«Мойнақ ГЭС-інің қуатын беру» жобасының қоршаған ортаға тигізетін әсері бойынша тыңдау өтеді
АСТАНА. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат - «KEGOC» акционерлік қоғамы мен мердігерлік ұйым арасында жасалған Мойнақ ГЭС-інің қуатын беру нысаны бойынша 220 кВ электр жеткізу трассалары мен қосалқы стансылар алаңдарын таңдау мен келісу жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шартты іске асыру барысында техникалық-экономикалық негіздемеде белгіленген әуелік электр жеткізу желілері трассаларының «Шарын» және «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық парктерінің (МҰПП) аумағын қиып өтетіні анықталды,
деп хабарлады «KEGOC»-тың баспасөз қызметінен.
Бұл «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына қарама-қайша келеді. Осыған орай, «KEGOC» акционерлік қоғамы Ғылыми-техникалық кеңесінің 2009 жылғы маусымның 17-сіндегі хаттамасына сәйкес Мойнақ ГЭС-інің қуатын берудің нақтыланған схемасын есепке ала отырып, «Мойнақ ГЭС-інің қуатын беру» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесіне түзету енгізуді орындау жөнінде шешім қабылданған болатын, соған сәйкес әуелік электр жеткізу трассалары ұлттық парктердің аумақтарынан айналып өтетін болады.
Қазіргі уақытта мердігерлік ұйым жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне түзету енгізуде. «KEGOC» АҚ республиканың экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкес 2009 жылғы қазанның 2-сінде әуелік желінің нақтыланған трассасын есепке ала отырып, «Мойнақ ГЭС-інің қуатын беру» жобасының қоршаған ортаға тигізетін әсерін алдын ала бағалау материалдары бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізуді жоспарлап отыр.