Мұғалім білім-білігі, барлық іс-қимылымен өзгелерге үлгі бола білуі керек – жас көшбасшы

ОРАЛ. KAZINFORM – Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде жүзеге асырылған «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» бағдарламасын сәтті аяқтап, кадрлық резервке енген Толқын Мүтиғоллина жуырда Орал қаласындағы А. Байтұрсынов атындағы №10 орта мектептің директоры болып тағайындалған еді. Жас көшбасшылар білім беру саласына қандай өзгерістер енгізе алады? Мектеп мұғалімдері өскелең талапқа сай болуы үшін не істеу керек? Осындай сауалдар төңірегінде жас директор Kazinform тілшісіне сұхбат берді.

Толқын Мүтиғоллина
Фото: Толқын Мүтиғоллинаның жеке мұрағатынан

- Толқын Жасталапқызы, «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» бағдарламасынан не түйдіңіз, алдымен сол жөнінде айтсаңыз?

- «Мектеп басшыларының кадрлық резерві: әлеуеті және даму стратегиялары» атты курс 5 кезеңнен тұрды. Бұл: базалық, ілгері, кәсіби деңгей, практика және әңгімелесу. Әр кезеңнен кейін үміткерлер іріктеліп отырды. Басында республика бойынша 8 мыңнан аса директор орынбасары болатын, соңында тек соның 208-і ғана өтті. Курс барысында қазіргі білім беру жүйесіндегі трендтер, эмоционалдық тұрақтылық негіздері, нормативтік-құқықтық құжаттар, антикоррупциялық саясат пен қаржылық сауаттылық тақырыптарын қарастырдық. Бұл біздерге, жастарға өте пайдалы болды. Білім көкжиегімізді кеңітіп қана қоймай, өзіміз қатарластармен тәжірибе, пікір алмастық.

- Осы бағдарлама бойынша жас кадрлар басшылыққа келіп жатыр. Бұл сіздерге жаңа мүмкіндіктер береді. Соның бірі – өзіңіз. Ендеше, қандай жұмыстарды қолға алмақшысыз?

- Өз жұмысымда Қазақстан Республикасының тәрбие тұжырымдамасын негізге ала отырып, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде жеке тұлғаның кәсіби дамуы мен қалыптасуына қажетті жағдайларды жасау керек деп ойлаймын. Сондай-ақ баланың тәрбие, білім алу және жан-жақты даму құқықтарын жүзеге асыру, туған тілін, мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлерін сақтауына ықпал ету аса маңызды. Олардың пән сабақтарын терең меңгеріп, өздеріне қажетті түрлі ақпарат көздеріне қол жеткізуін қамтамасыз ете отырып, денсаулығын сақтау білім берудің басты міндеті деп есептеймін.

- Қазіргі таңда ұстаздар үшін ең алдымен қандай қасиеттер керек деп ойлайсыз?

- Меніңше, заманауи мұғалім – білім алушылардың жеке пәндерге мотивациясын арттыруға, оқушылардың қабілеттерін дамыта білуге жағдай жасай алатын адам. Заманауи мұғалім – өз кәсібін де, алдындағы шәкірттерін де шын сүйетін, оқушыларды оқытып қана қоймай, өзі де солардан үйрене алатын адам. Заманауи мұғалім – шеберлігі өзін-өзі дамыта білуімен, яғни кәсіби қызметін адал атқару үшін қажетті қасиеттерді өз бойына мақсатты түрде қалыптастыра білуімен ерекшеленген кәсіби маман. Қысқасы, заманауи мұғалім үнемі жаңашылдықпен жұмыс жасаса, табыстың ауылы да алыстамайды.

- Мектеп - мұғалім - ата-ана байланысын жетілдіру үшін не қажет?

- Мектеп, ата-ана, оқушы арасындағы қарым-қатынас білім беру үдерісіне және оқушының жан-жақты дами білуіне ерекше әсер етеді. Ал табысты мұғалім ең үздік шәкіртті тәрбиелей алады. Мектеп ата-аналармен үнемі ашық қарым-қатынаста болуы керек. Бағдарламалар, оқушының табыстары мен бағалары туралы уақтылы ақпарат беріп отыруы қажет, ал ашық есік күндері мен ата-аналар кеңестері балаға сенімділік ұялатады.

- Соңғы жылдары мұғалімдердің жалақысы едәуір өскені белгілі. Кейде «мұғалімдер сабақты бар ынтасымен берудің орнына зат сатумен айналысады» деген сын айтылады. Бұған қалай қарайсыз?

- Табысты мұғалім өз кәсібін шын сүюі тиіс деп санаймын. Өзінің білімімен балаларды қызықтыра алып, өзін-өзі жетілдіріп отыруы және үнемі жаңаны үйрене білуі тиіс. Заманауи мұғалім табысқа ұмтылумен бірге өзінің барлық іс-қимылымен өзгелерге үлгі көрсете білуі керек. Елдің болашағы ұстаздың қолында. Өйткені, ұстаз елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақ тәрбиелейді. Міне, осы қарапайым қағиданы ұмытпасақ екен деймін.

- Мектепте буллингке жол бермеу үшін не істеу керек, сіздің пікіріңіз қандай?

- Буллингтің алдын алу – кешенді үдеріс, бұл – әкімшілік, мұғалімдер қауымы, ата-аналар мен оқушылардың бірлескен жұмысы. Толеранттылық пен эмпатияны дамыту мақсатында ұжымда достық атмосфераны қалыптастыру үшін түрлі шаралар өткізілуі қажет.

Мұғалімдер, ата-аналар және оқушылар үшін тренингтер жиі өткізілуі тиіс. Алдын алу іс-шараларының жоспары кәмелетке толмағандардың барлық тобы үшін жасалуы тиіс. Ең бастысы, оқушылар өздерін қауіпсіз сезінетін толерантты орта қалыптастыра алуымыз керек.

- Соңғы сауал, ұстаз болуды бала шағыңыздан армандадыңыз ба?

- Көпшілігіміз бала күнімізден бар арман, ізгі үмітімізді болашақ мамандығымызбен ұштастырып жатамыз. Менің алдағы жарқын күндерге деген аппақ арманым да ұстаздық қызметке кеп саятын. Бұл арманымды тек біліммен ғана бөлісіп қоймай, алдымда отырған оқушылардың үлкен тұлға боп қалыптасуына ықпал ету, күнделікті оқу үдерісін өмірлік мәнге толтыру деп елестететінмін. Бұл арманым тек дәйек-деректер, қалыптасқан қағиданы үйретумен шектеліп қалмай, оқушының бойында тұнып жатқан зор әлеуетін толық аша алатын ықпалдастықты орта қалыптастырсам деген зор ынтамнан бастау алды. Ұстаз болсам деген арманым тек құрғақ білімді меңгертіп қоймай, әр оқушының өмірінде өшпес із қалдыратын білім берудің өзіндік тәжірибесін қалыптастыру еді. Менің бұл тәжірибем болашақ көшбасшыларды, қоғамның дамуына өз үлестерін қоса алатын ойшылдар мен қайраткерлерді қалыптастыруды көздейді.

Мен үшін ұстаз болу жай ғана мамандық емес, ұстаз болу – үлкен өнер. Меніңше, ұстаз болу – болашақтың қалыптасуына ықпал етудің тамаша бір мүмкіндігі.

Соңғы жаңалықтар