Мүгедектерге жағдай жасалмаған нысандарды пайдалануға қабылдамау керек - Үкімет басшысы

АСТАНА. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Мүгедектерге жағдай жасалмаған нысандарды пайдалануға қабылдамау керек.
None
None

Бүгін 2012-2018 жылдарға арналған мүгедектердің өмір сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарының бірінші кезеңінің жүзеге асырылуы қарастырылған Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов осылай мәлім етті.

Үкімет басшысы өз сөзінде мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрғын үйлерге, білім беру, денсаулық сақтау, мәдени және спорттық нысандарға кіріп-шығу мүмкіндігін қамтамасыз етуге баса назар аудартты.

«Мұндайда ешқандай формализм мен мейірімсіздік болмауы тиіс. Әрине, бұл бағытта 2006-2008 жылдарға арналған мүгедектерді оңалту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында жоспар қабылданғанға дейін жұмыстар жүргізілді. Дегенмен, қоғамның, оның ішінде мүгедектердің көңілінен шығатын нәтижелер болған жоқ», - деді С.Ахметов.

Сондай-ақ ол еліміздің өңірлерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қажетті жеріне апарып, алып келу бағытындағы жұмыстардың дұрыс жүргізілмей отырғандығын баса айтты. «102 инватакси жұмыс істейді. Мен әкімдердің назарын аудартқым келеді. Орташа алғанда өңірлерде 7-8 инватакси бар. Енді, құрметті біздің әкімдер бұл көп пен әлде аз ба, санаңыздар», - деді Үкімет басшысы.

С.Ахметов көптеген нысандарда мүгедектерге арналған пандустар салынғанымен олардың сын көтермейтіндігіне ерекше тоқталып өтті. «Өздеріңіз қараңыздаршы, бірқатар пандуста тіпті дені сау адамның өзі көтерілуге не болмаса төмен түсуге жүрегі дауаламайды. Мұндай жағдайда нысан пайдалануға қабылданбауы керек», - деді Премьер-Министр.

Соңғы жаңалықтар