Мүгедектер мемлекеттік сатып алуларға қатыса алады - Талдықорған
ТАЛДЫҚОРҒАН. 21 наурыз. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - «Даму» қоры Талдықорған қаласының мүгедектеріне арнап «Мемлекеттік сатып алулар туралы» ҚР Заңын түсіндіру семинарын өткізді.
«Даму» қорының Алматы облысы бойынша аймақтық директоры Ринат Талтүсовтың хабарлауынша, семинарға кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін және бизнесте жұмыс істеп жатқан мүмкіндіктері шектеулі 17 адам қатысты.
Семинарда мемлекеттік сатып алулар сайтында тіркелу мәселелері, сандық қолтаңба алудың реті, тауарлар мен қызмет сатып алушылар өткізетін электрондық аукциондарға қатысу ережелері, электрондық сауда алаңдарында қабылданған тәртіптер түсіндірілді.
«Мүмкіндіктері шектеулі азаматтар - басқа азаматтар сияқты, нарықтың толыққанды қатысушылары, тауарлар мен қызметтердің сапа көрсеткіштеріне, басқа да талаптарға мүгедектіктің еш қатысы жоқ», деп түсіндірді Р.Талтүсов.
Семинар Орталық Азия университеті өкілдерінің қатысуымен және «Ерлік» мүгедектер қоғамының қолдауымен өткізілді. Алматы облысында бұған дейін де басқа да тақырыптар бойынша 110 мүгедекке арнап осындай семинарлар өткізілген болатын.