Мотоциклден құлаған ақтөбелік Атырау облысының құтқарушыларынан көмек сұрады

АТЫРАУ. KAZINFORM – Ақтөбе облысындағы Дияр ауылының тұрғыны мотоциклден құлап, иығын сындырып алған. Ол ауруханаға жету үшін атыраулық құтқарушылардың көмегіне жүгінді.

Мотоциклден құлаған ақтөбелік Атырау облысының құтқарушыларынан көмек сұрады
Фото: Видеодан кадр/Атырау облыстық ТЖД

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, 20 наурызда сағат 23:39-да Жылыой ауданындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы Дияр ауылынан шақырту түскен.

«Ақтөбе өңіріндегі бұл ауыл Атырау облысындағы Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан 180 шақырым қашықтықта орналасқан. Сол себептен жол талғамайтын ТРЭКОЛ көлігімен Дияр ауылына барған құтқарушылар 1973 жылғы ер адамның мотоциклден құлап, иығын сындырып алғанын анықтады. Аталған ауылмен арада автокөлік жүретін тас жолдың болмауына байланысты зардап шегушіні ауруханаға жеткізу қиын болған.

Құтқарушылар 21 наурыз күні сағат 12:20-да зардап шеккен азаматты Жылыой аудандық орталық ауруханасына жеткізді. Қазір ол дәрігерлердің бақылауына алынған.

Құтқару жұмысына Жылыой ауданындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен 3 қызметкер, 1 техника, Жылыой аудандық полиция бөлімінен 1 қызметкер жұмылдырылды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жүк көлігі жол жиегіне шығып кеткенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар