Мойынқұмда алты елді мекен қайтарылған активтер есебінен ауыз сумен қамтылады
АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында заңсыз иемденілген активтерді қайтару есебінен бөлінген қаржыға алты елді мекенді тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жобасы іске асырылып жатыр. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, жобаға 7 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта Мойынқұм, Құмөзек, Бірлік, Биназар, Шығанақ ауылдары мен Мыңарал станциясында құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жобаның орындалуы аудан прокуратурасының бақылауында.
Жоба аясында ауыз су нысандары толық жаңғыртылып, су жинау резервуарлары тазартылуда. Сонымен қатар заманауи әрі қуатты сорғы қондырғылары орнатылып, инженерлік инфрақұрылым жаңартылып жатыр.
«Бұл жұмыстар ауданның 16 мыңнан астам тұрғынын үздіксіз, тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді прокуратура.
Бұған дейін аталған ауылдардың тұрғындары ауыз суды белгіленген уақытпен ғана пайдаланса, жоба толық аяқталғаннан кейін таза ауыз суға тәуліктің кез келген уақытында қол жеткізе алады.
Прокуратураның мәліметінше, жоба тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, санитарлық-гигиеналық жағдайды жақсартуға және әлеуметтік әл-ауқатын көтеруге бағытталған.
Айта кетейік, Шардараның 32 мың тұрғыны қайтарылған активтер есебінен таза ауыз суға қол жеткізді.