Мұғалім пәнін жетік меңгеріп қана қоймай, жаңа технологияларды да қолдана білуі керек

АСТАНА. KAZINFORM - Мұғалім пәнін жетік меңгеріп қана қоймай, жаңа технологияларды да қолдана білуі керек. Бұл туралы елордада өтіп жатқан ұстаздардың республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 

мұғалім мен оқушы
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

- Алда әлі де ауқымды жұмыс бар. Босаңсуға болмайды. Үкімет пен әкімдер бұл жұмысқа баса мән беруі керек. Мысалы, білім беру мекемелерін тиісті интерактивті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету керек. Оқытуға арналған цифрлық платформалар мен электронды оқулықтар барлық оқушыға қолжетімді болуға тиіс. Бұл ретте оқыту материалдары түгел мұқият сарапталуы керек. Келесі маңызды міндет. Балаларға жастайынан жасанды интеллект технологиясын оқытқан жөн. Бұл – болашақта жастарымыздың бәсекеге қабілетті озық маман болуына қажетті бірден-бір дағды, - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің атап өтуінше, бұл педагогтерге де қатысты. Мұғалім өз пәнін жетік меңгеріп қана қоймай, педагогикалық тәжірибеде жаңа технологияларды да қолдана білуі керек.

- Жалпы, білім беру саласын мүлдем жаңа сапалы деңгейге шығару үшін цифрландыру мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдаланған жөн. Сіздер тұтас елімізді технологиялық тұрғыдан жаңғырту ісінде алдыңғы шептен табылып, біздің қоғамды нағыз прогрессивті әрі дамыған ұлтқа айналдыруға ерен үлес қосасыздар деп сенемін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пайымынша, мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр.  

Дегенмен ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс. 

Соңғы жаңалықтар