13:43, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
Мүгедек боп туылған 10 жасар Ерболат мектепте білім алуды армандайды
АҚТАУ. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Маңғыстау облысындағы Маңғыстау ауданының Онды ауылы әкімшілігіне қарасты «Өтеш өлген» деген жердегі бір кәсіпкердің қожалығындағы жалғыз баспанада күнелтіп отырған Таңатар Нұрқаниевтің отбасында 10 жасар Ерболат есімді бірінші топтағы мүгедек бала өсіп келеді.
Тумысынан екі аяғынан жүруден қалған ол әлі мектеп табалдырығын аттамаған. Ата-анасы баланың денсаулығы мен болашағын ойлап, жергілікті басшылықтан қолдау күтіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Мүгедек болғанмен баламның ақыл есі бүтін, әрі зерек. Мұғалімнің алдын көрмесе де, күндіз үй тіршілігінен қолым босамайтындықтан, түнде сығырайған шамның жарығымен отырып әріптерді үйреттім. Ерболаттың «Өзіміздің электр жарығы жарқыраған басыбайлы үйіміз болса, басқа балалардай менде мектепке барып білім алсам, телевизор көргім келеді, компьютер ойнасам....» деген сияқты армандары мен «Дәрігер болсам ауру әкемді және өзім сияқты науқастарды емдер едім» деген тәтті қиялы да жоқ емес,-дейді анасы Орынгүл. Отбасында 1995 жылы алғашқы перзенттері Саламат туылады. 1998 жылы екінші ұлы Ерболат мешел болып дүниеге келеді. Дәрігерлер Ерболатқа туылғаннан сал ауруы деген диагноз қойған. Анасының айтуынша, жолдасы мүгедек, өзі жұмыссыз. Сондықтан баласына көмекті тек үкіметтен күтеді. Өткен жылы ауыл әкімі Есей Манашовпен бірге облыстық балалардың құқығын қорғау департаментінің басшысы және тағы басқалар келіп, жағдайды шешуге көмектесеміз деп кеткен. Бірақ олардан әлі күнге дейін еш хабар-ошар болмай тұрған көрінеді. Ал баланың денсаулығына байланысты ешкім хабарласпаған. Тек 2002 жылы ғана қайырымды жандардың көмегімен квота алып анасы Ерболатты жол ақысын өзі тауып Алматы қаласындағы «Ақсай балаларды емдеу клиникасына» апарып емдетеді. Ерболаттың жағдайы туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері хабардар. Басқарманың бас педиаторы Ләззат Есенғалиеваның айтуынша, баланың өмірін жақсарту мақсатында алысқа бармай-ақ Ақтаудағы «Шағала емдеу-сауықтыру» орталығында немесе ата-анасының жол қаржысын көтере алса Алматыдағы «Балбұлақ», «Ақсай» емдеу орталықтарына кез-келген уақытта жібере алатындарын айтады. Ерболатты ертерек емдемегендіктен енді жүріп кетуі неғайбыл. Дегенмен басқа мүшелері сап-сау, сабақ оқуға қабілеті жаман емес. Баланың ендігі келешегі мен тағдыры жергілікті басшыларға қатысты болмақ.