Мұғалімдердің күнделікті жұмысын ЖИ арқылы автоматтандыруға болады — Президент

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдер көп уақытын жұмсайтын күнделікті күйбең шаруаны жасанды интеллект арқылы автоматтандырудың маңызына назар аударды. 

Мұғалімдердің күнделікті жұмысын ЖИ арқылы автоматтандыруға болады — Президент
Фото: Ақорда

— Алгоритмдер шәкірттерге жеке тапсырмалар мен дайындық тесттерін әзірлеп, жауаптарды тексеріп, олармен жылдам кері байланыс орната алады. Мұндай технологиялық шешім мұғалімдердің жұмысын едәуір жеңілдетіп, ұстаздық қызметімен айналысуына мүмкіндік береді. Бірақ бір нәрсе әрдайым есте болуға тиіс: мұғалімнің жанашырлығын және ақыл-парасатын ешбір технология алмастыра алмайды, — деді Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында.

Сондықтан мұғалім мен оқушы арасындағы адами қарым-қатынас білім беру үдерісінің өзегі болып қалуға тиіс.

— Біздің мақсатымыз — педагогтерді басы артық жұмыстан босату, өз миссиясын алаңсыз атқаруына жағдай жасау. Үкімет жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізген кезде осы қағиданы ескеруі керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, елордада Мемлекет басшысының төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллект саласына маманданған жаңа зерттеу университетін құруды тапсырған еді.

Сонымен бірге, Президент оқушылардың цифрлық профильдерін жасауды тапсырды

Соңғы жаңалықтар