбат, - деді.
- Өте дұрыс, ерім. Жауынгерлерге сену командирдің басындағы бақыты, үлкен ырыс. Жауынгерлер командирге сенсе, одан артық абырой болмайды... Я, сенім, сенім. Сенім - үлкен медет...
- Олар маған сенеді, жолдас комбат, политруктен сұраңыз, - деп Угрюмов жұлып алғандай менің ойымды бөліп жіберді. «Я, дұрыс» дегендей бұрышта тұрған ақ құбаша жас жігіт жымиып, лейтенантқа сүйсіне қарады. Менімен көз кездесіп жалма-жан қолын шекесіне көтеріп:
- Политрук Георгиев! деп өзін маған таныстырды.
- Дұрыс, отыра тұрыңыз, мен мына қағаздарды көріп шығайын, сонан соң сөйлесейік, қағазды түртіп көрсеттім, - кезек осылардыкі еді. Айып болмасын, - деп қалай қорғану жоспарын қарай бастадым. Угрюмов темекі тартуға рұқсат сұрады... Әп-сәтте үкпелі көк темекінің қоңырсыған ащы иісі мүңк ете қалды. Қарап едім, Угрюмов қалың газетке қолақпандай ғып ораған шылымын құмарта үсті-үстіне сорып, түбі түскен шелектей танауынан түтінді бұрқырата шығарып, рақаттанып, мұрнының үсті бөрте тершіп отырғанына көзім түсті.
- Сен баяғы, жорықшы барлаушы емеспісің? - деген сұрағыма:
- Бір кезде барлаушы болғаным да рас, бірақ кейіннен мені одан алып тастады, - деді.
- Неге?
- Рұқсат етсеңіз әңгімені бастан айтайын, жолдас комбат, Егер де есітпеген болсаңыз, - деп жайбарақат әңгіме бастады.
-Бір жолы барлауға барып едік. Біз барған қыстаққа әлі немістер келмеген екен. Оның ар жағындағы екінші қыстақта екенін бір колхозшы айтты. Бір колхозшының киімін киіп, жиырма шақты жауынгерлерді сол қыстақта қалдырып, өзім немістер тұрған қыстаққа бардым. Қыстақты аралап жүріп, кешігіп қалсам керек, біз тұрған қыстақты немістер мен қайтқанша басып алып қойыпты. Бөлімшемді таба алмадым. Қайда зытып кеткенін қайдам. Біраз жаңағы қыстақты аралап, бір немістің солдатынан темекі сұрап тарттым дағы, кешке таман сөлбірейіп,өзіміздің штабқа келіп, мән-жайымды, көрген - білгенімді айттым. Командир маған ұрсып, орнымнан алып тастады. Жауынгерлер командирдің қарамағына оларды жұмсау үшін беріледі, жұмсай білмейсің деп кейіді... Үйдегілер біраз күліп алды. Жарайды енді, бұдан былай қарамағыңдағы адамдарды бастап, ондай бейбастық істемессің. Жауынгерлерді бір үйге орналастырып, демалыңдар. Не істейтіндеріңді таң ата айтармын,деп оның әңгімесін доғарып, кетуіне рұқсат бердім. Зуылдап ысқырып келіп қыстақтың дәл ортасына екі зеңбірек оғы түсіп, бірінің артынан бірі гүрс-гүрс жарылды. Терезенің шынылары ауа толқынынан сыңғырлап жерге түсіп қирады. Стол үстіндегі май шырақ селт етіп құлай жаздап, қалтылдай дірілдеп, жарығын жыпылықтата орнында қалды. Сабырлы Рахимов:
- Дыбысына қарағанда жүз бестен кем емес, - деді де, - мен барып орнын көріп келейін, жолдас комбат, шығын бар ма екен, жоқ па екен, - деп өзінен-өзі сұрағандай шығып кетті.
- Қап, мына ит терезені қиратып, үйдің ішін суытып жібергенін қарашы, - деп Жалмұхаммед плащ-палаткаментерезені қымтап жаба бастады. Таң атқанша әрбір 10-15 минут арасында неміс екі-үш снарядтан атқылап тастап тұрды. Дұшпанның ондай «қалжыңына» үйренген жігіттер кез келген жерге орналасып, біреулері демалып, біреулері жұмыс істеп, түннің қалай өткенін білмей қалды.
Ертеңгі сағат он мезгілінде батыстан күн күркірегендей зеңбіректен атыс басталды. Барлығымыз да далаға шығып, атқылау сарынына құлақ салып тұрмыз. Тыныс алғандай біраз саябырсып, сиректей беріп, айналаны күңіренте қайтадан үдете жөнелді. Әсіресе, күшті атыс Ядроводан солға қарай үстін-үстін үдеуде. Жаудың жиырмадан аса самолеттері аспанда тынбай ұдайы ұшуда. Орман үстінде кей кезде құмалақтаған қойдай майда бомбалар тастап, кейде дәлдеп құйыла ұшып, оқ бүркіпатқылап жүр. Олардан жоғары, көкті айналған қара құстай, инелік тәрізді екі бүкір самолет аспаннан жердегіні болжауда.
- Салмағын қай жаққа салар екен? - деп қасыма Бозжанов келді. Мен сол жаққа қарай қолымды сілтедім. -
Қызыл той-тамаша алда болып жатыр-ау, - деп бала мінезді Жалмұхаммед тыпыршып тұр.
- Асықпа, асықпа! Кезек бізге де келер, сонда той-тамашаның анық ішінде боларсың, - деді оған Хабибулла.
- Алдағылар кешке дейін төтеп берсе жарар еді, біздің кезек ертең азаннан басталса, дұрыс - ақ болғаны. Қайткенмен де «сақтықта - қорлық жоқ» деген, жауынгерлер бүгін дұшпанды қарсы алуға даяр болсын. Барлық рота командиріне солай деп нұсқау беріңіз, - деп Рахимовты штабқа жұмсадым.
- Пулеметтерді қалай пайдаланбақсыз? - деді Бозжанов. - Екеуін де екі жеңіл шанаға тиеп қой. Шапқылап жүріп ататын болсын, - деп қалай істеуін түсіндіріп оны да іс басына жібердім. Генерал телефонға шақырды.
- Дұшпан Капровқа алдымен шабуыл жасады. Екпіні екі рет тойтарылды дейді. Бірақ қарқыны басылар емес. Енді салмағын Ядровоға салар деймін, дайын болыңыз, - деді сабырлы дауыспен генерал. - Айтпақшы кеше сіздің қарамағыңызға танк қиратқыштар командасын жіберіп едік, олар қайда? - деп сұрады.
- Осында, жолдас генерал.
- Оларды тезден Ядровоға жіберіңіз. Елиннің қоластындағылар шамалылау, бір тесікке жамау болуға жарар, - деп бұйырды. Угрюмовты шақырып алып бұйрықты айттым.
- Жолдас аға лейтенант, сіздің жігіттермен бірге соғысуға құмар-ақ едік, осы сәті түспей- ақ қойды, - деп күле қоштасты ол.
-Жолдарың сәтті бол сын, жігіттер, тағы бір кезде жолығармыз, - деп Угрюмовтың жауынгерлерімен қоштастым...
Роман Әдеби KZ порталынан түсірілді.
Жалғасы бар