Мүгедек жандардың жағдайын елемегендерге салынатын айыппұл мөлшері қандай болмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарын мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімдеу бойынша тиісті жоспарды жүзеге асыра алмаған қалалардың қатарына енді. 
None
None

Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, былтыр Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаменттері мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, мәдениет, көліктік қызмет көрсету және тағы басқа салалардағы әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының мүгедектерге қолжетімділігі бағытында ҚР «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау» Заңының талаптарын сақтауға қатысты ішінара 83 және 287 жоспардан тыс тексеріс өткізген.

«Тексеріс шаралары нәтижесінде, 335 субъектіге анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұйғарым жасалып, жалпы сомасы 26,1 млн теңгеге 157 әкімшілік айыппұл салынды»,-деді С. Жақыпова.

Нақтырақ айтқанда, темір жол вокзалдары мен стансаларда, айлақтар мен әуежайларда арнайы жол белгілерін орната отырып, мүгедек жандарға автокөлік құралдарын қоятын орындар қарастыру; көзі нашар көретін, құлағы естімейтін азаматтарға қолжетімді болатындай ақпараттық әрі белгі беру құрылғыларымен және байланыс құралдарымен жабдықтау; тірек-қозғалыс жүйесі бұзылған жандарға қызмет көрсетуге керек кезекші қоларбаның болуы; қоларбада отыратын мүгедектерге мамандандандырылған таксофондар орнату сынды талаптар бекітілді.

Осы орайда вице-министр қызмет иелерінің немесе кәсіпкерлікпен айналысатын заңды және жеке тұлғалардың мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына кедергісіз өтуін қамтамасыз етпеуі айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соқтыратынын атап өтті.

«Қызмет иелеріне салынатын айыппұл мөлшері 50 айлық есептік көрсеткішті құраса, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - 120 АЕК, орта кәсіпкерлікке - 200 АЕК, ірі кәсіпкерлік санатына 400 АЕК болып есептелген», - деді Светлана Жақыпова.  

Соңғы жаңалықтар